Ақ тілектер ақтарылып, арқа-жарқа қауышты
Айжанат Бақытқызы
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы – күн мен түн теңелетін, көктемгі ояну мен жаңару мерекесі. Осынау тамаша мереке қарсаңында Өскемендегі Қазақстан-Американдық еркін университетінің Жоғары колледжі «Қош келдің, әз Наурыз!» шарасын өткізіп, Ұлық мерекені қуанышпен қарсы алды.
Өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттеріне арналған мерекелік той-думан «Аластау» және «Шашу» салт-дәстүрлерімен ашылып, ақ жаулықты әжелер «Ұлыс оң, ақ мол болсын! Дастархан берекелі болсын! Еңбектеріңіз өнімді болып, тілектеріңіз қабыл болсын! Жаңа жыл елімізге бақ-береке әкелсін!» деген ақжарма тілектерін жаудырып, батасын берді.
Келесі кезекте колледж студенттері ұлттық киіммен Қара жорға биін билеп, қатысушыларды көңілді билерімен бір серпілтіп тастады.
– Наурыз – ерекше мейрам! Наурызда жадырап, қуанбайтын адам кемде-кем. Өйткені күн сәулесінің өзі көкірекке нұр құйғандай, ертеңгі күнге үміт отын жаққандай әсер береді. Көптен күткен Наурыз мерекесі әр отбасына амандық, қуаныш, жақсы өзгерістер, өркендеу мен сәттілік әкелсін. Алға қойған арман-мақсаттарды табысты іске асыратын жыл болсын! Мереке қарсаңында тамаша көңіл-күй сыйлаған өнерлі жастарымызға алғысым зор. Биыл Қазақстан-Американдық еркін университетінің Жоғары колледжінің 20 жылдық мерейтойы. Сондықтан аталған білім шаңырағының одан әрі дамып, гүлдене беруіне тілектеспін! – деді мерекелік думанды құттықтау сөзімен ашқан облыстық білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева.
Мейрам өтетін аулада екі бірдей киіз үй тігіліп, олар салт-дәстүрге байланысты бұйымдармен әдемі жабдықталған. Сол киіз үйлерде мереке қонақтары мен студенттер «Тілеу көжеден» дәм татты.
Ал колледждің ішінде «Шебер қолдар» атты білім алушылардың қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, ұлағатты әжелер қонақтарға жүн түту және жіп иіру шеберліктерін көрсетіп, ұрпаққа тәрбие беретін салиқалы әңгімелерін айтты.
-
Наурыз тойының өзіне тән үлкен ырым асы – наурызкөже. Оны «Тілеу көже» деп те айтады. Наурызкөже жеті түрлі астан жасалады. Оның мәні жаңа жылда тойымшылық, молшылық, татымды өмір болсын деген ырымды білдіреді. Наурыз тойындағы тағамдарда көбінесе ақ тағамдар басым болады. Өйткені бұл кезде төрт түлік төлдеп, ақ молайған кез, – деп түсіндірді әжелер өздерін қаумалаған жастарға.
Облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің бас маманы Гүлмира Бейсенбайқызының қатысуымен жыл басын жаңа тілекпен бастауды ырым етіп арман ағашына түрлі түсті мата байлау рәсімі өтті.
Мереке барысында қазақтың тамылжыған ән-күйлері шырқалып, мейрамға жиналған барша қауым «Гәкку» би тобының мың бұралған бишілерінің, өңірдегі дарынды студенттердің өнерін тамашалады.
Мерекелік шара «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» атты зияткерлік ойыны, колледж білім алушылары арасында қол күресі, гір тарту, арқан тарту, тоғызқұмалақ, «Көңілді старт» эстафетасы сияқты сайыстармен жалғасты.
Қол күресінде әр салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен жастар арасында Алдияр Түсүмбеков, Роман Соловьев, Александр Никифоров жүлделі бірінші орындарға ие болып, грамота, сыйлықтармен марапатталды. тоғызқұмалақ ойынында Өскемен құрылыс колледжінің студенті Виктор Бобров жеңімпаз атанды.
«Кім мықты?» сайысының шарты бойынша тірі қойды көтеру керек болды. Бұл сайыста Көлік және тіршілік қауіпсіздігі колледжінің үшінші курс студенті Темірлан Тоқтағұл жеңіске жетіп, өзі көтерген қойды олжалады.