Тылсым дүние

Әйгілі Қойлыбайдың құдіреті дарыған Қайса бақсы

Әйгілі Қойлыбайдың құдіреті дарыған Қайса бақсы

Осыдан біраз уақыт бұрын семейлік зейнеткер Тоқтархан Отарбаев хат жолдап, ішіне мынадай бір қызықты деректі салып жіберіпті. Мақала Қайса Нұрғазыұлы туралы.

Дерек көздеріне қарағанда, Қайсаға нағыз бақсылық қасиет 1957 жылдары, төртінші мүшел (49) жасында қоныпты.
Айта кетерлік бір жәйт, Қайсекеңе бақсылық қасиет қазаққа әулиелігімен белгілі Қойлыбай бақсының атымен аталатын қонысқа көшіп барған соң қонған сияқты. Мәселен, елірме сияқты ақыл-есінен ауысқандар мен жүйке, шемен, күйдіргі сияқты сирек кездесетін ауруларға шалдыққандар, сондай-ақ, қол-аяғының жаны кетіп, бет-аузы қисайғандар, мал-мүлкінен айырылып, жоқ іздеушілер де бақсы алдына келіп, жандарына шипа тауып қайтатын болған.
Орайы келгенде Қайсекеңнің бақсылық құдіретін танытатын бір-екі мысал келтірейік. Сол ауылдың тұрғыны, марқұм боп кеткен Мүбәрәк ақсақал көзімен көрген мына бір әңгімені айтқан екен.

Бір күні Қайса бақсы мен Мүбәрәк киіз үйде әңгімелесіп отырғанда бір әйел мешел болып, жүре алмай қалған, шамамен 10 жастағы баласын алып келеді. Оны көрген сәтте түрі бұзылып кеткен бақсы қасындағы Мүбәрәкты: «Мал жақты аралап қайтсаңшы» – деп, жұмсап жіберіп, өздері оңаша қалады. Мүбәрәк «Бақсы не істер екен?» – деген оймен ауыл шетіне шығып, атын қораға байлайды да, ешкімге көрінбей киіз үйдің жабығынан сығалап, бақылайды. Оны бақсының ана балаға қандай ем-дом жасайтыны қызықтырса керек.

Бақсы болса мешел баланы жылжытып әкеліп, үйдің қақ ортасына отырғызады. Сонан соң әйелге өзінің сары ала қамшысын беріп, түсін суыта қаһарланып: «Баланы ұр!» – деп әмір етеді. Ана байғұс туған ұлына жаны ашып, жөнді ұра алмайды. Сол сәтте бет-әлпеті адам шошырлық болып кеткен Қайсекең әзірейілше ақырып:

– Әй, осылай ұра ма екен?! Әкел қамшыны, ұрудың көкесін мен көрсетейін! – деп, қамшыны жұлып алып, тап бергенде онсыз да еріндері кезеріп, жаны түршіккеннен жыларман болып отырған бала зәре-құты қалмай бақырып, есікке қарай тұра қашады. Жерқорқақ болып қалған баланың осыдан соң-ақ жазылып, аяғынан тұрып кеткенін көріп тұрған Мүкең бұған бір жағынан таңданып, бір жағынан бақсыға риза болып, атына қарай аяңдаған екен.

Мүкең тағы бір оқиғаның куәсі болыпты. Бірде төрт жігіт жабылып, бір еңгезердей еркекті байлап-матап, бақсының ауылына алып келеді. Есі ауысқан, елірме ауру адам аналарға бой бермейді. Сол сәтте Қайсекең төрде ілулі тұрған сары ала қамшысымен оның жон арқасынан осып-осып жібереді де: «Шешіп, қоя беріңдер!» – дейді. Дәл осы кезде ауру жігіт мыштай болып, бақсының аяғына жығыла «ағатайлап» кемсеңдепті. Жігіт содан кейін-ақ құлан таза жазылып кеткен көрінеді.

Қайса бақсының мұнан өзге де дәруі қонған емі сол төңірекке әбден белгілі болған. Ол дәрігерлер еш шара қолдана алмаған талай ауыр науқастарды емдеп, сау адамдардың қатарына қосқан екен.
Бізге кезінде небір дерттіні аяғынан тік тұрғызған Қайса сынды адамдар, нақтырақ айтсақ, шынайы бақсы-балгерлер қатары бүгінде неге сиреп барады екен деген ой келеді.

Мәуітқазы Зүкенов

Осы айдарда

Back to top button