«Ұлттық киім күні» челленжіне қатысты
Нұржан Кенжеұлы
Облыстық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Ұлттық киім күні» челленжін өткізді. Челленж аясында мамандар жұмыс орындарына қазақтың ұлттық киімдерін киіп келді.
Облыстық ТЖД-ның баспасөз қызметінен хабарлағандай, құтқарушылар, диспетчерлер, өрт сөндіру автокөліктерінің жүргізушілері, кадр қызметінің қызметкерлері мен мемлекеттік өрт бақылау инспекторлары жұмысқа бешпет, жилет сияқты қазақы ою-өрнектермен көмкерілген киімдерді киіп келіп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Сондай-ақ қыз-келіншектердің көздің жауын алар зергерлік бұйымдары да сан алуандығымен таңдай қақтырды. Ал іс-шараның басы-қасында жүрген жандардың айтуынша, мұндай челленждердің мақсаты айқын – Ұлыстың ұлы күні қарсаңында әлеуметтік желіні мерекелік көңіл-күйге толтырып, халыққа шаттық сыйлау.
– Наурыз – молшылық пен тоқшылықтың белгісі. Бұл күні адамдар талғампаз киініп, бір-біріне қонаққа барып, ізгі тілектерін айтып жатады. Міне, осындай мейрам қарсаңында ұйымдастырылып жатқан фотожобамыздың да мән-мағынасы айрықша. Дәл осы фотожоба арқылы біз ұлттық киімнің қаншалықты зор маңызға ие екенін көрсетуге тырыстық. Жалпы, ұлттық киім-кешек адамның сыртқы сұлулығын ғана емес, бай рухани әлемі мен өз халқына деген шексіз сүйіспеншілігін білдіреді, – дейді облыстық ТЖД кадр саясаты басқармасының бастығы Айдын Мұстафин.