Үйдің кепіл шартын онлайн тіркеуге болады
Былтыр шілдеде «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы бірқатар банкпен бірлесіп «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу» қызметін көрсету үдерісін автоматтандырған және оңтайландырған.
Содан бері ел азаматтары кепіл шарттарды мемлекеттік тіркеуге 11515 өтініш берген. Оның ішінде Отбасы банкі арқылы 6429, Халық банкі арқылы 2629, Банк Фридом Финанс арқылы 2457 өтініш қабылданған.
– Енді банктер жаңа технологияны қолдана отырып қажет құжаттарды Халыққа қызмет көрсету орталығына өздері жібереді. Бұл қызмет көрсету мерзімін 3 күннен 1 күнге дейін қысқартты. Құқықтық талдау процесін автоматтандыру арқасында банктер өтінім берген сәттен бастап тіркеуге дейінгі уақыт 3 минутты құрайды. Жаңа технология адами факторды болдырмайды, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы Мөлдір Зәруетқызы.
Бұрын азаматтар жылжымайтын мүліктің кепіл шартын тіркеу үшін банктен алған құжаттарды өз қолымен ХҚО-ға апаратын. Онда кепіл шартты тіркеп, ауыртпалық туралы анықтаманы алып, тіркелген шартпен бірге банкке қайта келетін.
Енді клиенттер жылжымайтын мүлкінің тіркелгенін растайтын құжаттарды алу үшін ХҚО-ға бармайды. Мемлекеттік қызметтің нәтижесі egov.kz порталындағы жеке кабинетте көрініп тұрады.
Ержан Әбіш