Ұлан ауданында кен байыту кешені салынады
Шығыс Қазақстанда облыстық мәслихаттың кезекті IV сессиясы өтіп, күн тәртібінде аймақ басшысы Ермек Көшербаевтың өзіне жүктелген міндеттерді орындауы жөніндегі есебі тыңдалып, талқыланды.
Жиында Тарбағатай ауданында жылына қуаттылығы 25 млн тонна мыс кенін шығаратын және инвестиция көлемі 217 млрд теңге болатын тау-кен байыту комбинатын, Ұлан ауданында тантал, ниобий және литий өндіретін инвестиция көлемі 165 млрд теңгені құрайтын кен байыту кешені салынатындығы айтылды, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Өңір басшысы индустриялық секторда импортты алмастыру және экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды құру негізгі аспектілер болып қала беретінін атап өтті.
– Мысал ретінде жылына 200 тонна уран өндіретін атом электр станцияларына арналған жылубөлгіш құрастырмалар шығаратын зауыттың құрылысын қарастыруға болады. Бұл инновациялық өндіріс Қазақстанға ядролық сала үшін сертификатталған өнім беруші мәртебесі бар отын өндіруші мемлекеттердің шектеулі тобына жол ашты. Өткен жылы ҚХР-ға 51 млн АҚШ долларына алғашқы тауар жеткізілді, зауыттың жобалық қуаттылығына шығуы 2024 жылға жоспарланған. Түсті металлургия тау-кен өнеркәсібімен тығыз байланысты екенін ескере отырып, біз геологиялық барлау жұмыстарын кеңейтуге, геофизикалық зерттеулер жүргізуге басымдық беретін боламыз, – деп атап өтті Ермек Көшербаев.
Былтыр «Казцинк» кәсіпорнын шикізатпен қамтамасыз ету үшін енгізілген Стрежан кен орнының полиметалл және мыс-колчедан кендерін игеру жобасы өндірісті 258 мың тоннаға дейін ұлғайтады және 2025 жылға қарай жобалық қуаттылығы 360 мың тоннаға жетеді. Бұдан бөлек қорлар расталған жағдайда Ұлан ауданында сподумен концентраты мен литий карбонатын өндіретін тау-кен байыту фабрикасы салынады. Инвестициялардың жобалық құны – 100 млн доллар.