Whoock – отандық стартап
Ынтымақ ТОЛҚЫН
Қазақстандық жас IT мамандар жасанды интеллект арқылы сайт жасайтын жаңа бағдарлама жасап шығарды. Аталмыш стартапты әзірлеген оқушылар Microsoft for Startups компаниясынан 550 долларлық грант ұтып алды.
Заманауи техниканың тілін меңгерген жастар елімізде де артып келеді. Роботты техникадан бастап жасанды интеллектке дейінгі ғылым жолын қуған жастар еңбектерінің жеңісін де көрсетіп үлгерді.
Республикалық физика-математика мектебінің оқушылары Әрсен Қылышбек пен Владимир Борзенков жасанды интеллект негізінде стартап жоба әзірлеген. Жастардың айтуынша, whoock – клиент үшін мәтіндік хабарламаға негізделген қызмет жүйесін дамыта алатын веб-сайт генераторы, әрі редакторы. Аталмыш бағдарлама заманауи дизайндағы толыққанды веб-сайт жасауға қауқарлы. Яғни, сайтты жасап, тапсырыс берушінің қалауы бойынша әрлеу жұмыстарын жүргізу толықтай жасанды интеллектінің мойнында.
Whoock жас бизнесмендер үшін, әсіресе ісін енді бастағандар үшін өте тиімді болмақ. Стартаптың негізгі мақсаты да – сол. Компания туралы немесе бастаған жұмысыңыз туралы толық ақпарат беретін веб-сайт ашқыңыз келсе, білікті маманға жүгінуге тура келеді. Ал жастардың ойлап тапқан бағдарламасы арқылы жасанды интеллектің көмегімен өз ойыңыздағы сайтты еркін жасай аласыз. Whoock шамамен бір жарым минут ішінде сізге толыққанды сайт жасап бере алады.
Аталмыш стартапты ұсынған жастар әлемдік Microsoft компаниясынан грант ұтып алған. Олар бұл қаражатты жобаны одан ары дамытып, бағдарламаның мүмкіндіктерін арттыруға жұмсамақ.