Мереке

Ұлттық баспасөз күні белгіленді

Өз заманында БАҚ-тың басты құралына айнала білген газет-журналдардың жөні бөлек. Қазіргі кезде интернеттің игілігін көрдік дегенмен газет-журнал қатардан қалған емес-ті. Тіпті, арнайы мерекелі күнін де күнтізбеден еншілеп отыр.

Ендігі кезекте 2 ақпанда «Ұлттық басылым күнін» тойлайтын боламыз, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Бұл шүйіншілі жаңалықты ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мәлімдеді.

– Жағымды жаңалығымыз бар. 2 ақпан – Ұлттық басылым күні болып бекітілді. Бастауында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт зиялылары тұрған «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі осыдан 110 жыл бұрын, 2 ақпан күні жарық көргені белгілі. Алаш ардақтыларының қолтаңбасы қалған газет ұлттық ренессанстың қайнар көзіне айналып, халқымыздың ақыл-ойын, сана-сезімін бөлек арнаға бұрды, – деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасына.

Ал осыған дейін Мемлекет басшысы Қазақ радиосының 100 жылдығы аясында 1 қазанды Радио қызметкерлері күні деп ресми түрде бекіткен болатын. Енді міне баспасөздің де бағы жанып, арнайы мерекелі күнді еншілеп отыр.

Осылайша, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын атаулы күндер күнтізбе төріне шығып, берекелі елдің мерекелі күндері көбейіп келеді.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button