Жолдау жол нұсқайды

Учаскелік инспектордың мәртебесі артады

«Полиция мемлекеттің күштік құралы ретіндегі бейнесінен құтылып, азаматтарға қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қызмет көрсететін органға айналады» деді Мемлекет басшысы Жолдауында. Президент құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды міндет екенін, полиция қызметкерлерінің жұрт алдындағы беделі жоғары болуын, жұмысының нәтижелі болуын да атап өтті.

Әрине, әр азамат полиция қызметкеріне толық сеніммен қарауы керек. Бүгінде полиция қызметкеріне жүктелген міндет өте зор. Полицейлер жұмысының тиімділігі полиция қызметінің беделді болуына байланысты. Олар халықпен тығыз қарым-қатынас орнату кезінде жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана білуі қажет.

Соған орай Өскемен қалалық басқармасында және оның бөлімшелерінде ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасы аясында фронт-кеңселер ашылды. Бұл азаматтарға полицейлермен кері байланыс жасау мүмкіндігін туғызады. Кеңселер заманға сай компьютерлік техникамен, жиһазбен толық жабдықталған, азаматтарды қабылдауға, оларға заңнамалық кеңес беруге жағдай жасалған.

Сондай-ақ, патрульдік полиция қызметкерлері электронды планшеттермен қамтылып отыр. Бұл хаттама толтыру уақытын қысқартып, жемқорлықтың алдын алуға көмегін тигізеді. Себебі базаға тіркелген мағлұматты өшіру мүмкін емес.

Қазіргі кезде уақыт талабына сай көптеген қызметтер электронды түрде көрсетіледі.

Өскемен қаласындағы Ертіс полиция бөлімі бастығының орынбасары, подполковник Елдос Оразалиннің қарамағында жергілікті полиция, кәмелетке толмағандар ісі бойынша инспекция, азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобы, әкімшілік практика қызметкерлері жұмыс атқарады.

Бірнеше саланың жұмысын үйлестіріп отырған подполковник бірде психолог, бірде медиатор болатын әмбебап полицейлердің стреске төзімді болуы қажет екенін айтады.

Учаскелік полиция инспекторының, кәмелеттік жасқа толмағандардың ісімен айналысатын инспектордың, әкімшілік полицияның, одан қалды аңшы қаруын лицензиялайтын полиция қызметкерлерінің жұмысы халыққа таныс. Төрт бірдей саланы басқаратын полиция подполковнигі қызметтік жолын учаскелік инспектордан бастаған. Маман болу жолында қызметтің қызығы мен шыжығын қатар көрген оның үйретері де, үйренері де көп.

– Президент Жолдауында учаскелік инспектордың рөліне баса мән берілетінін, оның мәртебесі заңнама арқылы арттырылып, өнімді жұмыс істеуіне мол мүмкіндік жасалатынын айтты. Мемлекет басшысы учаскелік инспектор азаматтар алдында танымал, қолжетімді әрі беделді болуы, солардың құқықтарын қорғауы тиіс екенін де баса атап көрсетті. Президенттің осы бастамасын толық қолдаймын. Өзім еңбек жолымды Бородулиха және Шемонайха аудандарында учаскелік инспектор болып бастағанмын, – дейді Елдос Серікбекұлы. Ол бір жылдары үздік учаскелік инспектор болып та танылған-ды.

Полициядағы қызметті учаскелік инспектордан бастаған дұрыс деп ойлайтын Елдос Оразалин бұл саланың үйретері көп екенін айтады. Оның пікірінше, полиция қызметкері қандай жағдай болмасын өз борышын ұмытпай, азаматтық позициясын ұстануы қажет. Ал бұған шыңдайтын – нақты осы учаскелік полиция инспекторының қызметі. Халықпен үнемі қоян-қолтық қарым-қатынаста болатын учаскелік инспектор – бірде психолог, бірде медиатор, бірде тергеуші, енді бірде криминалист маманға айналатын әмбебап полицей.

– Шындығында, полицияға баға беретін – қарапайым халық. Кез келген мамандықта ең бірінші орында жауапкершілік тұрады, ал бізге деген міндет пен жауапкершілік тіптен жоғары. Ел тыныштығын, қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда полицияның үлесі зор, осы салада өзгенің өміріне араша болып, өз өмірін құрбан ететін де осы – полиция қызметкерлері. Пандемия кезінде де тынбай қызмет атқардық. Президенттің қойған талап-міндеттерін орындауға әрқашан дайынбыз, – дейді Елдос Оразалин.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button