Қуаныш ӘБДІҚАЛЫМОВ, Қазақстанның Мәдениет қайраткері: – 24 жыл бойы Роза Бағлановамен бірге жүрдім
Халқымыздың қайталанбас ғажап әншілерінің бірі Роза Бағланова екені сөзсіз. Бұл есім халқымыз үшін қашан да аяулы. Жақында қазақтың күміс көмей, жезтаңдай әншісімен 24 жыл бірге жүріп, концерттерін жүргізген Қуаныш Өтешұлы Әбдіқалымов деген азамат редакциямызға келіп, әйгілі өнерпаздың өмір жолы мен шығармашылығы туралы әңгімелеп берді.
Қарапайым мінезі баурап алды
– Қуаныш аға, ең алдымен оқырмандарымызға өзіңізді таныстыра кетсеңіз.
– Мен өзім Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы, Ақсуат елді мекенінде туып өскен азаматпын. Әдебиеттен білетін шығарсыз, қазақтың тұңғыш романдарының бірінен саналатын «Қалың малды» жазған Спандияр Көбеев біздің аталарымыз болып келеді. Қостанай қаласында Ыбырай Алтынсариннің өзі салып кеткен мектепте оқып, білім алдым. Өнерге жастайымнан құштар болдым. Сол құштарлықтың арқасында онжылдықты бітірген соң, Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжіне оқуға түсіп, «Көркемсөз оқу шебері» мамандығы бойынша тамамдадым. Қазақтан шыққан тұңғыш көркемсөз шебері, кәсіби жүргізуші Гүлжихан Ғалиеваның шәкіртімін. Сөйтіп, 1967 жылы Мәдениет министрлігінің арнайы жолдамасымен «Қазақконцерт» өнер ордасына қызметке орналасып, 2011 жылға дейін осы мекемеде еңбек еттім.
– Ал Роза Тәжібайқызымен таныстығыңыз қашан басталып еді?
Маңдайыңызға 24 жыл бойы әйгілі әншімен қатар жүру бақыты жазылған екен, ендеше халықтың ерке қызын жақсы білетін болдыңыз ғой.
– Бала кезімізден-ақ Роза апамыздың әнін тыңдап өстік қой. Бірақ халықтың сүйікті әншісімен жиырма төрт жыл бойы иық тіресіп бірге еңбек етемін деп әсте ойламаппын. Бұл да болсын, тағдырдың маған жасаған үлкен сыйы болар. Студент кезімде белсенді болдым. Бастауыш комсомол ұйымының хатшысы міндетін атқардым. Бірде білім ордасында әдемі бір шара өтетін болып, басшым мені Роза апайдың үйіне жұмсады. Ол кезде Роза апай Фурманов пен Шевченко көшелерінің қиылысындағы үйде тұратын. Астында «Оптика» деген дүкен бар еді. Келуін келсем де, әншінің үйіне кіре алмай жарты сағат сыртта жүрдім де қойдым. Бір түрлі жүрегім дауаламайды. Көңілімде «кісі менсінбейтін, тәкаппар адам болса, қайтемін?» деген ой да жоқ емес. Әйтеуір бір уақытта бесінші қабатқа көтеріліп, есікті қақтым. Бірақ Роза Тәжібайқызы мен ойлағандай тәкаппар адам емес, тым қарапайым жан екен. Мені бірден таныды. Көңіліме ұнағаны, адамды жылы тартып, «айналайын» деп сөйлейді екен. Қазақтың ең әдемі сөздерінің бірі де осы «айналайын» ғой. «Айналайын» деген сөздің өзі адамның жанын елжіретіп жібереді. Сол жолы Роза апам да «Әй, айналайын, сен өткен жолы әңгімеңді жақсы оқыдың, маған ұнады» деп ойындағысын бүкпесіз айтып, мені көтермелеп, жылы қабақ танытты. Сөйтсем, мені студияға түскеннен таниды екен. Кездесуге келетінін айтып, уәде берді. Бұл, ұмытпасам, 1966 жыл еді. Ал 1967 жылы мен оқуды бітіріп, Мәдениет министрлігінің жолдамасымен «Қазақконцертке» жұмысқа орналастым. Осыдан екі-үш жыл өткен соң, Роза Тәжібайқызымен жолымыз қайта түйісті.
Ол 1970-ші жыл болатын. Ленин жарықтықтың 100 жылдық мерейтойы бүкіл одақ көлемінде кеңінен аталып өтетін болды. Осы мерейтойға байланысты Роза Тәжібайқызының бригадасы Мәскеуге гастрольдік сапарға шығатын болды. Сол кезде Роза апам мені концерт жүргізу үшін сол кездегі «Қазақконцерттің» директоры Александр Чернышовтан өзі қалап сұрап алды. Бұл, әрине, мен үшін зор қуаныш еді. Осы сапардан оралған соң да, мені жібермей қойды. Сол жылы Роза Бағлановамен көптеген одақ елдерін араладық. Оның ішінде Украина, Молдава да бар. Қарап отырсам, жиырма төрт жыл бойы Роза Тәжібайқызымен қоян-қолтық еңбек етіппін. Өмірінің соңына дейін жақсы араластық. Мені туған інісіндей көретін, сыйлайтын, құрметтейтін. Ол кісі менің Спандияр Көбеевке туыстығым барын да жақсы білетін. Кейде «Қуантай, бір сәті түскенде сенің еліңе барғым келеді» деуші еді. Кейін Спандияр Көбеевтің 125 жылдық мерейтойы кезінде Қостанайға барып, ерекше қуанғаны есімде.
Әншінің елімізге келуіне Жұбан Молдағалиев ықпал еткен
– Сонда қазіргі тілмен айтқанда, сіз Роза апамыздың продюсері болдыңыз ғой…
– Продюсері болдым деп өтірік айтпай-ақ қояйын, ол кезде продюсер деген ұғым әлі қалыптаспаған. Тіпті, әншінің репертуары мен киген киімінде де жұмысым болған жоқ. Мен тек Роза апамыздың концертін жүргіздім. Сол кездің тілімен айтқанда, конферансье міндетін атқардым.
Кеңестік заманда ел-елді, жер-жерді аралап кететінбіз. Жылдың сегіз айында гастрольдік сапарда жүруші едік. Роза Тәжібайқызы шөп шауып жатқан, қой қырқып жатқан еңбек адамдарына дейін концерт беретін. Бұрынғы Кеңестер Одағы мемлекеттерін түгелін араладық. Тіпті, Америкаға дейін барып, концерт қойдық. Ал ел тәуелсіздігін енді алған тоқсаныншы жылдардың басында Роза Тәжібайқызы екеуіміз мектеп аралап кеттік. Сонда бір билеттің бағасы небәрі 25 теңге. Оның өзі біздің қалтамызға емес, «Қазақконцерттің» қоржынына түседі. Жалпы Роза апамыз өнерді сондай қадір тұтатын адам еді ғой. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын. Ол кісі 1922 жылы Қызылорда облысының Қазалы қаласында дүниеге келген ғой. Қызылорда педагогикалық институтында оқыған. Бірақ кенеттен әкесі қайтыс болып, Ташкенттегі тоқыма институтына ауысады. Бірде есіктің алдын сыпырып жүріп ән салған қыздың даусын өзбек филармониясының директоры Кари Якупов естіп қалады. Сол әканың көмегімен Ташкент филармониясындағы мемлекеттік әйелдер ән-би ансамбліне әнші болып қабылданады. Роза апамыздың Өзбекстаннан Қазақстанға келуіне ықпал еткен ақын Жұбан Молдағалиев екенін де айта кетейін. «Әкемдей қамқоршы болған Жұбан ағаның жақсылығын ұмытпаймын» деп жиі айтып отыратын өзі. Роза Тәжібайқызы Абай атындағы Қазақ опера және балет театрында, Қазақ филармониясында, «Қазақконцертте» қызмет істеді. Өле-өлгенше өнерге адал болып өтті.
– Роза апамыздың салған әні ғана емес, өзі де керемет бір сүйкімді, сұлу жан еді ғой. Сіздің ойыңызша, әншінің сұлулығының сыры неде?
– Ел арасында ол кісі туралы талай алыпқашпа сөздердің айтылып жүргенін білемін. Тіпті, Роза апамыз сұлулығын сақтау үшін сүтке шомылады екен деген қауесетті де құлағым талай шалған. Оның бәрі бос сөз. Ең алдымен Роза Тәжібайқызының жаны сұлу болатын. Өзі де «Менің барлық сұлулығым да, барлық жастығым да – менің жанымның тазалығында» дейтін еді. Ол кісіні сүйкімді еткен, сұлу еткен сол жанының тазалығы, сәбидей аңғал мінезі болды. Арам адам ешқашан алысқа ұзамайды. Мұны марқұм апамыздың өзі де жиі айтып отыратын.
Мен енді апамыздың талай жақсылығын көрген адаммын. Жиырма төрт жыл бірге жүру деген тіпті де оңай емес. Кейде үй бетін көрмей айлап гастрольдік сапарда боламыз. Халықта «адамды жақын танығың келсе, жолға шық» деген тәмсіл бар ғой. Адамның жақсылығы да, жамандығы да – бәрі алыс жолға шыққанда білінеді. Бірақ Роза Тәжібайқызының ешқандай артық мінезін көрмедім. Ол кісінің бар болмысы парасатқа толы болатын. Өзін өсірген, аялаған халқын да керемет жақсы көрді.
2007 жылы Роза апамыз 85 жасқа толды. Бұл мерейтойды еліміздің төрт-бес облысында атап өттік. Әйгілі әншінің туған жері Қызылорда облысына да бардық. Ол кезде облыстың әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммед еді. Мені шақырып алып: «Апамызды шаршатып алмайық, 7-8 концерттің ақшасын мен-ақ берейін, Қызылордаға ғана концерт берсеңіздерші» деді. Бірақ Роза Тәжібайқызы бұған келіспеді. Жаңақорғаннан бастап Аралға дейін аралап, концерт беремін деген мақсатынан айнымады. Сөйтсем, бұл халықтың сүйікті әншісінің туған жерімен қоштасқаны екен ғой. Сол сапардан кейін көп ұзамай сырқаттанып, ауруханаға түсті де, содан оңалып кете алмады. Роза апамыз 89 жастан бір ай асқанда қайтыс болды. Өзі «тоқсанға жетсем» дейтін, бірақ жете алмады.
– Халық Роза апамыздың орындауындағы Шәмшінің әндерін ерекше сүйсініп тыңдайтын еді. Осы орайда әнші мен сазгердің арасындағы қарым-қатынас қандай еді?
– Роза апамыздың Шәмшіге деген құрметі ерекше болатын. Ұлы сазгер де «Мені композитор еткен – Роза» деп жиі әзілдейтін. «Қазақ вальсінің королі» атанған сазгер жаңа шығарған әндерін сиясы кеппей тұрып, Розаға тыңдатып, Розаға орындатып алатын еді. Қазіргі күні қазақ радиосының алтын қорында әншінің 400-ден астам әні сақталған болса, соның 60-70 пайызы Шәмшінікі.
– Роза апамыздың есімін ел есінде қалдыру үшін қандай шаралар атқарылып жатыр?
– Көптеген шаруалар атқарылуда. Мысалы Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы мәдениет сарайына, көшеге, мектепке Р.Бағланованың есімі берілді. Еліміздің Астана, Алматы, Көкшетау, Петропавл, Павлодар секілді ірі қалаларында «Сағындым, апа, даусыңды» атты ән кештері ұйымдастырылуда. Алдағы уақытта әншінің жеке мұражайын ашсақ па деген жоспарымыз да бар.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали
6-сәуірде Өскемендегі Металлургтер сарайында, 7-cәуірде Риддерде, 8-сәуірде Семей қаласында, 9-сәуірде Аягөзде Роза Бағланованы еске алу кеші өтеді. Кешке Қазақстанның Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов және тағы басқа да белгілі әншілер қатысады.