«Дидардың» қонағы

Уақап Қыдырханұлы, – Елбасының сыртағы ағайынға жасаған жақсылығын ұмытпаймын.

Уақап Қыдырханұлы, -	Елбасының сыртағы ағайынға жасаған жақсылығын ұмытпаймын.


Қалам қуатымен тарихың қатталып, шежірең де жасалады. Осы орайда әрқайсымызға қымбат Тәуелсіздік тарихын қаламымен өрнектеп келе жатқан қаламгерлер баршылық. Солардың бірі – жазушы-публицист, дінтанушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Зайсан ауданының Құрметті азаматы Уақап Қыдырханұлы. Тұңғыш Президент күні қарсаңында биыл 85 жасын тойлағалы отырған қаламгермен сұхбаттасқан болатынбыз.
Теміртаудағы жүздесу

– Уақап аға, өзіңізбен Тұңғыш Президент күні қарсаңында сұхбаттасып отырмыз. Осы орайда әңгімемізді Елбасымыздан бастасақ деймін. Білуімізше, Сіз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлын ертеден, нақты айтсақ, 1973 жылдардан біледі екенсіз. Сол бір сәттерді еске түсіріп, әңгімелеп берсеңіз қайтеді?

– Облыстардағы бар тілшіні жылына бір жинап, апта бойы мәре-сәре болатын бір әдет бар еді «Социалистік Қазақстанда». Жаңашыл редактор Ұзақ Бағаев осы салтты бұзып, тілшілердің бәрін, екі-үш бөлім бастығын қосып Қарағандыға алып барды. Алып комбинат, зауыттарда болдық, шахтаға түстік, мәдениет, оқу орындарын көрдік.

Теміртау. Кеніштің кереметі. Дәу-дәу домна, тау-тау темір. Қара тас қарш-қарш туралып, ерітіліп, қорытылып, қып-қызыл бұлақ болып, бұлқынып, сойылдай-сойылдай сом темір туырлықтай-туырлықтай қаңылтыр болып, қатталып-бүктеліп жатыр. Отандық осы алыпқа жастық жолдамамен келген Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс істеген домна пештер үлгіге қойылыпты. Қабырғасында қаспақ, шаңырағында шаң жоқ домнаның дөдегесінен Нұрсұлтанның атын көргенде қуанып кеттік.

Аттанарда қалалық партия комитетінің екінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев қонақасы беріп, оны өзі жүргізіп отырды. Жас патриоттың парасаты, тапқырлығы таңғалдырды. Ешкімнен сөз сұрамайтын журналистердің өздерінің сезімдерін сілкіп-сілкіп тастайды. Жағымды лебізден жаныңа жылу еніп, төрдегі той төрағасына жаудырай қараймыз.

– Айналайын Нұрсұлтан, «Социалистік Қазақстанды» қазақ баспасөзінің қара шаңырағы деп дәл айттың. Ал оны «Қазақ ақыл -ойының ордасы» дегенді өзіңізден естіп, төбемізбен көк тірегендей болып отырмыз. Енді мен құдіретті сөздің «қолбасшысы» деген теңеуге толмаймын. Ондай ұлы тұлғалар болған… Алда-жалда айшықтап айтуға тура келсе, «Социалистік сөздің сарбазы» десе болар. Осы қара шаңырақтың бір ұланы өзіңізсіз. Алатаудың бөктерінен Теміртауға аттанарда ақжол айтып аттандырған осы абыз басылым болатын, – деп газет редакторы Ұзақ Бағаев сөз бастады.

О, пәлі! Бір сөздің жалынына жылынып, бірінің солқылдағын сезіне сүйсініп, біз отырмыз. Бір кезде Нұрсұлтан:

– Анадан асқан асыл, ұстаздан ұлы тұлға жоқ, – деді. «Ұстазым» әнін домбырамен сүйемелдеп, бір қайырған соң.

– – Сіздердің араларыңызда менің мұғалімім отыр. Ол кісіні көргенде, Қарғалыда балапан қуған балалығымды көргендей боламын. Алтеке – Алтынбек Жолдасбеков, сөз Сізде.

Тағы да толқынды сөз, тосын теңеу.

– Газеттен сізді көп іздеймін. «Социалистік Қазақстанды» оқымасам, ұстазымның үйге берген бір тапсырмасын орындамаған сияқтанамын.
Бұдан артық қалай айту керек…

…Тегі, Теміртауды тым асқақтатып, Алатауды аласартып жібердік пе екенбіз, әлде, туған жердің топырағы қолтығын қақты ма, Нұрекең домбыраны күйге келтірді де сазын да, сөзін де өзі жазған «Шұбарат» әніне басты.

Алатау туған жерім, елім менің,
Сағындым арасынан ескен желін.
Арқада ардақталып жүрсем-дағы,
Ер жігіт ұмытар ма туған жерін.

«Шұбарат» Алатаудың етегінде,
Шамалған тұрады оның жетегінде.
Арқадан асыл жарды тапсам-дағы,
Туған жер сенен алыс кетермін бе?

Бай да өтер, би де өтер, батыр да өтер,
Басында панасы жоқ пақыр да өтер.
Бұл дүние қарап тұрсаң тұрағы жоқ,
Жел соқса бір-ақ сәтте ұшып кетер.

Тұнық дауыс, ашық әуен, анық сөз. Арқаның алай-дүлей дауылынан, домнаның дүрілдеген жалынынан ықтап, оңаша отырып, сызылтып салған сағыныш сазы.

Әсем ән де, әдемі сөз де менің құлағымда қалды.

– Бұл романтикалар газетте жазылып па еді?

– Бұл сапарға газеттің екі санын арнап, кейін кітап ету ұйғарылды. Мен «Шахтадағы шуақ», «Хантәңірінің қара дауылы» деген репортаж, «Сырласу» атты новелла жаздым. Репортажда шахта хикаялары айтылған да, новеллада Нұрекең мен әйгілі кенші Алтынбек Дәрібаевтың Самархан көлі жағажайында жүріп сырласқандары суреттелген. Жамбылдық тілші Жақсылық Сәтібеков «Алыпстан», Еркеш Ебікенов «Жалын» атты дастандар жазды Бірақ редактор Ұзақ Бағаев кенет қайтыс болды да. бұл шаруа аяқсыз қалды.

– «Шұбараттың» шылбырын да қағып көрдіңіз ғой?

– «Шұбараттың» ономастикалық анықтамасын білгем жоқ. Білетінім – «Ер қанаты – ат». Пайғамбарды миғражға көтерген – пырақ. Хазреті Ғалидың құдіретті серігі – дүлдүлі. Батырдың бір күші – тұлпарында. Салдың сәні – сәйгүлік. Шұбарат та бір батырдың бәсіресі болған шығар. Бәлкім, шын бапкерін таба алмай, бауырын жазып шаба алмай, майданда атой сала алмай, ащы терін ала алмай, оқыста омақа асқан шығар. Әлде, Ақанның Құлагері сияқты бір Қотыраш жұлынын үзді ме екен? Содан атағын Атақонысқа тастап, өзі болашақ иесін күтіп, ғарышқа көтеріліп кеткен кие ме екен?

– Бұл енді Сіздің қиялыңыз ғой.

– Ондай хикмет эпостарда айтылады. Әсет Найманбаевтың «Салиха -Сәменін» оқыңыз. Хан қызы Салиха екеуі жасырынып, үңгірде үстерінен түскен орда жасақтарымен үш күн алысқан Сәменді ақыры «өлтіріп» тастап кетеді. Үш күннен кейін кісенін үзіп, кісінеп қашып келген Сайын бурылдың дүбірінен оянған Сәмен үш айдан соң өз дертіне шипа Салихаға қайта қосуды тілеп, сонау Тяньшанда, Мамаржа ғарында (үңгірде) жатқан Көкше әулиеге барады. Қар жаудырып, дауыл тұрғызып, ғардан ғажайып тұлға шығады.

«Сәменді көзін ашып, көрді байқап,
Сөйледі бір сілкініп, басын шайқап:
Ол қызды құдай саған қосқаны жоқ,
Бекерге қор болыпсың бейнет айдап.
Астыңда бар ма сенің Сайын бурыл,
Міндің бе бабын тауып, жақсы жайлап.
Шығысқа Шыңғыс деген хан келеді,
Бұйырды құдай оны соған сайлап.
Енді оны мен де соған дайындаймын,
Жаяу қайт Жаятасқа тамаша айлап.

Деді де бурыл атқа мойын бұрды.
Білмейді Сәмен сорлы мұндай сырды.
Әулие қолын бұлғап қалып еді,
Кісінеп, бурыл шауып Ханға кірді…

Ақын Шыңғыстың келетінін әулиенің аянымен айтады да, жарты әлемді монғолдың тапал аттарының тұяғымен-ақ таптап өтуін Сайын бурылмен меңзейді.

Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали
(Жалғасы бар)

Осы айдарда

Back to top button