Ұлыс оң болсынҰлыстың ұлы күні

Ұлан жерінде ұлан-асыр той болды

Айна Ескенқызы

Облыс орталығынан алпыс шақырым жердегі Ұлан ауданының Бозанбай ауылында дүбірлі той өтті. Ұландықтар Ұлыстың ұлы күні – Наурызды мерекелеуді бастап кетті. Іші ұлттық нақышта безендірілген ақшаңқаң киіз үйлер келген қонақтарды қарсы алуға бар сән-салтанатымен дайын тұр.

Далада қазан көтеріліп, екі иығынан демалған жез самаурындар бұрқ-сарқ қайнап тұр. Ақ кимешек киген апаларымыз бауырсағы мен наурызкөжесін пісіріп, палауын басып, осы жақта ұлан-асыр бір тойдың боларынан хабардар етіп жатқандай. Жиналған жұрт арқа-жарқа амандасып, Самарқанның көк тасын жібітетін мейрамды қарсы алып жатыр.


Мерекеге жиналған қауымды Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Қуат Оқасов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аймұхамет Бәкімбаев құттықтап, Қапан қажы ақсақал ақ батасын берді. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрхат Садықов айтқандай, ұландықтар биыл Наурыз мейрамын Амал күнін атап өтумен бастапты.

– Бұл мереке біздің Шығыста кеңінен таралмаған. Бүркітшілер мен шеберлер, батырлар ауылы атанған Бозанбайда жыл сайын бүркітшілер сайысын, қансонар өткізуді жақсы дәстүрге айналдырдық, бұл – біздің бренд. Алдағы уақытта енді Амал мерекесін де жылда осылай тойласақ деп отырмыз. Бұл – Наурыз мейрамының бастауы. Алты ай қыстан амалдап, аман-есен шыққан халық бір-бірімен төс қағыстырып, қауышады, – дейді Нұрхат Тоқтарханұлы.

– Бүгін ерекше күн. Қаладан екі автобуспен келген қонақтар Наурыз мейрамын тойлата жүріп Амал күні туралы да естіп, тың мағлұмат алып жатыр. Көктемнің алғашқы лебін сездіріп, тіршілік атаулының оянуын, жаңа өмірдің басталуын, қыстан аман шыққан жұрттың қуана қауышуын білдіретін Амал күнінің астарында үлкен мән жатыр. Ауа райына байланысты Шығыста тойлана бермейтін бұл мерекенің алғаш рет өзімнің туған жерімнен бастау алғанына қуаныштымын, – дейді игілікті шараны ұйымдастырушылардың бірі, өскемендік кәсіпкер Мұхтар Тойбазаров.


Жиналған әлеумет бір сәт ауылдың алты ауызын тыңдап, ақындар айтысын тамашалады. Асық ату, арқан тарту, аударыспақ сынды ұлттық спорт ойындары, қыз қуу дейсіз бе, қиқулаған қыранның дауысы, бәрі-бәрі қаладан келген қонақтарды қызықтырып, таңдандырып тастады. Көпшілікке танымал 13 жасар бүркітші қыз Айзере мен оның «Мұзбалағын», садақшы Александраны жан-жақтан қаумалаған жұрт олардың өнеріне қызығушылық танытып, енді біреулері естелік үшін суретке түсуде.

– Үйде үш бүркіт бар, әкемдікі, ағамдікі және менің «Мұзбалағым». Күнделікті жемін беріп, арқасынан сипап, еркелетіп, қолға үйретеміз. Менің бүркітім түлкі мен қоян да алған. Маған қыранымның иесіне адалдығы сияқты қасиеті ұнайды, – дейді жас бүркітші Айзере.

Садақшы Александра халық өзінен гөрі ат құлағында ойнаған шабандоз қызы Жанельді жақсы танитынын айтады. Ол бозанбайлықтарды жамбы атуға үйретіп, атқа мінудің қыр-сырына да баулиды. Александра қазір қолында жылқы ұстап отыр.

Мерекеге ат сабылтып, алыстан келгендерді тамсандырған тағы бір дүние – бозанбайлық Бақытгүл Қанжарқанның киіз үйінің ішкі сән-салтанаты болды. Көздің жауын алатын ұлттық нақыштағы алуан түрлі ою-өрнекпен безендірілген әр бұйымның өз тарихы, сыры бар. Оң жақта құрылған шымылдық – ширек ғасырдан бері отасып келе жатқан Бақытгүл мен оның жұбайы Нөсерханның шымылдығы. Оның астында тойдың қызығынан шаршаған бір бүлдіршін алаңсыз ұйықтап жатыр. Бақытгүл – он саусағынан өнер тамған шебер. Төрде жатқан оюлы сырмақ та, терме алаша да, босағаға тастаған құрақ көрпе де, оюмен безендірілген жастықшалар мен кішкентай көрпешелер де өз қолынан шыққан. Шаңырақты айналдыра ілінген кестелі орамалдың бетіндегі жай ою емес, Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуымен кестеленген мақал-мәтелдер болып шықты. «Ел ауырын еңіреген ел көтерер, үй ауырын опалы ұл көтереді»,  «орманды көлге құс үйір, көңілді үйге кісі үйір», «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «асыл – тастан, ақыл – жастан» деген жас ұрпаққа өнеге болар сөздер кестеленіпті.

– Қазағымның салт-дәстүрін дәріптеп, келген қонақтардың бір кәдесіне жарап қалар деп осы үйдің ішін безендірдім. Бір ұлым ақындар айтысына кеткенде, соның тілеуін тілеп, сыйлығым ретінде Абайдың портретін кестелеп шықтым. Анау тұрған тұлпардың картинасын тағы бір ұлым күй фестиваліне қатысып, бас жүлдені жеңіп алғанда кестелеп бердім. Жолдасым Нөсерхан да ақын, осындағы ақындар мектебінің жетекшісі. Үлкен ұлым туризм саласы бойынша грантқа ие болған еді. Ұлан жеріне туристерді тарту үшін ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрімізді барынша дәріптеп, ыстық ықыласымызбен ұсынбақпыз, – дейді Бақытгүл Қанжарқан.

Осы мезетте киіз үйге кірген бір топ қонақ «қандай әдемі, мынау нағыз аюдың терісі ғой, домбыраны қара…» деп тамсанып жатты. Олар үшін жайылған дастарханда асылған еттен бастап, ұлттық тағамдардың түр-түрі самсап тұрды. Қардың көбесі сөгіліп, көктемнің шеті көрінгенмен Қалбатаудың қойын-қолатында қыстан қалған ызғар әлі де бар сияқты. Ауа райынан жаураған қонақтар ыстық бауырсақтан дәм татып, қою күрең шайдан ауыз тиіп, бір сәтке бой жылытты.


«Наурыз болсын, басқа мейрамдар болсын, осы күнге дейін киіз үйге кіріп, ішін көріп, дәмнен ауыз тиіп көрмеген едік. Тағамдарыңыз да өте дәмді екен. Бұл бір керемет күн болды…» деп ағынан жарылған өзге ұлттың өкілдері бозанбайлықтардың қонақжай мінезіне дән риза болды.

Екі ұртына ыстық бауырсақ толтырып алған Никита атты балақай бас бармағын көрсетіп, мәз-мейрам.

– Мен қолға үйретілген бүркітті алғаш рет көрдім. Бүгінгі өтіп жатқан мереке көңілден шықты. Ғажап! Маған бәрі де ұнайды! Қазақтардың салт-дәстүрі қандай тамаша, дастарханы қандай мол! Атпен де серуендедім, бүркітпен де суретке түстім. Қазақстанда туып-өскендіктен қазақ тілін білуім керек, екі жылдан бері үйреніп жүрмін. Наурыз мерекесі құтты болсын, – деген ақ тілегін жеткізді өскемендік кәсіпкер Татьяна Михайлова.

Бозанбай орта мектебінің директоры Ардақ Мұқатова туған жерінің төрінде Амал мерекесінен бастап, Әз-Наурыз мейрамын ұйымдастыруға бүкіл ұжымдары болып атсалысқандарын айтады.

-Келген қонақтарға бірлігімізді көрсетіп жатырмыз. Басқа ұлт өкілдеріне әсіресе қыз қуу жарысы, атпен серуендеу, бүркітпен суретке түсу қызықты болғанын көріп тұрмыз. Одан басқа ұлттық тағамдарымыз бен қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Есіктен енген жаңа жылымыз, Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! – деген лебізін білдірді Ардақ Қабдығалиқызы.

Ұлан жерінде өткен Наурыз мерекесі ұлтымыздың салт-дәстүрін дәріптеп қана қоймай, келешекте ауданда этнотуризмді дамытуға да септігін тигізер деп сенеміз. Туристік фирмалардың өкілдері этнобағытқа қатты қызығушылық танытып қайтты. Ал этнотуризмді дамытуға Ұлан ауданының әлеуеті жетіп тұр.

 

Осы айдарда

Back to top button