Уақап Қыдырханұлы, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты: – Елбасының сыртағы ағайынға жасаған жақсылығын ұмытпаймын.
Ендеше, Шұбарат та Иесін күткен КИЕ. Күткенін тапқан тылсым. Тізгінін әу бастан өзі ұстап келе жатқан Тәуелсіздіктің қас-қағым сәттегі сағымдай самғауын мен басқа ешқандай тездікпен емес, дүлдүл дүбірмен, тұлпар тебінмен ғана өлшеймін. Өйткені, ол бауыры жазылып, бүйірі қызған сайын тізгін тежетпейтін, өрге салған сайын өршелене түсетін сәйгүлік самғау. Ол біздің ұлттық үрдіс!!!
Қарағандылық жас делегат жалт қаратқан еді
– Бұл Сіздің Нұрекеңді бір көргенде-ақ алған әсеріңіз ғой?
– Жоқ. Бұрын білетінмін. 1962 жылы Қазақстан комсомолдарының кезекті съезі шақырылған. Мен «Лениншіл жаста» істейтінмін. Съезд күнделігін жүргізетінбіз. Қарағандылық жас делегат жалындап сөйлеп жалт қаратқан. «…Қазақстан Магниткасында қазақ қыздары ілуде біреу ғана кездеседі. Біз жастық романтикаға толы қалпымызға қазақ қыздарын шақырамыз!» деп аяқтаған отты сөзін. Ол осы жас Нұрсұлтан еді. Осыдан жас ораторлардың жарысы үдеп кетті. Қыз құрылысқа да, тыңға да, бәріне керек екен.
Шығыс Қазақстаннан Шәйімкүл деген шопан қыз сөз алды. Магнитканың мәнін мансұқ еткен жоқ. Шешен екен. Сөз соңы шымырлай берді. «Қазақ қызы бар жерге керек екен. Оқу қуып, кәсіп іздеп ұлдар да ауылдан кетіп жатыр. Сонда ауылда кім қалады? Сол өндіріс, құрылысты, әскерлерді асырап жатқан рызықты кім жасайды? Ата кәсіпке кім ие болады? Анау өндіріс, құрылыстардағы сияқты бригадаларды біз де құрайық. Ауылдың ырысын молайтайық, мәдениетін көтерейік. Студент жастар ауылға келсін»,- деді. Сол қыз бірінші болып комсомол-жастардың мал бағатын бригадасын құрды. Жас металлургтің шақыруынан туған осы қимылды арқау етіп, «Тобылғы бүр жарғанда» деген әңгіме жазғам.
Қазақ қайда болса да менің халқым
– Елдіктің елең-алаңында Елбасының шетел сапарына да қатысыпсыз. Сол тұстардың тыныстарын да еске түсіріп көріңізші.
– 1991 жыл. Қыркүйек. Нұрсұлтан Әбішұлының Түркияға тұңғыш сапары. Анкара әуежайы. Алаң толған қазақ. Төбелеріне «Хош келдіңіз, қазақтың тұңғыш президенті», – деген керме көтеріп, аспанға қарап, алақан жайып тұр…
Сол қалың қазақ екі тәулік топырлап, төңірегімізде жүрді. Президент құрметіне қойылған концертке қатысты. Соның өзін қатарға қосылғандай сезіністі. Бір қызығы осы концерттің шымылдығын түріктер емес, біздің дәулескер домбырашымыз Қаршыға Ақмедияров «Көроғлы» күйімен ашты. Қара домыраның күмбірі ұлы сарайды сілкіндіріп жіберді. Түріктер тік тұрып тыңдап, ұзақ қошамет көрсетті. Сөйтсек, түріктер «Көроғлын» өздерінікі санайды екен. Мен оған таңғалғам жоқ. Былтыр үлкен концертпен келгенде Боло тауының бір беткейіндегі Көроғлы зиратына құран оқып, осы күймен зиярат еткенбіз.
– Қазақ туыстармен кездесу болды ғой, әйтеуір?
– Анкарадан аттанып, Измирдегі құрметке де қарын тойдырып, Эгей жағалауында дем алып, Стамбулға бет алғанбыз. Жасы жүзден асқан Хамза Жақияұлы бастаған ақсақалдар ұшақ табалдырығынан ақ батамен түсіріп алған. Вокзалдан шыға келсек анадай жердегі гүл газонының жиегінде үш қошқарды көлденең тартып үш жігіт тұр. Көшенің жарты шақырымға созылған арғы беті құжынаған қазақ. Қарулы қорғаушылардың өздерін қағып тастаған үш азамат Нұрекеңнің қолтығына кіре қаумалап құрбандықтың қасына әкелді.
– Бата, бата!
-А құдай, ақсарбас!
Абылайлаған, Алаштаған мыңдаған дауыс мидың мыңғы-дыңғысын шығарды. Жүрек жалындап, сезім тербеліп кетті. Көңілі жұмсақтардың көзіне жас толып, дәті беріктердің өзі тебіреніп тұр..
– Алла жарылқасын Аллаһакбар!
Бата жасалды. Жігіттер құрбандықтарды тік тұрған бойы шалып-шалып жіберді.
– Кездесу де керемет өткен шығар?
-Кездесуге ақылман ақсақалдар, тісқаққан азаматтар, әр елден келген өкілдер қатысты. Мұнарланған мұң, өзеуреген өтініш, жалтақтаған жалыныш болған жоқ. Қанша дегенмен тағдырдың талқысын көрген, от пен судан өткен жандар ғой. Тәуелсіздіктің тілекшісі екендерін айтты. Кеден кедергілері, барыс- келіс, бала оқыту, көші-қон мәселесі сөз болды.
– Қазақ қайда болса да менің халқым. Қашан болса да ойымда жүреді,- деді Нұрекең. – Сіздерде бізде жоқ біраз артықшылық бар. Ол – іскерлік, саудаға, базарға бейімділік, тұрмыстағы ұқыптылық. Келіңіздер, бірлесіп кәсіп құрыңыздар, біздің азаматтарды іскерлікке үйретіңіздер, -деді. Көңілдердегі күдіктерді жойды, жұбатты, қуантты. Дүниежүзі қазақтарының құрылтайын шақыру да осы жерде шешілді…
– Түркі халықтарының мәдениет, тіл, жазуы туралы сөз болғанынын да сізден естіген едік. Ол да осы жолы айтылды ма?
– 1992 жыл. Қазан. Тәуелсіз алты түркі мемлекетінің тұнғыш саммиті. Тақырып – түркі халықтарының саяси-әлеуметтік қимыл бірлігі. Саясат сараланды, экономика екшелді, тарих талданды. Ешкімнің қабағына қарамай, әр ел өз нұсқаларын ұсынды. Тек, мәдениет, тіл, жазу мәселесіне келгенде Әзірбайжанның сол тұстағы президенті Әбілфаиз Елшібей «Латын жазуына көшейік. Түрік тілін ортақ тіл етіп, БҰҰ-на ұсынайық» , деді.
– Болмайды, – деді Нұрсултан Әбішұлы.- Біз тәуелсіз мемлекет құрып жатырмыз. Тілсіз тәуелсіздік болмайды. Бір ағадан іргемізді бөлмей жатып, екінші бір тілді ағалаудың жөні келмейді. Одан арғыны уақыт көрсетеді.
Әңгіме әрі өрбіген жоқ. Өз басым Нұрекең тек қазақ тілін ғана емес, бодандықтан босанған бар тілді қорғап қалғандай сезіндім.
– Олар, бәрібір сол тұста -ақ латынға көшті ғой.
– Біз көше алмас едік. Өз жерімізде азшылық едік. Бұрын да «жүз тілдің планетасы» аталып кеткен елде небәрі 40 пайыз қазақты ешкім қолдамас еді. Тіпті қазақ тілін мемлекеттік тіл еткеніміздің өзі нар тәуекелдің ісі еді. Қазақ бүгін 70 пайызға жетті. Мемлекеттік тіл мойындалды. Елбасы Біріккен Ұлттар Ұйымының мінбесінен қазақша сөйлеп, оның мәртебесін бар әлемге танытты. Міне, енді уақыт жетті. Шешім қабылданды. Емле жасалды. Енді оны асықтырмай, кешіктірмей аса байыппен жүзеге асыру керек. Рас, апострофтық негізде жасалған таңбаларға түйткілдер бар. «Көш жүре түзеледі».
– Сіз Елбасының Иран сапарының да куәгері едіңіз ғой.
– Ол әлгі Анкара саммитінің жалғасы болды. Саммит сәтті өтті. Декларация жазылды. Қазақстанның Түркияда Бас елшілігі ашылды. Одан әрі Иран сапары. Тағы сол таңғажайып құрмет, таза ниет. Адамзат мәдениетінің ежелгі орталығындағы таңғажайыптар аз сөзге симайды. «Сырттағы ағайын қашанда менің жүрегімнің түкпірінде жатады» деген Президенттің ондағы ағайындарға жасап кеткен аса бір зор жақсылығын айтайын.
Ауғанстандағы әділетсіз соғыс кезінде ондағы қазақтардың бәрі дерлік сыртқа сабылып кеткен. Босқындар туралы халықаралық Варшава шартына сәйкес енді оларды Ауғанстанға қайтару керек. Бұл шара жүзеге асса, Ауғанстан оларды босқын емес қашқын деп қабылдап, құртып жіберуге дейін баратын қауіп төніп тұрған. Нұрсұлтан Әбішұлы Иран Ислам Республикасының президенті Әләкпар Хашеми Рапсажанимен оңаша сөйлесіп, оларды қайтармауды мемлекеттік келісімдердің бірі етіп қабылдатты. Өмір бойы еш елде азаматтығы, еш жерде панасы болмаған сол бейбақтарды келесі жылы ұшақ жіберіп, әр елден теріп әкеле бастады. Шынтуайтында сырт қазақтың атамекенге ресми көші осыдан басталды.
Ұлылықты – өз ұлтыңнан, ынтамақты –ұйысқан ұлысыңнан ізде
– Уахап аға, қазақ руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген адам ретінде Сіз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» атты мақаласы туралы не айтасыз? Рухани жаңғыруды неден бастау керек? Жалпы, қазақ халқының рухани әлемі қандай?
– Бұл кесіп айтып, келте қайыруға келмейтің, егжей-тегжейі бір сұхбатқа симайтын тақырып. Аллаға шүкір, Тәуелсіздігіміз тапжылмастай орнықты. Оны енді ешқандай күш кеміте, еш тарих төмендете, еш құбылыс ауыстыра алмайды. Бабаларымыз ел жаңаруын – 50, дәуірді-100 жылмен өлшесе, біз оны небәрі 25 жылда жүзеге асырдық. Тарихтың қас қағымдай сәтінде ғана тұтастай сапалық жаңаруға, сандық көбеюге, әлеуметтік ілгерілеуге жеттік. «Кер даланың керенау қазағын» бүгін білмейтін ел, танымайтын түкпір жоқ. Әлемдік аренада даусымыз саңқылдап естілетін болды. Осының бәрі тәуелсіздігін теңселтпей, ұлттарының ынтымағын ірітпей, даудың тізгінін тежемей ілгері жетелеп келе жатқан Елбасы парасатының жемісі. Енді сол парасат адамдарды рухани сілкіндіруді алға шығарса, оның да уақыты жеткені. Түптің түбінде мұның өзі тәуелсіздік тағылымын миға мықтап сіңіріп, жаһандық жанталастарда ұлттық мұраттардан ажырап қалмауға, ұлы көш керуенінің көлеңкесінде жасырынып жүретін келеңсіздіктерді ақылмен ауыздықтауға жеткізетін жорық. Сондықтан да оның аты «БОЛШАҚ БАҒДАРЛАМАСЫ».
– Сонда мұны неден бастау керек?
– Әркім өзінен бастауы керек. Адамзатта өзін өзі іздеу, өзін өзі тану дейтін тағылым бар. Ол өмір бойы үзілмейтін үрдіс. Еңбектеп өмірге енесің. Ата-ананың мейірімі, отбасының жылуы, айналаның аялауы кәмелетке дейін көтеріп әкеледі. Одан әрі өзіңді өзің іздеу үрдісі басталады. Көлденеңдеп пенделік пиғылдың, пәни дүниенің пәлекеттері шыға келеді. Ұлы Абай айтқан «бес асылды» игеру үшін «бес дұшпанмен» күресуің керек. Қанағатты таппасаң, тойымсыз топастық иектейді. Тәубеден жаңылсаң тағы болып кетесің. Шүкіршілік көтерілген көкірекке күпірлік үялайды. Сезім мен төзімнің – жүрек пен бастың тізгінін тең ұстай алмасаң тағы да адасасың. «Жүрек қасиетті-ақ,- дейді Лұқпан хакім.- Бірақ ол жеңілтек. Оны баспен басқару керек. Жүрекке ерсең сезімге жетелейді. Миға салсаң – төзімге тартады. Жүрек пен бастың тізгінін тең ұстасаң ғана адамдық кемелдікке жетесің». Көресіз бе, басқаны қойып, сезімнің өзіне тізгін керек екен.
Демек, өзін өзі танымаған өзгені тіпті танымайды.
– Ал осыны өз әлемінен емес, сабылып сырттан іздейтіндерге не айта аламыз?
– Ол өзін өзі іздеу емес, өзін өзі жоғалту. Қазақ мұны бастан көп кешкен. Туған жерден көшіп те, шошып та, үркіп те, босып та көрген. Барған жерде бақыт таппаған. Керісінше отансыздықтың отына түскен. Сарғайып сағыныш кешкен. Өкініп, өмірі өксіген. Сол қазақтың үштен бірі сабылып, әлі сыртта жүр…
Ендеше сен ұлылықты өз ұлтыңнан, ынтымақты – ұйысқан ұлысыңнан ізде. Кеңдік керек пе – шетсіз-шексіз далаң жатыр. Биіктікке құмартсаң – күллі түріктің кіндігі кесілген Алтайыңа, асқар Алатауыңа қара.
Тауды бұзып, тас жарған,
Таза, мөлдір бал бұлақ.
Айна бетін аспаннан
Аймалаған ай құлап.
Тұнығы шөл қандырып,
Тіліңді ала қашады.
Самалынан әл кіріп,
Сарайыңды ашады.
Бұдан артық қандай тұнықтық болмақ. Сенің анаң да, данаң да туған жер, тұп-тұнық табиғат. Сен өзіңді осыдан ізде. Қазақ руханияты осыдан жаралған!!!
– Сіз бір сөзіңізде «Алтай менің таусылмайтын тақырыбым, сарқылмайтын сағынышым» депсіз. Осының астарынан әлдебір салқын сарын аңғарылатын сияқты. Айтыңызшы, бала Уахап бал дәуренін қайда, қалай өткізіп, нені армандайтын еді?
– «Бал дәурен» – Отаны бүтін, отбасы түгел, ортасы толық, айналасы аман балаға тән бақыт. Мен туған жердің тал бесігі бұйырмай, жөргегімде жер ауған бейбақ болдым. Балалықтың балын емес, зәрін таттым. Ананың әлдиімен бірге зарын естіп, әженің ертегісінен бұрын еңіреуін тыңдап өстім. Сәбиімде сағыныш соқты. Мектеп көргем жоқ. Жеті жасымда жалғыз ағамды сол арғы беттен-ақ орыстар ұстап әкетті. Сегізімде әкеден қалдым. Шер жұтып жүріп шешем де көз жұмды. Түрлі-түрлі жағдайда үш апай, бір бауырымнан айырылдым. Сонда бұл балалығыма өтірік бал жағып, қалай балбырата алармын.
-Тал бесікте талқыдан өткен тағдырдың одан соңғы ғұмырында бір ғибрат бар шығар?
– Он үш жасымда (1946 жылы) тұл жетім болып, аймақта тұратын Түсіпхан ағама бардым. Сол тұста құрылған Шығыс Түркістан дейтін өкіметтің бір мекемесін басқаратын еді. Әкем көнеше де, жаңаша да оқыған, Міржақып Дулатовтан дәріс алған сауатты адам еді. Төрт жасымнан тілімді түзеп, алты жасымда әліпби танытып, сегізімде Құранды мүдірей оқитын жерге жеткізіп кетіп еді. Жетімдік жұдырықтың астына алғанда соның өзі сүйемелге жарап, ағамның кеңсесіне қолбала болып кіріп кеттім. Хат көшірдім, талон жаздым, салық жинадым. Бастауышқа соқпай гимназия тауыстым, мұғалім болдым. Партиялық курстан өтіп, өлкелік газетке бардым. Өлкелік радиода қазақша хабарлар бөлімін ашып, оның редакторы да, дикторы да мен болдым.
– Мұны енді жетімдік емес жетілгендік демейсіз бе?
– «Жетім қозы тасбауыр, Түңілер де отығар…» деген ғой хакім Абай. Желкелеген тағдыр отықтырса да «сорлы жүректің соқтығысын» баса алмадым. Туған жерге сағынышымды сарқа алмадым. Қалтасында Кеңес паспорты барлардың Отанға қайтуына орай 1955 жылы 23 мамыр күні ең бірінші «оралман» болып, Майқапшағайдан аттап өттім.
– Арман шекарасынан аттап өткен сәттегі алғашқы әсеріңіз…
– Екі елді бөліп жатқан Жеменей деген жіңішке өзеннен өте шықтық. Түсіпқан ағам автобустан қарғып түсіп, қара топырақты құшып, үн салып жылады. Жапа тармағай жерге түстік. Үлкен апайымыз көкмайсаға маңдайын басып, құбылаға қол жайып, «А, құдай, енді адастыра көрме!» деп бата жасады. «Аумин!» деп бет сипадық.
Кеден кедергісі кешке дейін созылды. Ақшам үйіріле Көгедай селосына келіп жеттік. Бізді күтіп тұрған оншақты адамды екпіндеп тоқтаған машинаның шаңы басып қалды. Сол шаңның арасынан аңыраған дауыс шықты.
– Құдай-ау, мынау Бибала ғой…
Автобустың алдыңғы жағында отырған Қалимаш апамыз да азынай ұмтылды. Қызыл іңір. Қып-қызыл жылау… Дайын үй жоқ. Бір үлкен бұзау қораның еденіне киіз жайып, тазалап, екі-үш шам қойыпты. Құшақтаса ішке кірген екі апамыз ал жоқтасын келіп. Танығандарын ымдап шақырып, оның иығына бір қолын іліп қойып жыр төгеді. Кезек маған келді. Аты-жөнімді сұрап алды да Бибала апам солқылдата жөнелді.
Қайтейін бұл дүниенің жалғанына.
Жетпеді-ау әке-шешең арманына.
Аллаға мың шүкірлік дейін қалқам,
Бір тұяқ асылдардан қалғанына.
Аллалап ала таңнан тұрды ма екен,
Түсіне бір жақсылық кірді ме екен.
Адасқан жалғыз қаздай Мақсұт ағаң,
Дәл бүгін сен келерін білді ме екен…
Апайымның сөзі үзіліп, түсі бұзылды.
– Не дейсің, Бибала. Кімді айтасың?
– Мақсұтты айтамын… Ол тірі. Алматыда тұрады.
Апайым «Аһ!» деп қисая берді. Дел-сал күй кешіп, бедірейіп, мен отырып қалдым.
Қысқа қыстырма:
Мақсұт баяғыда орыс ұстап әкеткен ағасы. Үш жылға соттап, Сібірге апарып тастапты. Мерзімі бітерде соғыс басталыпты да Сібірде мәңгі сүргінде қалдырыпты. Өзі тіленіп соғысқа барып, «Айып батальонына» алыныпты. Майданға екі кіргенде жүздеген адамнан жетеуі ғана тірі қалып, гвардиялық полкқа алыныпты. Полкті бас көтертпеген жау дзодына жалғыз барып, граната тастап, 18 немісті жойып, төртеуін тұтқындап, шабуылдың жолын ашыпты. Батырлыққа барабар осы ерлігіне небәрі «Жауынгерлік Қызыл Ту» ордені бұйырыпты. Үнемі шеру бастап, шеп бұзуға дағдыланған жанпида жауынгер жараланып (бүкіл полкпен) жауға түсіпті. Соғыстың соңын ала тұтқынның тозағынан да аман шығып, тағы да жарты жыл жаумен жағаласыпты…
– Қандай қатал тағдыр еді!
– Иә, қатал тағдыр. Енді, өмір бойы аңсаған Отанына оралған, он алты жыл бойы жоққа санап, түңіліп кеткен жалғыз ағасының бар екенін естіген тірі жанның көңіл күйін қандай тілмен жеткізе аларсың! Мықтысың ғой, айналайын Мейрамтай, осыған енді өзің сөз тауып көрші!
Сағыныш болып қалған сәт
– Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туында да» (Дидарда) қызмет істепсіз. Әдебиет үйірмесін ашып, талапты жастардың қалам ұштауына да ат салысыпсыз. Сірә, бұл да бір сағыныш болып қалған сәт шығар!
– Төртінші курстың журналистік машығын өткізген бойда «Лениншіл жаста» (Жас Алашта) жұмыста қалғам. Оқу біткенде Орталық Комитет Шығыс Қазақстанға бөлсе де жастар газеті ара түсіп, жібермей қойған. «Коммунизм туының» редакторы Бейсенғали Тәйкіманов қояр да қоймай шақыртып алды. Газеттің белді журналистері Төлеуқан Кенжебаев, Шерияздан Елеукенов ағаларымыз Алматыға кетіпті де редакцияда дипломды маман қалмапты. Менің курстасым Рамазан Сағымбеков жауапты хатшы, мен мәдениет және тұрмыс бөлімінің меңгерушісі болдым. Облыста бірде бір жазушы, не белгілі ақын жоқ екен. Келе редакция жанынан әдебиет үйірмесін аштық. Оған редакциядағы жастар Ғаббас Қабышев, Тоқтарбек Қызықпаев, Кеңес Юсупов, Жұмәділ Әділбаев, қоғасын-мырыш комбинатының инженері Кешірім Бозтаев, Жолдасбек Смаилов, қазақ орта мектебінің әдебиетке әуес мұғалімдері қатысып жүрді. Алғашқы жиынға Зайсаннан Кеңесбек Қалиев, Бикен Мұхаметжанова, Сайлаубек Жанабылов, Күршімнен Қабдолла Тұраров, Риддерден Көкей Сақабалар келді. Әдебиет теориясынан білгенімізді айттық. Журналистиканың жанрларын сөз еттік. Газетке шыққан өлең, әңгімелерді талдадық…
– Демек, біздің әйгілі ағаларымыздың бәрі аттаған табалдырық болған ғой?
– Көп ұзамай мені Қазақ радиосы бас редакторының орынбасары қызметіне шақырды. Рамазан Сағымбеков те жоғарылап қайта оралды. Ғаббас келіп, «Қазақ әбиетінен» орын тепті. Осыдан бастап «Коммунизм туының» ту ұстағандары Астанаға ағылды. Жүніс Ибраев, Тоқтарбек Қызықбай, Кеңесхан Зәкенов, Кеңес Юсуповтар да келіп «Социалистік Қазақстанда» (Егемен Қазақстан) бір шоғыр болдық.
Шығыс баспасөзіне лек болып барып, леп беріп кеткен достар Алматыда тоғысып, тойымыз жалғасып, тобымыз жарасып жүрген едік. Қазір Ғаббас екеумізден басқасы жоқ. Қайран дәурен де, қайран достар да еске түскенде кексе көңіл бір кілкіп қалады..
– Бар ғұмырыңыздың журналистикада өткеніне, біржола жазушылыққа бетбұрмағаныңызға өкінбейсіз бе?
– Өкінбеймін. Біле білсеңіз жазушының түп тегі журналист. Ал, қалам маған Хақ берген сый. Сол қаламмен халыққа қалтқысыз қызмет істедім. Сол қаламмен шар бетіне шашылып кеткен қазақтарды іздеп тауып, тағдырларын тәуелсіздікпен жалғастыруға қымет еттім. Сол қаламмен Тәңір сөзінің тәпсірлік тәржімасын жасадым. Ол мені Жаратқанға жақындатқан жарылқаушым. Бұл менің ұлы қанағатым!
– Сіз Құран Кәрімнің Қазақстан топырағындағы тұңғыш тәржімашысысыз. Ол да елдігіміздің елең-алаңында жасалған аса сауапты іс. Осы кездейсоқтық па, әлде бір химетің ісі ме?
– Пенденің кейде өз қабілетінен тыс табысқа, өзі арман етпеген мәртебеге жететін сәті болады. Оны тек Тәңірдің жарылқауы деп білу керек. Құдайсыз қоғам құлдырап, тәуелсіздік таңы рауандап келе жатты. Осы тұста Жаратқан Хақ менің жүрегімнің түбіне түсіп кеткен иманымды оятты. Тәуекелге жетеледі. Тәпсірлік тәржіманың алғашқы нұсқасы тәуелсіздіктің табалдырығында 200 мың таралыммен басылып, тез тарап кетті. Қайта қарап, біраз жетілдірілген нұсқа «Қазақстанның мәртебелі президенті Нұрсултан Назарбаевтің халыққа сыйы» ретінде 2002 жылы қайта басылып, тегін таратылды. Демек, бұл ең әуелі жаратқанның жазуы. Сол арқылы өзіме өзім жүктеген парызымның шама-шарқымша орындалуы. Өмірімдегі аса зор қанағатым. Кімге болса да айтудан жалықпайтын жалғыз тілегім бар. Ол: Аллаға сиын, Аллаға сүйен! Жарылқайтын да, Жазалайтын да, Жан дүниеңді тазалайтын да
Ол сенің Иең! Мұны одан әрі егжей-тегжейлеудің қажеті жоқ.
Әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали