Цифрлық Қазақстан

ХҚО-лар қағазбастылықтан құтылуды көздеп отыр

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қағазбастылықтан арылу қажеттігін айрықша міндеттеген болатын. Жасыратыны жоқ, жаппай цифрландырудың арқасында елімізде мемлекеттік қызметтерді көрсетудің мерзімі қысқарып барады. Көптеген құжатты тіпті қалтафонның көмегімен-ақ рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған. Ендігі міндет – мемлекеттік қызметтерді толықтай қағазсыз көрсету. Бұл туралы бізге «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы облыстық филиалының директоры Азамат Есембулов айтып берді.

 – Мемлекеттік қызмет көрсету саласына еніп жатқан жаңа инновациялар туралы оқырмандарымызға айтып берсеңіз. Естуімізше, енді азаматтар жеке куәлікті өз беттерінше рәсімдейді екен. Ол қалай жүзеге асады?

– Қазір корпорация төрт бағыт – халыққа қызмет көрсету, әлеуметтік қамсыздандыру, жер кадастры, жылжымайтын мүлік және заңды тұлғаларды тіркеу салалары бойынша барлық мемлекеттік қызметтердің 95,9 пайызын көрсетеді.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚО) адамдардың 80 пайызы негізінен 10 мемлекеттік қызметті алуға келеді. Олардың ішінде электронды цифрлық қолтаңба алу, көлік тіркеу, жеке куәлік пен паспорт рәсімдеу – сұранысқа ие қызметтер. Былтыр еліміз бойынша 2,4 миллион жеке куәлік пен төлқұжат рәсімделген. Ішкі істер министрлігі көрсететін бұл қызмет автоматтандырылмаған, сондықтан қызмет алуда кезек болып тұрады.

ХҚО-ларда жеке куәлік пен паспорт алуға өтінімдерді көші-қон полициясының екі қызметкері ғана қабылдайды. Ары қарай клиент кассаға, сосын фотоға түсу үшін екінші қызметкерге баруы тиіс. Бүкіл процесс 20-30 минутты алатын. Жақында қанатқақты жоба аясында астананың ХҚО-ларында құжаттандыруға арналған 15 терминал орнатылмақ. Клиент барлық деректерді өзі толтырады. Терминал биометриялық сәйкестендіру жүргізіп, фотоға түсіреді, QR-код арқылы төлем қабылдайды. Бұл рәсімдеу процесін он минутқа қысқартпақ. Құжат дайын болғанда оны клиент ХҚО-дан алып кетеді. Келешекте мұндай терминалдар біздің облысқа да келуі тиіс.

Алға қойылып отырған басты мақсат – өзіне-өзі қызмет көрсетуге бағдарланған ХҚО-ларда мемлекеттік қызметтерді толық қағазсыз жүргізу.

Жалпы, корпорация 664 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Фронт-кеңселер желісі бойынша қағазсыз қызмет көрсету үшін процестерді автоматтандыруға, клиент үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған түрлі сервистер, қызмет көрсетудің жаңа форматтары, оның ішінде өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары енгізіледі. Қазір онлайн қолжетімді қызметтерді автоматтандырып, танымал ету жұмыстары жүруде. Осыған байланысты Халыққа қызмет көрсету орталықтарында қызметкерлерді қысқарту жүріп жатыр.

– Былтыр корпорация мобильді қосымшалар арқылы автокөлікті қайта тіркеу қызметтерін іске қосты. Тұрғындар арасында бұл қызмет қаншалық танымал?

– Осы жаңа сервистің арқасында көлікті тіркеу уақыты 15-25 минутқа қысқарды, қосымшалар арқылы онлайн қайта рәсімдеу 37 пайызды құрайды. Жалпы, біз бұл қызметті барынша танымал етпекпіз.

«Азаматтарға арналған үкімет» автоқызметтер арасында жемқорлық тәуекелдерін жоюда. Наурыз айында мамандандырылған ХҚО-да теориялық емтиханды тапсыру процесіне биометриялық жүйе енгізілді. Осыдан кейін автоХҚО-ларда жүргізуші куәлігін алғаш рет алатын кандидаттар саны азайды.

Сондай-ақ келушілерге ыңғайлы болу үшін біз Семей автодромындағы жабдықты жаңарттық, магнит датчиктердің орнына GPS жүйесі іске қосылды, бұл практикалық емтихан барысындағы ұсақ апаттарға, ауа райы қолайсыздығынан болған ақауларға жол бермейді.

– Жылжымайтын мүлікті тіркеу және әлеуметтік қамсыздандыру саласында қандай жаңалықтар бар?

– Жылжымайтын мүлік қызметтері бойынша бэк-офистерді цифрландыру жалғасуда, қағазбастылық пен адамның қатысуын толық жою жоспарланған. Блокчейн технологиясының көмегімен «Сандық ипотека» жобасы жүзеге асты. Ол ипотеканы рәсімдеу процесін қысқартты, қажет құжаттар санын азайтты, ХҚО-ға баруды болдырмады.

Заңды тұлғаларды тіркеу, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің филиалдары мен өкілдіктерін тіркеу, заңды тұлғаның басшысын ауыстыру туралы хабарлау тәртібі толық автоматтандырылды.

Корпорация әлеуметтік төлемдердің 44 түрін жүзеге асырады. Өткен жылы экстерриториялық принцип енгізілді, яғни жәрдемақы 20 әлеуметтік мемлекеттік қызметтің 17-сі бойынша тіркелген жеріне қарамастан берілуі мүмкін.

Бала тууға байланысты жәрдемақыны Kaspi және Homebank банктік қосымшалары арқылы алу мүмкіндігі енгізілді.

Сондай-ақ «Мемлекет – азамат» қағидаты бойынша 13 қызмет проактивті режимде тағайындалуда. Жеңілдіктерге жүгіну үшін адамдарға ХҚО-ға барып, анықтама алудың қажеті жоқ, СМС арқылы келісімін беру жеткілікті.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button