Абай - 175

Уақыт шерткен сыр: музей тарихынан 80 дерек

 Биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойымен қатар       Семейдегі ақын музейіне 80 жыл толып отыр. Осы орайда Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің қызметкерлері «Уақыт шерткен сыр: музей тарихынан 80 дерек» айдарымен түрлі тарихи деректерді, мәліметтерді халық назарына ұсынуда. Ең алдымен атап өтеріміз, Абай музейінің Семей қаласында ашылуына ұсыныс айтып, ықпал еткен  жазушы Мұхтар Әуезов. Ақын музейі тарихынан 80 деректі толық келтіру мүмкін болмаса да, біз ең қызықтыларын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

 Әнияр Молдабаевтың үйі

Ең алдымен Абай музейінің бастауы болып табылатын Әнияр Молдабаев үйінің тарихы туралы айта кеткіміз келеді.

ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамындағы түрлі қызметімен халыққа жақсы танымал болған айтулы тұлғаның бірі – Əнияр Молдабаев. Ол – оқымысты, шенеунік, мемлекеттік банк қызметкері дəрежесіне көтерілген адам. Абай ауылының азаматы, Шыңғыс болысы, Тобықты ішінде Əнет руынан. Əкесі Қожабай ағаштан түйін түйген бесаспап шебер болған. Данышпан ақын бала Əниярды Семей қаласына əкеліп, «Русско-киргизское училищесіне» оқуға береді. Бұл оқу орнын ХІХ ғасырдың орта тұсынан бастап қазақ балаларын оқытуға үкімет  арнайы ашқан болатын.

Əнияр хакім Абайдың тəрбиесін көрген. Абай Құнанбайұлы өзінің балаларымен бірігіп Ə.Молдабаевқа Семейдегі Москвин деген көпестің үйін сатып əпереді. Бұл үйге Кəкітай, Шəкəрім, Мағауия, Ақылбай, Тұрағұл жиі келіп жүрген. Мұхтар Əуезов те осы үйде пəтерде тұрған. 1904 жылы тамыз айының орта шенінде Семей қаласындағы Əнияр Молдабаевтың үйінде Абайдың қырқы беріледі.

Бұл үйде Алаш зиялылары Әлихан Бөкейханұлы мен Міржақып Дулатовтың отбасылары тұрғаны туралы Гүлнар Міржақыпқызы: «Әкем 1921-1922 жылдары Семей губсотында жұмыс істеді де, біз Комиссарская көшесіндегі Әнияр Молдабаевтың екі қабатты жекеменшік үйінде тұрдық (кейін Абай музейі болды). Үстіңгі қабатында біз – Дулатовтар, біріншісінде Әлихан атекемнің (Бөкейханов) үй іші жайғасқан еді», – деп естелік қалдырған болатын.

Сонымен бірге, Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағының шығуы да осы үймен байланысты. Бұл туралы «Абайдың өмір жолы» естелігінде Әрхам Ысқақов былай дейді: «…Кәкітай корректорлық міндетін өз мойнына алатын болыпты. Петербургтегі баспахана бір баспа табақ қағаз басып, Семейдегі Әнияр үйіне жіберіп тұратын болды, Әнияр Кәкітайға жеткізіп тұрады. Кәкітай оның қатесін түзеп, қайта Петербургке жөнелтеді».

 

                                Жидебайдағы Абайдың музей-үйі

Бұл үйдің ашылу тарихы да ерекше. 1945 жылы Абайдың 100 жылдық мерейтойына орай осы тарихи мекен музей-үй болып ұйымдастырылып, жасалып, жабдықталып көпшілікке алғаш есік ашты. Ұлы ақынның 125, 150 жылдық мерейтойлары қарсаңында күрделі жөндеу мен қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, қосымша экспозициямен толықтырылды. Экспозиция көрмелері мен көріністері бес бөлме мен екі дәлізді қамтиды. Кіре беріс дәліз Абай өмір сүрген дәуір, ата-тек, ұрпақтарға арналған шежіре және қыстау, қыстақтың тарихымен таныстырады. Қатпа мен Мақып Қорамжановтар, Мұхтар Бәшеевтердің естеліктерінде үйдің бұрынғы жай-жапсарымен таныс боласыз.

Шежірелі Шыңғыстаудың еңісіндегі  Жидебай қорығы Құнанбай қажының ескі тамы орналасқан қыстауы болған екен.Ұлдарын үйлендіріп, еншісін бергенде бұл үйді жас отау иесі Оспанға берген. Оспан Құнанбайұлы 1891 жылы өмірден өтіп, бәйбішесі Еркежан өз қалауымен Абайға тұрмысқа шығып, 1895 жылы ескі тамның орнынан Абай қала үлгісіндегі осы үйді салдырған. Жергілікті жерден 30 құрылысшыны жалдап бес бөлме, екі дәліз және шошаланың қабырғасын көтертіп, Семей қаласынан арнайы пеш шеберлерін алдыртқан. Голландтық пеш, бу тартпа пеші, контрамарка пештері әр бөлмеде орналасқан.

1904 жылы Абай Құнанбайұлы дүние салғаннан кейін бұл үйге немересі Әубәкір Ақылбайұлы ие болған. Қуғын-сүргін дүрбелеңі басталған кезде сол кездегі өкімет Әубәкірді айдауға жіберіп, Абай қарашаңырағын тәркілеп, тартып алған. Бұл үйді әр жылдарда дүкен, кітапхана қызметіне пайдаланып, жан-жағынан есік шығарып, жатақхана ретінде де пайдаланған.

1971 жылы Абай үйінің қызметінде болған Мақып Қорамжанкелінінің  айтуымен қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, реставрациядан өткен.

 

Мұхтар Әуезовтің елге сапары

Айта кету керек,  Мұхтар Әуезов 1940 жылы ұлы ойшылдың 95 жылдық мерейтойы қарсаңында өзі Жидебайға арнайы келіп, Абайдың төрт құлақты ескі бейітін жөндетеді. Сол замандағы жаңаша үлгімен басына құлпытас қойғызады. Алматы қаласында қашалған бұл құлпытасқа М.Әуезов латын қарпімен «Ибраһим Құнанбаев АБАЙ Қазақтың ұлы ақыны, данышпан ойшылы 10 август, 1845 ж., 23 июнь 1904 ж.» деп жазғызады. Астына осы сөздерді орыс тілінде кириллица әріптерімен де бергізген.

1957 жылы Мұхтар Әуезовтің 60 жасқа толған мерейтойы туған жері Семей мен Абай ауданында кеңінен аталып өтілді. Заңғар жазушы Жидебайдағы Абайдың зиратына тағзым етіп, зират басындағы 1940 жылы өзі қойғызған ескі құлпытасты ортаға алып, фотосуретке түскен.

Бұл құлпытас «Шежірелі Шыңғыстау»  музейінің құнды жәдігеріне айналды.

1957 жылы М.Әуезов өзінің 60 жылдық мерейтойын туған елінде тойлады. Жазушы 20-23 қыркүйек күндері  Семейге, Абай ауданына келеді. Осы күндері М.Әуезовтің 60 жылдық мерейтойы ауқымды көлемде аталып өтеді. Семей қаласында және Абай ауданының барлық елді мекендерінде ұйымдастырылған салтанатты кездесулер мен кештерде жазушының қаламдас достары қатысып, сөз сөйлейді. Сол кездесулерде түсірілген фотосуреттер мен естеліктер, жазушының магнитофонға жазылған сөзі Абай қорық-музейінің ғылыми қорында сақтаулы. Мұхтар Әуезов өзінің «Абай жолы» роман-эпопеясын жазуда ауыл ақсақалдарынан, елден көптеген деректер алғызады. Мұхаңа деректер берген ел адамдары арасында жазушы Кәмен Оразалин де бар.

Жазушының 70, 80, 90, 100, 110, 120 жылдық мерейтойлары мемлекеттік деңгейде аталып өтті. Мерейтой ауқымында жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми конференциялар, кештер және тағы басқа шаралар ұйымдастырылған. 1987 жылы М.Әуезовтің 90 жылдық мерейтойына Бөріліге Л.Әуезова, З.Кедрина  және тағы басқа зиялы қауым өкілдері келді. 2017 жылы М.Әуезовтің 120 жылдығы, Алаштың 100 жылдығы қарсаңында музейде реэкспозиция жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ 2020 жылы жазушының Бөрілідегі музей-үйіне толық ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Аудиогид, тач-экрандар орнатылып, заманауи мультимедиялық қондырғылармен жабдықталды.

                                Ақын ұрпақтары

Қазақ даласындағы ақыл-ойдың шамшырағы атанған Абайдың артында қалған ұрпақтары әке ісін одан әрі жалғастырды, соның жолын ұстады. Патша тұсында да, кеңес өкіметі кезінде де ұлттың зиялыларын жаппай жазалау, бас еркін шектеу, атып, жер аудару саясаты  басты шараға айналды. Сондай ауыр да қасіретті Абай ұрпақтары да көрді.

Ұлы Отан соғысынан аман оралған Алпаш Жебірайұлы мен Ишағы Жағыпарқызы. Ақын ұрпақтарының соғыс кезінде жазған хаттары, естеліктері, музей қорында сақтаулы.

1945 жылдың 15 тамызында Қазақ КСР халық Комиссарлар Кеңесінің №547 Қаулысы шығып, аталған құжатта қазақтың бас ақыны – ағартушысы Абайдың есімін мәңгілік есте қалдыру мақсатында ақын ұрпақтарына зейнетақы тағайындау жайы да қамтылған. Нұртас  Ондасынов қол қойған, ресми түрде күшін жоймаған құжат Одақ тараған кезде ұмыт болған. Соғыстан кейінгі жылдардың ауыртпалығына қарамай, Абайдың туғанына 95 және 100 жылдық мерейтойларын аса биік дәрежеде атап өту жөніндегі Үкімет Қаулысының негізгі маңызды бір тармағы – ақын ұрпақтарына қамқорлық көрсету туралы. Қаулы Мұхтар Әуезовтің бедел-абыройымен шыққан деседі. Абай музейі қызметкерлерінің айтуынша, қазіргі таңда Абайдың 10 баласынан тарағаны – бесінші ұрпағы Айдар, одан Данияр, оның балалары Дана,  Камила, Меруерт. Эрнестің ұлы Айдостан Александра.

Абай ұрпақтары дана ақынның ұрпағы болғанын мақтанышпен айтады. Абай музейі ұйымдастырған ақын мерейтойына ақын ұрпақтары арнайы келіп, Абайдың мұралары туралы есте қалғандарын насихаттауда еңбектері орасан зор. Абай ұрпақтары Ишағы, Ғазел Жағыпарқыздарын ақтық сапарға шығарып салу рәсімі Абай музейінде өтті. Абай ұрпақтарының әр жылдарда келген кезде түскен фотосуреттері музей қорында сақталған.

     Жылжымалы көрме ұйымдастырды

Өткен тарихпен қатар бүгінгі күнді байланыстыра кеткен де жөн шығар.  «ЭКСПО-2017» көрмесіне де Абай музейінің ұжымы белсене қатысқан. Нақтылай кетсек, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «ЭКСПО-2017»-ге орай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген тақырыпта арнайы  көрменің ашылу салтанатын өткізді.

Көрменің ашылу салтанатына  Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы  елшілігінің  кеңесшісі Масуд Шейх Зейнеддин,  Парламент депутаты К.Бурханов қатысты.

Абай қорық-музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева көрменің бағыт-бағдарын айта келе: «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында біздің музей қызметінің негізгі мақсаты – ұлы ақынның мәдениетіміз бен әдебиетімізге қосқан үлесін шетелдік қонақтарға кеңінен насихаттау және таныту», – деп  атап көрсетті.

Сонымен бірге, көрменің ашылу салтанатында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының жаңадан табылған «Майдақоңыр» күйінің тұсаукесері болды. Күйді  Ұлттық музейдің «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, күйші Р.Нұркенов орындады. Зиялы қауым назарына халық әндері де ұсынылды.

Көрмеде Абайдың өз қолымен 1885 жылы Семей қаласындағы Өлкетану музейіне тапсырған заттары, әлем тілдеріндегі ұлы ақын шығармаларының бірегей басылымдары, Абай музейінің баспа өнімдері қойылды.

Көрменің ашылу салтанатына қатысқан Нұр-Сұлтан қаласының зиялы қауымына және «ЭКСПО-2017» қонақтарына арнайы дайындалған ұлы ақын шығармаларының қазақ, орыс, ағылшын және қытай тіліндегі басылымдары ұсынылған болатын.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің тағы бір тамаша дерегі – қазақтың көрнекті ақыны, философ, аудармашы, хакім Абайдың немере інісі Ш.Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл толуына орай Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінде «Әрқашан ұмытылмасқа» атты жылжымалы көрме ұйымдастыруы.

Көрменің мақсаты – «Үш анық», «Мұсылмандық шарты», «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбектерімен және өрнекті өлеңдерімен жұртшылыққа танылған Шәкәрімнің асыл мұрасын кеңінен насихаттау, қажының сан соқпақты өмір жолын жас ұрпаққа дәріптеу, сол арқылы даналықтың мәйегін түсіндіру.

Аталған көрменің ашылу салтанатында сөз алған Абай музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Сейітжапарқызы жылжымалы көрменің маңыздылығына тоқталып, колледж директоры Т.Мұхамеджанұлына Абайдың үш тілде шыққан өлеңдер жинағын табыс етті.

Рухани құндылықтарымыз бен ұлттық болмысымызды республика жұртшылығына ғана емес, әлем елдеріне таныту – Абай музейінің абыройлы міндеті, дейді музей қызметкерлері.

 

Елшілер ерекше ілтипат білдірді

Төкпе ақын, әйгілі әнші, дарынды композитор Әсет Найманбайұлының 150 жылдық тойы музейде  2017 жылдың маусым айынан бастап, түрлі іс-шаралармен бастау алды. 7-9 қыркүйек аралығында ауданда ақынның мерейтойы салтанатты түрде аталып өтті. Тойға дейін ақынның музей үйі күрделі жөндеуден өткізілді. Бұрынғы бір зал Семейдегі Абай музейінің бастамасымен үш зал болып кеңейтілді. Әсет қоры құрылып, «Біз Әсетті танып білдік пе?» атты ақынның естеліктер жинағы жарық көрді.

Ақын, әнші, композитор Әсет Найманбайұлының 150 жылдығына орай Мақаншы Мәдениет үйінде ғылыми  конференция өтті. Ақынды зерттеуші ғалымдар, жазушылар өз зерттеулерін оқып, көпшілік талқысына ұсынды.

27 округ әкімдігі келген қонақтарға киіз үй тігіп, қонақжайлылық танытты. Сондай-ақ қазақ күресінен боз кілемге шығып, бас жүлдегер автокөлікке ие болды. Бұл тойда аламан бәйге, теңге алу, жорға жарысы сияқты  қазақтың ұлттық ойындары да ұйымдастырылды. Барлық іс-шараға қатысушыларға естелікке Әсет ақынның бейнесі құйылған төсбелгі мен кітаптар тапсырылды. Той соңында Әсет ақынның ұрпақтары, немерелері халыққа үлкен ас беріп, ақын рухына құран-қатым түсірді.

«Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,

өлмейтұғын артына сөз қалдырған»,  – деп Ақынның өзі айтып кеткендей, Абай бүгін бір ұлттың көлемінде ғана емес, адамзат әлеміндегі ірі құбылыс. Сондықтан әлемнің әр елінде Абай есімі Қазақстан атауымен бірге аталатыны хақ. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, түрлі алпауыт елдердің өкілетті елшілері Абай қорық-музейіне келіп, өз елдерінің Абайдың даналық парасатына қызығушылық танытатынын мәлім етті.

Абай қорық-музейіндегі сыйлы қонақтардың қатарында: Польшаның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Селим Хазбиевич, Швецияның Қазақстандағы елшісі Кристиан Камилл, Германия елінің Қазақстандағы өкілетті елшісі Тило Клиннер, Жапония елінің өкілетті елшісі Тацухико Касаи, Венгрияның Қазақстандағы өкілетті елшісі Дьердь Сабо, Канаданың өкілетті елшісі Шон Стайл, Францияның Қазақстандағы өкілетті елшісі Филипп Мартинэ бар.

Аталған елшілер сапар барысында музей экспозициясымен танысып, Абайдың өлкетану музейіне тапсырған заттарын тамашалады. Шыңғыстау өңірінің табиғаты мен тарихи жерлері бейнеленген белгілі қылқалам шеберлерінің туындыларына, ақын сусындаған қайнар бұлақтар – халық ауыз әдебиеті және Шығыс пен Еуропа поэзиясы мен мәдениетін ашатын әдебиеттерге ерекше қызығушылық танытты.

Өкілетті елшілер музейдің сыйлы қонақтарына арналған «Зерде» кітабына өз қолтаңбасы мен ізгі тілектерін қалдырып, ерекше ілтипаттарын білдіреді.

 

                             Ғарышкерлер де келіп қайтты

Биыл Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы. Музей ұжымы әрине, жыл бойы тыңғылықты дайындық үстінде. Музейге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова,  облыс әкімі Даниал Ахметов, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Абай музейіне арнайы іс сапармен келді. Абай музейі директорының міндетін атқарушы Тұрдықұл Шаңбай қонақтарға бүгінгі күнге дейін Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай музей нысандарында атқарылған шаруалар, жүргізілген қайта жаңғырту мен Семей қаласындағы бас музей кешеніндегі музейлендіру жұмыстарының барысы жайында ақпарат берді. Бұдан бөлек, үкімет мүшелері Абай ауданы, Жидебай қорығындағы Абайдың музей-үйі, «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені мен Зере-Ұлжан мазары, «Шәкәрімнің саят қорасы» экспозициясында атқарылған ғылыми-реставрациялық жұмыстарының барысымен танысты.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейіне қазақтан шыққан ғарышкерлер, Алаштың арда азаматтары, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов  қонақта болды. Шырайлы Шығыс еліне ат басын тіреп, Абай мұрасын құрмет тұтып келген қонақтарды музей ұжымы қашанда ыстық ықыласпен қарсы алды.

Ақын шығармалары мен музейдегі құнды деректермен, архив материалдарымен, Абайдың өз қолымен тапсырған бағалы жәдігерлерімен, өнегелі өмірімен жан-жақты таныс болған қазақстандық ғарышкер А.Айымбетов: «Бұл жерде Абай мен оның шәкірттері қазақ әдебиеті мен мәдениетін қалай көтергендігі туралы тарихи даталарға толы жоғары руханилық, білім, жер тарихы сезіледі. Маған ақын әндері өте қатты ұнайды, әсіресе, демалып, рухани күш жинағыңыз келсе, тыңдау керек», – деп пікір білдірді.

Ғарышкерлер Абайдың қара шаңырағы – рухани құндылықтың қайнар көзі екенін айтып, музей ұжымына алғыстарын жеткізді.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button