Ауыл шаруашылығы

Ұқсата білген ұтады

Ерлан БАПАНОВ, Тарбағатай

Тарбағатай ауданы Жетіарал ауылында тұратын «Дарабоз» шаруа қожалығының жетекшісі Дәулетхан Нұрханов мал бордақылап сатуды біраз жылдан бері кәсіп етіп келеді. 

Нарық заманының талабына сай жұмыс істеп, қазіргі таңда 34 бас ірі қарасын жемшөпке байлап семіртуде. Еті қоңды малға қашанда сұраныс бар.

   – Бордақылаудың тиімдісі, жылдың кез келген мезгілінде сата аласың, өйткені күйі жақсы. Сонымен қатар айтарлықтай салмақ қосады, сатқанда жақсы баға шығарады. Шөпті турап береміз. Мал азығынан таршылық жоқ, жыл сайын гектарлап бидайымызды да, арпамызды да егіп, ойдағыдай өнім жинап келеміз. 272 гектар егістік, 6,6 гектар шабындық жеріміз бар. Лизингке алған техникаларымыздың арқасында жиын-терін жұмыстарын да іркіліссіз, тиянақты атқарып аламыз. Жалпы, малдың сапасына да жіті мән береміз. Сол үшін мал басын асылдандыру бағытындағы жұмыстардан да қалыс қалмадық, –дейді еңбекқор жерлесіміз Дәулетхан Нұрханов. «Ұқсата білген ұтады» деген осы да.

Шаруақор азамат мемлекеттің ауыл шаруашылығы бағдарламаларына да белсенді қатысқан. Мәселен, 2021 жылы  жылқы малын өсіріп, дамытуға «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалынан  65 млн 100 мың  теңге несие алған. Ал «Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрлыммен қамтамасыз  етуді талап ететін инвестициялық жоба» бойынша  Жантемір қыстағына электр желісін тартқызған.

Жалпы, Жетіарал ауылдық округінің де басым бағыттарының бірі – мал шаруашылығы. Ауылдық округке Жетіарал, Асусай, Қамысты және Жалғызтал  деген төрт елді мекен қарайды. Ауылдық округ бойынша 120-дан астам  шаруа қожалығы  еңбек нарығының көрігін қыздырып тұр.

Ауылдық округ көлемінде 2022 жылы барлығы 1023 га егістік жер игерілген. Жаңадан 47 га картоп, 15 га бидай, 940 га бұрынғы жоңышқа, 15 га арпа, 6 га көкөніс  егілген. 2021 жылы 22 шаруа қожалығы, 2022 жылы 28 шаруа қожалығы мемлекеттен берілетін ауыл шаруашылығы субсидиясына ие болған. «Жайылымдарды суландыру, инфрақұрылымдарын құру және мал өсіруші шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша бүгінгі күнге дейін 13 құдық қазылып, 16 шаруа қожалығы күн сәулелі энергиясымен қамтамасыз етілген.

 

Осы айдарда

Back to top button