Құқық қорғау органдарына жаңа талаптар қойылды
Президент Жолдауында «сервистік полиция» форматына ауысу туралы айтты. Бұл не деген сөз? Азаматтар – бұл клиенттер. Полицей қызмет көрсетуі керек. Өкінішке қарай, бізде мұндай жоқ. Бүкіл әлемдегі полиция «Қызмет етеміз және қорғаймыз» ұранымен әрекет етеді. Егер отандық полиция осындай қағидат бойынша жұмыс істесе, халықтың оған деген сенімі артар еді.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Жолдауының құқық қорғау жүйесін жаңғыртуға қатысты бөлігі бойынша БАҚ-қа түсініктеме берген С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің оқытушысы, заң ғылымдарының докторы, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Қуат Рахымбердин мәлім етті.
– Жолдауда құқық қорғау жүйесіндегі өзекті мәселелер туралы дер кезінде айтылды. 2018 жылы елімізде 100 мың тұрғынға шаққанда 471 полицей болды, яғни Қазақстан полицейлер саны бойынша әлемде 6-орынды иеленді. Сондықтан сол кезде ішкі істер органдарын жаңғырту, өзіне тән емес функциялардан босату, жұмыстың жаңа тәсіліне көшу қажет екені айтылды. Екі жылда белгілі бір қадамдар жасалып, қазір 100 мың тұрғынға шаққанда 393 полицей қалды. Бұл – полицейлер санының еуропалық деңгейі. Бірақ босаңсуға ерте, өйткені бізде полиция қызметкерлері, мысалы, Финляндияға қарағанда екі есе көп. Бұл ел бюджетіне үлкен ауыртпалық түсіреді.
Ең алдымен, полиция өзіне тән емес функциялардан босатылуы керек. Халықаралық стандарттарға сәйкес «сервистік полиция» қағидаттары бар, ол – танылымдылық пен қолжетімділік, ашықтық пен есептілік, ізгілік пен құрмет. Егер біздің полиция жұмысын осы қағидаттар негізінде құрса, оны реформалау табысты өтеді.
Менің ойымша, қазақстандық полицей тек заңгер болмауы керек. Полицияда халыққа қызмет көрсетуге дағдыланған педагогтар да, психологтар да, әлеуметтік қызметкерлер де қызмет етуі керек, – деді ішкі істер органдарының қызметі мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі Қ. Рахымбердин.
Заңгердің пікірінше, реформалар еліміздегі қылмыс пен қақтығыстар деңгейін едәуір төмендетеді.
Президент айтқан тағы бір маңызды жайт – Төтенше жағдайлар министрлігінің Ішкі істер министрлігі жүйесінен бөлінуі, сондай-ақ жаңа технологияларды қолдану қажеттілігі.
– Өскеменде 2018 жылдан «Қауіпсіз қала» жобасы жүзеге асуда, осы ретте 4 мыңнан астам бейнекамера орнатылған. Бұл қаладағы жағдайды тәуелсіз, объективті бақылауға мүмкіндік береді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, құқықбұзушылықтардың жартысынан астамы жаңа технологиялардың арқасында ашылуда, – деді Қ. Рахымбердин.
Оның айтуынша, полиция ашық болуы, заманауи байланыс құралдарын қолдануы керек, азаматтарға үйден шықпай-ақ смартфон арқылы қажетті ақпарат алуға мүмкіндік беретін сайттар, түрлі қосымшалар, бағдарламалар қолжетімді болуы қажет.
– Өкінішке қарай, азаптау мен қатыгез қарым-қатынас проблемасы полицияда, пенитенциарлық жүйеде әлі де бар. Заңсыз әрекеттерге байланысты жүздеген өтініштер түсуде. Президент бұл зұлымдықпен жаңаша күресу керектігін дұрыс айтты, – деді ол.
Тағы бір маңызды сәт – сот жүйесінің қызметі. Жүргізіліп жатқан сот реформаларына қарамастан, әлі де шешілмеген мәселелер көп. Ғалымның айтуынша, бірінші кезекте Мемлекет басшысы сот жүйесін мамандармен қамтуға көңіл бөлді.
– Судьялар нақты, тиімді рәсім бойынша сайлануы тиіс, – деп есептейді Қ. Рахымбердин. – Ең бастысы, халық судьяларды сайлау мен тағайындаудың барлық процесін білуі керек. Бұдан азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты жағдай тек қана жақсарады.
Ержан Әбіш