Ветеринарлық дәрігерлерге неге зәруміз?
Өңірімізде бруцеллез ауруы бәсеңдемей тұр. Әсіресе, Көкпекті ауданында осы ауру түріне шалдыққан ұсақ малдардың саны азаяр емес. Облыс Әкімінің орынбасары Владимир Кошелевтің төрағалығымен өткен мал шаруашылығындағы ветеринарлық қызмет саласының бүгінгі ахуалы жөніндегі кеңесте аймақта малдардың құтырық ауруына шалдығу оқиғалары да көп тіркеліп отырғаны айтылды.
Аймақ бойынша бруцеллез ауруының таралуы орта есеппен 0,3 пайызды құрап отырса, Көкпекті ауданы бойынша ол 2,4 пайызға жеткен. Кеңесте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Дүйсембай Селиханов аталған аудан басшылары, мал дәрігерлері бруцеллез ауруын азайтып, өңірдегі эпизоотиялық жағдайды жақсартуға уәде бергенімен, бүгінгі жағдай оның орындалмағандығын, ешқандай нәтиже шығарылмағандығын көрсетіп отырғандығын жеткізді.
Ұсақ мал арасында бруцеллез ауруының таралуы, сондай-ақ Үржар (0,9 пайыз), Күршім (0,5 пайыз) аудандарында да жоғары болып отыр. Ал Тарбағатай, Көкпекті, Жарма аудандарында осы ауруды жұқтырған ірі қараның саны көбейген. Бәсеңдемей тұрған бруцеллезбен қоса өткен жылы Үржар, Күршім аудандарында аусыл ауруы шығып, ауыл тұрғындарының, шаруа қожалықтарының бірнеше мыңдаған ірі қарасы мен ұсақ малы құрбан болғаны белгілі.
Жыл басынан бері облыста 37 аса қауіпті ауру ошағы тіркелген болса, соның 28-і құтырық ауруы болған. Семей қаласында осындай жеті жағдай тіркелген. Аягөз, Абай, Тарбағатай, Үржар аудандарында да құтырық ауруын жұқтырған малдар көп кездескен. Мал шаруашылығында белең алып отырған осындай жағдайларға байланысты облыстың ветеринария қызметінің басшылары аймақта ветеринарлық қадағалау жұмыстарын күшейтіп, мал басын түрлі аурулардан сақтаудың алдын алу шараларын нығайту қажеттігін баса айтты.
Малды түрлі жұқпалы аурулардан сақтап, ауру ошағын тудырмас үшін ең алдымен ауыл тұрғындарының малына егу жұмыстарын жүргізіп, оларға дәрігерлік қызмет көрсететін ветеринарлық маман қажет. Бірақ қазіргі күні аудандардағы ауылдық округтерде ветеринарлық дәрігерлерге зәрулік азаймай тұр. Астында көлігі жоқ ветеринарлық дәрігерлердің ауыл-ауылды жаяу аралап жүргендерін, олардың көпшілігінің арнайы қызмет көрсету орын-жайларымен қамтамасыз етілмегендерін айтқан ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы аудан әкімдіктері ауылдарға мал дәрігері мамандарын тартуға, оларға баспана, басқадай да материалдық көмектер көрсетуге құлықсыз болып, немқұрайлылық танытып отырғандығын атап айтты.
Қазіргі күні облысқа 253 ветеринарлық дәрігер қажет болып отыр. Семейге – 38, Абай ауданына – 96, Бесқарағайға – 15, Ұланға – 46, Көкпектіге – 10, Зайсан мен Күршімге – 15 – 8, Тарбағатайға 9 ветеринарлық дәрігер қажет. Мамандардың жоқтығы ветеринарлық алдын алу шараларын сапалы жүргізуге қиындық тудырып келеді.
Кеңесте ауылға мал дәрігерлері мамандарын тартып, жүйесіз жүргізіліп келе жатқан мал дәрігерлік қызметті ширатудың орнына Аягөз, Бесқарағай, Зайсан, Күршім, Тарбағатай аудандарында ветеринария секторының меңгерушісі штаты қысқартылғандығы айтылды. Ауылдық округ әкімдіктерінің басым бөлігінде әлі күнге дейін интернет байланысы жоқ. Бұл малдарды компьютерлік есепке алуға, мал ауруын таратпау шараларын дер кезінде қолға алуға айтарлықтай кедергілер тудыруда.
Республикалық бюджеттен ветеринариялық қызмет көрсету саласына бөлінетін қаржы жыл сайын артып келе жатқанымен, мал ауруларының алдын алу шаралары бейберекет күйде, жүйесіз жүргізіліп жатқаны да сынға алынды. Ауыл тұрғындарына мал дәрігерлері, ауылдық әкімдіктер тарапынан түсіндіру жұмыстары нашар жүргізілуде. Аудан әкімдіктері мал өлекселерін көметін арнайы орындарды ашуға қаржы бөлмеген. Абай, Бородулиха, Шемонайха аудандары «ДУК» автокөліктерін сатып алуды әлі кейінге шегерумен келеді. Қазіргі күні облыста 39 арнайы «ДУК» машиналары бар, алдағы уақытта тағы да осындай 19 залалсыздандыру құралын сатып алу көзделініп отыр.
Бүгінде ауылдық, қалалық жерлерде қаптап кеткен қаңғыбас иттер мен мысықтар малдарға үлкен қауіп төндіріп отыр. Облыстық ветеринарлық қадағалау және бақылау инспекциясының бастығы Кенжеғазы Тоқтасыновтың баяндағанындай, облыста малдардың құтырық ауруына шалдығу оқиғаларының жиілеп бара жатуына осы иесіз жүрген жануарлар бірден-бір себепші болып отыр, оларды жойып, аурудың таралуына тосқауыл қою қажет. Семей қаласы мен Аягөз ауданындағы аудандық, қалалық аумақтық инспекция басшылары өз жұмыстарында шалағайлықтарға жол берген. Бесқарағай ауданында да инспекторлық қызмет жұмыстары нашар жүргізілуде. Биылғы жыл ішінде инспекторлар бар жоғы бір-ақ рет тексеруге шыққан көрінеді.
Кеңес жұмысын қорытындылаған облыс Әкімінің орынбасары Владимир Кошелев ауыл шаруашылығы ветеринарлық инспекция саласы басшыларына, олардың жергілікті жердегі бөлімдері мен аудан әкімдіктеріне мал дәрігерлік қызметті күшейтіп, мал ауруларына жол бермеудің барлық шараларын жасап, сала жұмысының пәрменділігін арттыруды тапсырды.