Халықтың әлеуметтік жағдайы – басты назарда
Өскемен қалалық әкімдігінде мемлекеттік қызметшілер ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауын тыңдап, талқылады.
Жолдауда Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғам үшін маңызды бірқатар жаңа бағдарламаларды ұсынды. Атап айтсақ, ең төменгі жалақы 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін өседі, білім алушыларға оқу ақысын төлеуге екі-үш пайыздық несие, кәсіпкер жастарға 2,5 пайызбен шағын несие беріліп, алдағы жылы 100 мың жас жаңа жұмыспен қамтылатындығын мәлім етті.
Қоғамда көп уақыттан бері талқыланып, оң шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі – әйелдердің зейнеткерлік жасы. Осы әлеуметтік мәселені ескере отырып, әйелдер үшін зейнеткерлік жас деңгейі 2028 жылға дейін 61 жыл деңгейінде бекітілетін болды. Бұған қоса бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының тиімді инвестициялық стратегиясы әзірленбек. Ал бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы бұрын бір басқа дейін болса, енді 1,5 жасқа дейін ұзартылмақ.
Әрбір отбасы мемлекетіміздің ұлттық байлығының пайдасын көруге құқылы. Сондықтан Президент биылғы Балалар жылы аясында «Ұлттық қор-балаларға» деген жаңа бағдарламаны бастауды тапсырды. Осы жоба бойынша Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының жартысы кәмелет жасына толмаған балалардың арнайы әлеуметтік жинақтаушы есепшотына аударылады. Бұл қаражатты мерзімінен бұрын шешіп алуға болмайды. Оны кәмелет жасына толған соң жоғары білім немесе баспана алуына пайдаланады.
– Бұл қаражат өскелең ұрпаққа ересек өмірге нық қадам басуға мүмкіндік береді. Қор шын мәнінде ұлттық мәртебеге ие болып, халықтың мүддесіне қызмет ететін болады. Ауқымды бастаманы тыңғылықты пысықтау қажеттігін ескере отырып, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосуды тапсырамын,- деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жолдау барысында Мемлекет басшысы елімізге алыс-жақын шетелдерден әкелінген автокөліктерді жаппай тіркеп, барлығынан бір реттік төлем алуды ұсынды. Заңдастыру құны 200-250 мың теңгеден аспауы тиіс.
Жыл басынан бері қоғамда қызу талқыланып, елдігіміз сынға түскен оқиға – қаңтар қасіреті. Бұл орайда Президент ауыр қылмыс жасағандардан басқа, қаңтардағы тәртіпсіздіктерге қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасалатындығын айтты. Жолдаудағы тың жаңалықтың бірі – кезектен тыс президенттік сайлау. «Осы күзде кезектен тыс президенттік сайлау өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және кешенді реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекеттің мүддесі бәрінен жоғары. Сондықтан мен өз өкілеттілігімнің мерзімін қысқартуға және кезектен тыс президенттік сайлауға түсуге дайынмын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
– Жолдауда әділетті Қазақстанды құру бағытында бірқатар маңызды бастамалар көтерілді. Еліміздегі экономикалық реформалар барысында мүмкіндіктер теңдігін қамтамасыз етуге күш салынбақ. Еліміздің табиғат байлығының инвестициялық кірісі есебінен балаларға арнайы есепшот ашылуы да қуантарлық бастама. Алда болатын саяси реформалар, Парламент пен мәслихат сайлауы, салық заңнамасының жаңаруы халықтың көңілінен шығатын оң өзгерістерге бастайтыны сөзсіз,-деді пікірін білдірген Өскемен қалалық мәслихатының хатшысы Александр Светаш.
Жолдау барысында Президент мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, жаңа салық кодексі, білім мен денсаулық, жол жөндеу, жастарды қолдау шараларына айрықша тоқталып, Үкіметке нақты ұсыныс-тапсырмалар жүктеді.
Айжанат Бақытқызы