Тарих

Әйгерімнің ер-тұрманы

Жидебайдағы Абай мұражайында  қазақ тарихы және этнографиясы үшін маңызы айрықша көптеген құнды жәдігерлер сақтаулы. Бұлардың  дені Абай отбасының көзі тірісінде тұтынған дүниелері. Осындай құнды жәдігердің бірі – Абайдың жұбайы Әйгерімнің ер-тұрманы. 

Әйгерімнің ер-тұрманы – былғарымен қапталған, күміспен күптелген, көз тастар орнатылған көздің жауын алатын дүние. Күмістің бетіне қара ала  жүргізілген (қара ала түсті ою түсіруге арналған металдар қоспасы), әрі түрлі оюлармен бедерленген, күміс бөлшектер мық шегелермен бекітілген. Өмілдіріктің күмісі күмбезді, құйысқанның күмісі күпекшелі, бір сөзбен айтқанда, Әйгерімнің ер-тұрманы – ершілік пен зергерлік шеберліктің бір жерде тоғысқан өнер туындысы.

Әдетте әйел адамға арналған ат-әбзелдері ұзатылар кезде арнайы жасатылып, қыз жасауымен бірге беріледі. Келін ұзатылған жеріне (қайын жұртына) осы ер-тұрман ерттелген жорғаға мініп барады. Сондай-ақ бұндай ер-тұрмандар өз кезегінде анасынан ұзатылған қызына беріліп, әйелдер жағынан қолдан-қолға өтетін «эстафеталық» жайттар да кездеседі.

Әйгерімнің ер-тұрманы археология ғылымы үшін өте құнды дүние болып табылады. Әсіресе, жүгенінің  мәліметтік маңыздылығы зор. Ол археология ғылымындағы жүген бөлшегі — сулық туралы «мың жыл бұрын қолданыстан шықты» делінетін тұжырымды жоққа шығарады.

Жүген бөлшектерінің арасында күрделісі ауыздық тұсы болып табылады. Ауыздық тұсының өзінде бірнеше атау біріккен. Олар: шаужай, сулық, айшық, шығыршық, үзбе және т.б.

Сулық көне атау, бүгінде бұл бөлшек шығыршық деген атпен кең таралған. Кейбір ауыздықтардың жүгенмен тұтас сыпырылмай, бір жағынан шығыршықтан алынбалы-салынбалы түрі бар. Бұл бөлшекті үзбе деп атайды.

Негізі сулықтың пішіндері әртүрлі келеді. Әйгерімнің жүгенінің сулығы күмістелген темірден соғылған. Күмістің бетіне жіңішке бедерлер жүргізілген. Сулықтың екі басы қарама-қарсы жаққа қараған. Бұл қайқы бастар ирек түрінде келген және жануарлардың бастарын елестетеді. Сонымен қатар қайқы бастардың ортасында көктей өткен, сәндік мақсаттағы көзтастар орнатылған (біреуінде ғана сақталған).

Әйгерімнің ер-тұрманының (сулық, айылбас, доғабас және т.б. бөлшектері) археология үшін маңыздылығы сол — ол өзінің бойында сақ, скиф дүниелерінің сарқыншақтарын сақтап қалған. Әсіресе, ауыздық тұсының сақ, скиф қорымдарынан табылған сулықтармен үндестігі бар.

Әйгерім жүгеніне және тағы басқа мұражай қорларында сақтаулы кейбір ер-тұрмандарға қарап келесідей ой түюге болады: бірінші, сулықтардың қолданыстан шыққан уақыты, яғни «б.з. бірмыңыншы жылдығының аяқ кезі» деген археологтар пікірінің жаңсақ екенін көрсетеді.  Екінші, бұл сулықтардың тұрмыстық өмірде қажеттілігі жөнінде. Сулықтың пайда болуы көне дәуірде асау атты үйретумен байланысты болғанымен, уақыт өте келе әйел затына арналған ат-әбзелдеріне көшті деп те ой қорытуға болады. Өйткені сулық нәзікжандар үшін аттың басын бұруда өте ыңғайлы (автокөліктегі «гур» жүйесі сияқты) жүген бөлшегі. Осы себепті ол ғасырлар бойы қолданыста болып, әйел адамға тиесілі ер-тұрман кешеніндегі арнайы бөлшек ретінде сақталып жетті.

Бұл  әңгімеден көңілге түйеріміз, еліміздің мұражай қорларында сақтаулы тұрған әрбір жәдігер қазақ тарихынан сыр шертер баға жетпес құнды дүниелер. Ендеше оларды көзіміздің қарашығындай сақтап, қадірлей білуіміз керек.

Орынбай Ошанов  

зерттеуші-археолог

Осы айдарда

Back to top button