Жолдау жол нұсқайды

Халықтың мүддесін көздейді

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында мемлекетіміздің ең басты байлығы адам және оның құқықтары екенін жеткізуге тырысты.

Президент айтқандай, мемлекеттің түпкі мақсаты – азаматтардың тұрмысын оңалту, қоғамдағы әділдікті орнату. Жолдауда тұрғындардың жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар міндеттер айқындалды. Шынын айту керек, халықтың дені сапалы медициналық қызметке қол жеткізе алмай келеді. Кей ауылдарда фельдшерлік бекеттер де жоқ. Сол себепті Президент алдағы екі жылда 650 ауылға ФАП салып, оларды толық жарақтандыруды жүктеді.

Білім берудің де сапасы сын көтермейді. Заманауи мектептер салу ісіне жемқорлардан тәркіленген қаржы жұмсалатын болып отыр. Қазынадан, яғни халықтан ұрланған ақшаның осылайша қайтарылуын әлеуметтік әділдікті орнатудың алғашқы қадамдары деп қабылдаймыз.

Ұлттық қордың жарты табысын балалардың жеке шоттарына аударып, олар кәмелетке толғанда үй немесе білім алу үшін беру – ел көптен күткен жаңалық.

Жолдауда Мемлекет басшысы ұсынған игі бастамалар көп, оларды іске асыру үшін барша ел азаматтары атсалысып, қолдау білдіруі тиіс. Біз әділетті Қазақстанды құруды енді ғана бастадық. Осы қиын әрі жауапты жолды абыроймен еңсеріп, тұрғындары бақуатты, гүлденген мемлекет құру сынды биік мақсатымызға бірлесе қол жеткізуіміз қажет.

Гүлмира Байркенова,

Аманжолов университеті комплаенс-қызметінің басшысы

 

 

Осы айдарда

Back to top button