«Үміт» үйіне шағын автобус сыйлады

Балалар жылының соңында және Жаңа жыл қарсаңында аймақ басшысы Даниал Ахметов жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленетін Өскемендегі «Үміт» балаларды қолдау орталығында болды.
Облыс әкімі мерекелік іс-шараға қатысып, жеткіншектерді Жаңа жылмен құттықтады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан балаларға көркем әдеби кітаптар жиынтығын, ал орталыққа шағын автобусты сыйға тартты.
– Жаңа жыл қарсаңында барлық балаларға, ата-аналар мен мұғалімдерге отбасылық бақыт, денсаулық пен амандық, жаңа табысты жобалар мен бастамалар тілеймін! Жаңа жылдарыңызбен! – деп құттықтады облыс әкімі.
Бүгінгі таңда «Үміт» орталығының педагогтары балаларға отбасылық жайлылық пен жылулық атмосферасын сыйлап отыр. Үйірмелер мен секциялар, компьютерлік сыныптар жеткіншектердің бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік беруде.
– Біз 2023 жылы облыстың барлық мектептеріндегі роботты техника сыныптарын жаңартамыз. Ал «Үміт» орталығының жанынан спорт орталығын саламыз, онда осы шағын ауданның барлық балалары спортпен айналыса алатын болады, – деді аймақ басшысы.
Жалпы, алдағы уақытта да білім беру және балалар денсаулығы мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады.
– Біз Жаңа жыл қарсаңында тілегімізді орындағаны үшін Қасым-Жомарт Кемелұлына алғыс айтқымыз келеді. Мұндай шағын автобусты көптен бері армандаған едік. Енді біздің өз автобусымыз бар, онымен секцияларға, үйірмелерге және түрлі іс-шараларға бара аламыз, – деп қуаныштарымен бөлісті балалар.
Сонымен қатар Балалар жылы аясында ел Президенті мен облыс әкімі Даниал Ахметовтің жаңажылдық шыршалары өткізілді. Мерекелік іс-шараға өңірдің түкпір-түкпірінен 450 бала қатысты. Олар: ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар ұл-қыздар, сондай-ақ оқуда, спортта, шығармашылықта және қоғамдық өмірде жетістікке жеткен дарынды балалар. Барша балақайларға тәтті сыйлықтар мен ақшалай сертификаттар табысталды.
Жыл сайын білім беру жүйесінің тәрбиеленушілері, жетім балалар және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үшін мерекелік жаңажылдық іс-шаралар өткізіліп тұрады. Биыл да бұл игі дәстүр өз жалғасын тапты. Мемлекеттік органдардың, меценаттардың, қоғамдық қорлар мен демеушілердің қолдауы арқасында екі апта бойы балалар үшін ертеңгіліктер, концерттер, қойылымдар, сондай-ақ көшпелі іс-шаралар ұйымдастырылды, бүлдіршіндер түрлі сыйлықтар алып, мұражайларға, дәмханалар мен кинотеатрларға барды.
Айта кету керек, облыс Балалар жылын оң нәтижелермен қорытындылап отыр. Атаулы жылға орай облыста 129 іргелі іс-шара жоспарланған болатын. Барлық ойластырылған жобалар толығымен әрі тиімді іске асты. Аталған іс-шаралармен өңір бойынша 18 жасқа дейінгі 181 266 бала қамтылған.
Бұдан бөлек, былтырғы шілде айында облыста бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл лауазымы енгізілді. Бұл қоғамдық институт балалардың қауіпсіздігі мен жағдайын жақсарту үшін азаматтардың, ата-аналардың, заңды өкілдердің және балалардың жеке өтініштерімен жұмыс істейді.
Ержан Кеңесұлы