Ұлттық рух асқақтаған күн
Хасен ЗӘКӘРИЯ, КҮРШІМ
Халқымыздың, түбі бір түркі жұртының, жалпы мұсылман атаулының ең айтулы мерекесі – Наурыз бүгінде өмірімізге дендеп еніп, ең жарқын мейрамдарымыздың біріне айналып отыр. Кеңес өкіметі кезінде ауызға да алынбай, діни мейрам, ескіліктің қалдығы саналып келген әз Наурыз ортамызға қалай оралды? Мұның өзі бүгінде тарихқа айналып бара жатқан өзінше бір өнегелі де ғибратты естелік…
1988 жылы астанамыз Алматыдағы бір топ зиялы қауым өкілдері сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбинге арнайы барып жолығып, халқымыздың ежелгі мейрамы, татулық пен достықтың, береке мен молшылықтың белгісі – Наурыз мерекесін өткізуге рұқсат беруін сұраған болатын. Бір қызығы, қазақтың дәстүр-салтынан еш хабары жоқ хатшы көп ойланбастан мерекені өткізуге рұқсат етіп, барынша қолдау көрсетуге уәде берген екен. Сол күннен бастап тиянақты әзірлік жасалып, тарихтың қойнауында қалып қойған Ұлық мерекеміз ұлы даланың төсін жаңғырта бастады. Ал осы мейрам Күршім ауданында қалай басталды?
Наурыздың біздің жақта қалай басталғанына өзім бірге атсалысып, қатар жүріп, куә болғанмын. Бұл ізгілікті де игілікті мерекені сол уақыттарда Абай ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған, қашанда мерекенің, кез келген басқосудың гүлі болып, сөз бастап, ән бастап, дүрілдетіп жүретін есімі аудан көлемінде әйгілі азамат Бақытхан Өлмесеков алдымен қолға алған еді. Ол кезде мен осы округке қарасты Қойтас ауылында тұрып жатқан едім. Сол себепті осынау тың да тосын мерекеге бастан-аяқ қатысқанмын.
Әз Наурыз Б.Өлмесековтің мұрындық болуымен ең бірінші Абай ауылдық округінің орталығы Бурабай ауылында ту көтерді. Сол бір қызықты мезеттерді Бақытхан Фазылұлы былай деп еске алады.
– Теледидардан көріп, газет-журналдардан оқып, ежелгі Наурыз мерекесінің ортамызға қайта оралғанынан хабардар болдық, – дейді ол. – Бұл қуанышты жаңалықтың бізді де ынталандырып, жаңа қадамдарға жетелегені шындық. Енді біз де жатпай-тұрмай дайындық жасап, айтулы мерекені өз деңгейінде өткізуге талаптана бастадық. Алдымен ел арасындағы көрген-түйгені мол, өнерлі, ынталы қарияларды үгіттеп, мерекеге атсалысуға үндедім. Айтары жоқ, үлкендер бірден келісіп, маған қолдау көрсете бастады. Ең белсене атсалысқандар деп Бурабай ауылының Лесная көшесінің байырғы тұрғындары Әскен Тәкенова, Сара Қиялова, Зикән Қабидолдина, Минөт Смағұлова апайларды атаған болар едім. Осы белсенді әжелермен ақылдаса келе оларға мол етіп наурызкөже пісірттім.
Сөйтіп, көктемнің алғашқы айының бір сәтті күнінде ауыл ортасына киіз үйлер тігіп, олардың төріне ұлттық киімдер киіп, жасанған аузы дуалы қарттарымыз бен ардақты әжелерімізді отырғыздық. Әнші-күйші, өнерлі, биші атаулының барлығын әзірлеп, тамаша концерт ұйымдастырдық. Бұрын болып көрмеген тың мерекенің ауыл жұртына кереметтей әсер еткені рас. Тұрғындар бұл жиынға тайлы-таяғына дейін бірі қалмай жиналып, әр тамашаға бір тамсанып, таңырқаумен болды. Жұрт наурызкөже ішті, ақындар айтысы, тұсаукесер, бесікке бөлеу, бата беру сияқты ұлттық дәстүрлерді тамашалап, жаяу жарыс, арқан тарту, қол күресі сияқты спорт жарыстарын қызықтады.
Келесі күні осындай мереке Қойтас ауылында жалғасты. Ауыл жастарының күшімен концерт ұйымдастырылып, аталған ұлттық дәстүрлер мен ойындар мұнда да өте қызықты болып өтті. Барлық салт-жоралар орындалып, жиналған қалың жұрттың алдында, ауылдық клуб сахнасында мен жаңадан шаңырақ көтеріп жатқан Мұқанов Дулат пен Қабылмәжінова Күләй деген екі жастың некесін қидым. Бұдан соң жергілікті өнерпаз жігіт Қожанов Шеризат кәдімгідей беташар айтып, жас келіннің бетін ашты.
Бұл дүбірлі мереке ауылдағы қызықпен шектеліп қалған жоқ. Сол жылдың сәуір айында Абай ауылдық округі Өскемен қаласындағы «Выставка» деп аталатын аймақта өткен облыстық Наурыз мерекесіне қатысып, арнайы комиссияның барша талаптарын ойдағыдай орындағаны үшін жүлдегер атанған болатын. Әлі есімде, сондағы Абай ауылдық округі тіккен киіз үйге Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы А.Сарин арнайы келіп, қонақ болған-ды. Оның жанында сол кездегі облыс көлеміндегі аузы дуалы ақсақалдар Т.Қоғабаев, О.Малдыбаев, С.Қойшыбаевтар бар-тын. Бұл талайды бастан кешкен шежіре қарттар біздің киіз үйдің тамаша жабдықталғанын, ондағы қыз-келіншектер мен өнерлі азаматтардың бұл мерекеге өте тыңғылықты даярланғанын көзбен көріп, шынымен, тәнті болып аттанған еді.
Бір қызығы, ол кезде Наурыз мерекесі ай бойы тойланатын. Әр мекеме, округ, шаруашылық қалаған уақытында киіз үйлерін тігіп, ат шаптырып, наурыз, сәуір бойы дүрілдете беретін-ді. Бақытхан Фазылұлы бұл жайдың дұрыс еместігін, Наурыз тек бір-ақ күн – 22 наурызда ғана тойлануға тиіс екендігін атап айтып жүретін. Ақырында ол аудандық «Коммунистік еңбек» газетіне осы мәселені егжей-тегжейлі талдап, түсіндірген мақала жазып, бұл үндеу көпшіліктің қолдауына ие болды.
Мерейлі мерекеміз, Ұлыстың ұлы күні бүгінде барша жұрт асыға күтетін, бір кісідей жұмыла тойлайтын ең басты мейрамға айналды. Ұлтына, ұлысына, діні мен діліне қарамастан бүкіл халқымыз қуана қарсы алатын ұлық мерекеміз құтты болсын! Әз Наурыз жерімізге, елімізге, бүкіл әлем халқына құт пен береке, игілік пен молшылық алып келсін, атамекенімізде әрдайым қуаныш пен шаттық мол болсын!