«Дидардың» қонағы

Венера Алпысбаева, Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты: -Атақ дәрежеден гөрі бала сүйіп, ана болғанды артық көремін

Венера Алпысбаева, Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты: -Атақ дәрежеден гөрі бала сүйіп, ана болғанды артық көремін

Жуықта Өскеменге шығармашылық концертімен ұлттық кәсіби музыка өнерінің қарашаңырағы атанған Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі келген болатын. Сол кезде осы шығармашылық ұжыммен бірге келген халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты әнші, Венера Алпысбаева келіп, әншімен сұхбаттасудың сәті түскен болатын.

Алғаш рет алты жасымда сахнаға шықтым

– Сұхбатымызды өзіңіз туралы әңгімеден бастасақ. Қай өңірдің тумасысыз? Қайда білім алдыңыз?
– Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Жұрын селосында дүниеге келдім. 1991 жылы сол ауылдағы Қ.Жұбанов атындағы білім ордасының табалдырығынан аттап, жылы мектепті аяқтадым. Кейін Ақтөбедегі А.Жұбанов атындағы музыка училещесінде білім алып жүргенде XXIV республикалық жас әншілер байқауына қатыстым. Аталған байқауда ІІ орын алдым. Бұл жеңіс менің үлкен өнер жолындағы алғашқы қадамым еді.
– Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз. Ата-анаңыз өнерге жақын адамдар ма?
– Әкем Нағметтола Алпысбаев теміржолшы болған еді, анам Мария Баспанова бірнеше жылдар бойы балабақшада директор болып қызмет атқарды. Кішкентай күнімде марқұм әкем маған баян мен домбырада ойнап беретін (күрсініп). Ал әншілік қасиет әкем мен анам жағында да мүлде болмаған екен. Сол себептен де кейде туыстарым: «біздің отбасымызда әнші жоқ саған мұндай өнер қалай дарыған?» деп күліп жатады. «Бұл – құдайдың маған берген сыйы» деймін оларған. Ал жеке басыма келер болсақ, тұрмыс құрғанмын. Әнуар есімді үш жастағы ұлым бар.
– Ең алғаш үлкен сахнаға келуіңізге кім себепкер болған?
– Анам себепкер болды. Алғаш рет алты жасымда сахнаға шықтым, содан бері өнер көрсетіп келе жатырмын. Бастапқыда аудандық, облыстық, республикалық «Балапан» байқауына қатысып, жүлделі орындар алып жүрдім. Бүгінгі жеткен жетістіктерімнің барлығы жақындарымның қолдауының арқасында деп білемін.
– Өнер жолы ауыр жол деп жатады. Бұл жолды таңдауыңызға не түрткі болды?
– Әрине, өнер жолы – өте ауыр жол. Себебі, мұнда бақталастық көп. Әрі опера әншілерінің өнер жолы «қысқа» болады деп айтып жатады. Себебі, операда ән салатын әншілер көбінесе 50 жасқа дейін ғана ән шырқай алады. Сондықтан олардың дауысына ерекше күтім керек.
– Сіз дауысыңызды қалай күтесіз?
– Бар байлығым осы дауысым ғой. Оны қалай күтпеймiн? Мен үшін дауыс күту бөлек әңгіме (күліп). Алдымен дауысқа зиянды мынадай әдеттерден сақтану қажет. Дауысқа сай келмейтін қиын репертуар таңдау, айқайлап ән айту, айқайлап сөйлеу, шаң-тозаңда жүру, өте ыстық немесе суық тағамдар ішу сияқты жаман әдеттерден аулақ болған дұрыс.

Төрт тілді жетік білемін

– Ұлым бар деп қалдыңыз. Өскен соң өнер жолына барамын десе қалай қарайсыз?
– Енді жарып шығатын талант болса көре жатармыз. «Болатын бала он бесінде баспын» деген қазақта сөз бар ғой. Баланың қандай мамандыққа икемділігі бары кішкентай кезінен білінеді. Егер өнерге жақындығы болса, оны неге әрі қарай дамытпасқа?!
– Өнер жолына алғаш қадам басқанда кімді үлгі тұттыңыз? Кімге еліктедіңіз?
– Ақтөбедегі музыка училищесінде оқып жүргенде бізге еліміздің еңбек сіңірген әншілерінің дауысы жазылған пластинкаларды тыңдататын еді. Сонда мен Нұржамал Үсенбаеваны сүйіп тыңдайтынмын. Дауысы жеңіл әрі әдемі болғандықтан, Нұржамал Үсенбаеваға еліктедім. Тіпті, уақыт өте келе оның шығармашылығымен тереңірек таныса бастадым. Кейін әріптес атандық. Қазір Нұржамал Үсенбаева анамдай болып кетті. Қажет кезінде ақылын айтып, кеңесін беріп отырады.
– Репертуарыңызда қанша ән бар?
– Жеке қоржынымда әндер өте көп. Қазақ және шетел композиторларының музыкалық туындалары бар. Мен сахнада орындалып кеткен әнді айтпауға тырысамын. Сондықтан да шетелге іссапармен шыққанда ең алдымен нота сататын дүкенге барып, жаңадан жарық көрген музыкалық шығармаларды алып, орындаймын.

– Шетелдерде жиі болып тұрамын деп қалдыңыз. Сіз олардың қандай заңдарын қазақ музыка өнеріне үлгі ете алар едіңіз?
– Австрияның Вена қаласында орналасқан Прайм консерваториясында бір жыл бойы білім алдым. Сол кезде оқытушының студентке Гендел, Моцарт сияқты атақты композиторлардың стилистикасында ән шырқайсың дегенін естіп, бұл қалай деп таңдандым. Сөйтсем, шетелде егер әншіге атақты белгілі бір композитордың стилистикасымен айтасыз десе, сіз оның қай заманда өмір сүргенін ескеріп, тыңдарманды сол дәуірге түскендей әсерде қалдыруыңыз қажет. Ал бізде ше? Барлығы бір сарында айтылады. Бірақ уақыт өте келе бұл бізге біртіндеп енеді деп ойлаймын.
– Әлем елдерінің музыкалық шығармаларын орындап жүрсіз. Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсаңыз, біздің ұлттық өнер мен шетел музыкасының арасында қандай да бір айырмашылық бар ма?
– Айтарлықтай үлкен айырмашылық жоқ. Олардың музыкалық туындыларын орындау шеберлігінде кездесетін қиыншылықтар бізде де бар. Мысалға, Сегіз серінің «Гаухар тас» әнін нақышына келтіріп орындау екінің бірінің қолынан келе бермейді.
– Өзге тілдерде ән айту қиындық туғызбай ма? Жалпы, өзіңіз қанша тілді жетік меңгергенсіз?
– Қазақ, орыс, итальян, ағылшын тілдерін жақсы білемін. Құрманғазы атындағы консерваторияда оқыған кез келген студент итальян тілін жақсы біледі. Себебі, операның барлығы дерлік итальян тілінде жазылады. Кейде өзім жетік меңгермеген тілдің операсын орындайтын болсам, міндетті түрде әннің шығу тарихы мен мәтінінде не жазылғанын біліп аламын. Өйткені, әнші өзі орындайтын туындысын түсініп айтпаса, тыңдарман жүрегінен орын алуы екіталай.

Консерваторияға ешқандай емтихансыз қабылдандым

– XXIV республикалық жас әншілер байқауы бағыңызды ашқанын айттыңыз. Естуімізше, осы байқаудың жеңімпаздарына Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясына емтихансыз түсуге мүмкіндік беріліпті.
– Иә, мұндай мүмкіндік берілгені рас. Мен Ақтөбедегі А.Жұбанов атындағы музыка училищесін тәмамдаған соң аталмыш байқауда жеңіп алған грантым бойынша Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясына ешқандай емтихансыз қабылдандым. Мұнда қазақтың классика өнерінің дамуына, көркеюіне қомақты үлес қосқан, сопрано дауысты, әйгілі өнер саңлағы , профессор Роза Үмбетқызының сыныбынан дәріс алдым. Осындай адамның алдын көргенім үшін өзімді бақыттымын деп санаймын.
– Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында оқыған кезіңізде Президенттік стипендия иегері атаныпсыз.
– Бұл шәкіртақы тағайындалған кезде мен консерваторияның 3 курсында оқитынмын. Мұны оқудағы үздік жетістіктерім үшін алғанмын. Негізі Президенттік стипендия иегері атануыма 2007 жылы Мәскеуде өткен халықаралық «Романсиада» байқауынан ІІ орын алуым себепші болды.
– Бұдан бөлек тағы басқа қандай байқауларда жеңімпаз атандыңыз?
– «Жұбанов көктемі» байқауынан ІІІ орын, Арменияда өткен «Возрождение» халықаралық байқауынан І орын, Н.Тілендиев атындағы республикалық конкурста гран при иегері атанғанмын.
– Білуімізше, сіз 2011 жылдан бастап Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында сабақ береді екенсіз. Ұстаз ретінде ешқандай вокалдық дайындығы жоқ студенттерді қалай тәрбиелейсіз.
– Енді ғана университет табалдырығын аттаған кез келген студентпен вокалдық жаттығуларды жасағанда бірден кемшілігін айтпай, оны алдымен мақтап, дауысына келетін жаттығуларды үйретуден бастау керек. Содан кейін ғана әдемі дауысына бөгет жасап тұрған дүниелермен жұмысістеп, әншілік қабілетін жетілдіретін тәсілдерге баулимын. Оларға дауыс қоюды, сахнада өзін қалай ұстау керектігін, ән айтқанда демді қалай алу қажеттігіне дейін түсіндіремін. Мұның бәрі болашақ жас мамандар үшін өте қызық.

Шығыс жұртының өнерге деген ықыластарына тәнтімін

– Сіз үшін «әйел бақыты» дегеніміз не?
– Қыз бала болған соң ана болу парыз. Тұрмыс құрып, балалы болу нағыз әйел бақыты деп санаймын. Мұның жанында алған атақ-дәрежелеріңіз түкке тұрмай қалады десем артық айтқандық болмас.
– Нені армандайсыз?
– Армансыз адам болмайды ғой. Өмірдегі ең үлкен арманым – анамның ақ сүтін ақтау.
– Өмірлік ұстанымыңыз?
– Ешкімнің ала жібін аттамау
– Сіз қандай адамсыз? Өзіңізге баға беріңізші.
– Енді адамның өз-өзіне баға беруі қиын екен (күліп). Өмірді сүйетін адаммын. Қандай ауыртпашылық болса да, үнемі күліп қараймын. Сонымен қатар, шақырған жерге уақытында барамын. Кешіккенді ұнатпаймын. Тіпті, үйіме қонақ шақырғанда да олар кешігіп қалса, аздап өкпелеп қалатыным бар (күліп).
– Алда қандай жоспарыңыз бар?
– 2016 жылы наурыз айында Ақтөбеде «Сопранолар шеруі» атты байқау өтеді. Қазір соған дайындық үстіндемін. Аталмыш байқау фортепиано мен ұлттық аспаптар деген екі бөлімнен тұрады. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен сегіз сопрано дауысты әншілері қатысып, өзара бақ сынайды. Содан соң 2017 жылы Бакуде өтетін конкурсқа қатысамын деп жоспарлап отырмын.
– Шығыстан қандай әсер алдыңыз?
– Өскеменде осыдан 3 жыл бұрын Дәлел Уәштің жеке шығармашылық концерті өткен кезде Шығыс жұртының өнер десе ішкен астарын жерге қоятыны тәнті еткен болатын. Бүгінде олар сол қалпынан жаңылмапты.
– Әдемі әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button