ҰЛТҚА ТӨНГЕН ҚАТЕР
Жанаргүл МҰҚАТАЙ
Баяғыда «сонау елде жастарды есалаң етіп жатқан есірткі деген бар екен, бәлен екен, түген екен» деп таңғалтқан нашақорлық қасіреті, есірткі бизнесі бүгінде жерімізге ентелей кіріп, есігімізден еніп, бесігімізге дейін жетті. Оң-солын танып білмеген ұрпақты өзінің құрбаны етіп, баудай түсіруде. Елімізде есірткі бизнесіне қарсы күрес күшейіп, бітіспес майдан жүріп жатыр дегенімізбен, есірткі саудасымен айналысқан жастар үсті-үстіне көбейе кетті. Ұсталғандары ондаған жылға түрмеге кетіп жатқанына қарамастан есірткіні бизнес еткендер бәрібір артып барады. Кесірткенің құйрығы тәрізді кескен сайын шығып жатыр.
ЖАСАЛУЫ ОҢАЙ, ЕМДЕЛУІ ҚИЫН
«Спайс», «Снюс», «Скорость», толып жатқан атауларға ие синтетикалық есірткілер соңғы жылдары елде саңырауқұлақтай қаптады. Елімізде, облыста жасөспірімдер мен жастар арасында (орта жасқа жеткен ересектер арасында да) синтетикалық нашаны қолдану да, сату да кең таралып барады.
Нарколог мамандар жаһандық дертке айналып отырған синтетикалық есірткінің салдары опиумнан он есе ауыр екенін айтады. Синтетикалық есірткі бір рет қолданғаннан кейін-ақ адамның бауыр, бүйрек, жүрек-қан тамырлары сияқты ағзаларының жұмысын қалпына келмейтіндей етіп бұзып, езіп, орталық жүйке жүйесі мен танымдық қабілеттерін тез бұзады. Ойлау, есте сақтау қабілеті бірден төмендеп, психикалық бұзылу және өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері байқала бастайды. Синтетикалық есірткілердің қаупі – олардың жасанды жолмен оңай жасалуында, қолжетімділігінде. Құрамы беймәлім синтетикалық есірткілер бірінші қолданған кездің өзінде адамды өлімге әкелуі мүмкін. Сондықтан әр адам қай жерде отырса да, өзіне, өзінің қауіпсіздігіне сақ болуы керек, кіммен бірге отырса, жүрсе де, ешкімнің қолынан таблетка, күдікті затты алмау керек, иіскемеу, шекпеу керек, күмәнді сусынның дәмін татпау керек дейді мамандар. Өмір салты күдікті топқа жоламаған жөн. «Білмеген у ішеді», білместіктен қиын жағдайға тап болса, наркологтардың көмегіне жүгіну керек.
Ата-аналар баласының немесе туысының есірткі тұтынып жүргенін бірден байқамайды. Оны байқау үшін мына жайттарға мән беру керек: жеңіл белгілері: жасөспірім қатарынан үш-төрт күні бойы ұйықтамай жүре береді, тамаққа тәбеті жоқ, көзі шарасынан шығып кетердей үлкейіп кетеді. Орташа ауырлық белгілері: үйден қашуды, айғайлауды шығарады. Бұрын айтпаған боқауыз сөз айтуы мүмкін, несие алғандығы белгілі болуы мүмкін. Ең ауыр жағдайдағы науқас: өз-өзімен сөйлесіп, біреудің аңдып жүргенін айтып, сандырақтап, науқаста үрей, сенімсіздік, шизофрения, ессіздік белгілері пайда болады.
Ерік Қоянбаев, Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:
– Интернет технологиялардың дамуына, синтетикалық есірткілерге сұраныстың артуына байланысты есірткіні электронды ақпараттық ресурстар арқылы, әлеуметтік желілер, интернет дүкендер, соның ішінде Telegram мессенджері арқылы өткізу көбейіп отыр. Қылмыстық кодекске сәйкес, есірткіні өткізумен, сатумен айналысқан адам 10 жылдан 15 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасымен жазаланады.
Соңғы жылдары Қазақстанда, облыста синтетикалық есірткі өндіретін зертханалар табылып, жойылып жатыр. Нашақорлыққа, есірткі саудасына тосқауыл қою үшін оны сатушылармен, өткізушілермен күресіп қана қоймай, есірткіні өндірушілерді, басқа жерде, басқа елде отырып, соларға есірткіні ұсынып отырғандарды ұстау қажет. Есірткі бизнесіне тосқауыл қойып, тыю үшін ең алдымен есірткі түрлерін астыртын есірткі зертханаларында өндіріп жатқандарға қатысты Қылмыстық кодекске бөлек бап енгізіп, аса қатаң жаза қолдану керек. Қазіргі күні оларға Қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша, яғни есірткіні сатушыларға қолданылып отырған жазамен бірдей 10-15 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы ғана қарастырылған. Есірткі өндірушілерге қатаң түрде 20 жылға дейін немесе өмір бойына бостандығынан айыру жазасын қолданса, нәтиже көрінер еді.
Сонымен қатар азаматтардың, жастардың санасындағы, бойындағы құқықтық нигилизмді, құқықтық немқұрайдылықты жоюдың, заңдарды білмеушіліктің, бұзушылықтың алдын алудың жолдарын қарастырып, баспасөзде, әлеуметтік желілерде, білім ордаларында таптаурын емес, тиімді, ұтымды, пәрменді ақпараттық, профилактикалық іс-шаралар жүргізу қажет.
Ажал сепкен студент
Ауылдан арман қуып қалаға келді. Инженер Һәм технократ болам, тарихты танимын, ақын атанам, спортты бағындырам десе де, ешкімнің таласы жоқ, тек білімің, денсаулығың болсын, мүмкіндік мол. Білім әлеміне құлаш ұрған шағы қандай керемет. Қарыштап дамыған заман. Қызығы мол студенттік кештер. Алдынан қаншама арайлы таң күтіп тұр.
ШҚУ-дың 3-курсын оқып жатыр. Меңгеріп жатқан мамандығы алдағы өміріне азық болары анық. Енді бір жылдан соң қоңторылау тірлігі артта қалып, оқыған-тоқығанына сай жұмыс тауып, табыс тауып, өмірінің жаңа бір белесін бағындырмақ.
Өкінішті. Оның өмірі бір-ақ күнде өзгерді. Аппақ арманының бәрі күл-талқан болды. Ерсабырға (аты өзгертілген) адамгершіліктен, ар-намыстан, маңдайын терлеткен адал еңбектен материалдық құндылық, ақша жоғары болып шықты. Қып-қызыл отқа көзсіз көбелектей өзі барып түсті. Қаншама ананы еңіретіп, қаншама әкені зар жылатқан, қаншама жасты ажал аузына апарып тыққан өлім саудасына – есірткі саудасына түсті.
Осылайша, оңай олжаға кенелуді көздеген 20 жастағы Ерсабыр 2021 жылдың тамызында Telegram каналының мобильді қосымшасы арқылы осы желіде «Robert De Niro» деген атаумен анонимді тіркелген тұлғамен байланысқа шығып, виртуалды әлемдегі бейтаныс адаммен танысып-білісіп, Өскемен қаласында аса ірі көлемдегі психотроптық заттарды сатуға алдын ала қылмыстық келісім жасасады.
Telegram қосымшасы арқылы «Robert De Niro-дан» тиісті нұсқаулықты алған ол қала аумағында жасырынған жерден аса ірі көлемдегі «Мефедрон», «Меткатинон» психотроптық затының баламасын алып шығып, әрі қарай сату үшін өзінде сақтап, тығып қояды.
Сол күні Ерсабыр сатуға дайындап әкеле жатқан жалпы салмағы 21, 1633 грамм болатын ірі көлемдегі есірткі құқық қорғаушылардың назарынан тыс қалып, сатылып кеткен жағдайда тағы қанша үйдің ойраны шығып, қанша жанның өмірі тозаққа айналар еді? 2021 жылдың 9 қыркүйегінде жүргізілген кезекті жедел-іздестіру шаралары кезінде облыстық полиция департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері адамдарға ажал сеуіп жүрген жігітті ұстап, тінту кезінде оның іш киіміне, қалтасына жасырылған 26 полимерлі орамадағы есірткіні тәркілейді.
Сот отырысында өзінің кінәсін толық мойындаған студент есірткі саудасына бейтаныс жігіттің жөн сілтеуімен келгенін айтқан. Ол 2021 жылдың жазында қаладағы «Бруталекс» түнгі клубында Қуаныш есімді жігітпен танысқан. Кейін жаңа танысы өзінің есірткі заттарын таратумен айналысатынын айтып, Ерсабырға ақша табудың төте жолы – есірткі саудасын ұсынады. Ұсынып қана қоймай, оның телефонына есірткі сатушыға шығатын Telegram каналының мобильді қосымшасын да жүктеп береді. Ерсабыр Қуаныштың айтқанына көніп, келіседі.
Сол тамыз айының ортасынан бастап ұсталған уақытқа дейін студент «Robert De Niro-ның» нұсқауларын орындап, одан есірткі заттары жасырынған жерлердің бағдарларын алып, ол жерлерден алынған есірткілерді бөліп, жекелеп, әрі қарай сату үшін белгілі бір жерлерге апарып тығып, орналастырып жүрген. Есірткіні тыққан соң бұйрықты бұлжытпай орындап, ол жерлерді суретке түсіріп «Robert De Niro-ға» фотоесеп пен геолокациясын жіберіп, баяндап отырады. Ал ол әр салған сайын студентке қомақты ақша жіберіп отырған. Аяқ астынан «бизнесі» жүріп, айға жетпес уақытта әжептәуір ақшаға қолы жеткен студент 8 қыркүйек күні КШТ ықшам ауданында жасырылған жерінен кезекті есірткіні алуға Telegram-дағы есірткі сатушыдан тапсырма алады. 26 полимерлі орамаға салынған «Мефедронды» сол күні түгелдей алып, келесі күні әрі қарай сату үшін бөліп-бөліп жасыруға алып бара жатқан кезде қолға түседі.
Сотта студенттің есірткі саудасымен айналысқан қылмыстық іс-әрекеттері барлық айғақтармен толық дәлелденіп, облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен оны он жылға бас бостандығынан айыру және жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтеу жазасы тағайындалды.