Ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам.» атты Жолдауында Қазақстанның әлеуметтік әл-ауқатын арттыру үшін нақты шаралар көрсетілді. Мемлекет басшысының әсіресе ұлт денсаулығына алаңдауы, ауылды жерлерде медицинаны дамыту үшін қойған міндеттері мен тапсырмалары медицина қауымдастығының көңілінен шықты. «Мен келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған. Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды.», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ұлттық жоба аясында аудандық ауруханалардың заманауи жабдықталатынын, телемедицина бағытын дамыту қажеттігін айтты. Бұл шаралар шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет алуға мүмкіндік береді. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді. Жолдауда көрсетілген шараларды толық қолдаймын. Халыққа түсінікті мұндай үндеулер Мемлекет басшысының қоғамның барлық саласын жаңа қуатты деңгейге шығару үшін қандай іс-әрекет жасау керектігін түсінетіндігін көрсетеді. Бұл әрбір азаматтың моральдық жағдайына, болашағына сеніммен қарауына жақсы әсер ететініне сенімдімін.
Райфа Сафиоллинова, облыстық фтизиопульмонология орталығының бас дәрігері