Абай - 175

Ақын үйінің макетін жасаған

Карантин салдарынан Семейдегі Невзоровтар отбасы мұражайының іс-шаралары да ұзақ уақытқа созылды. Жарты жыл бұрын басталған «Менің Абайым» көрме-конкурсының қорытынды кеші енді ғана өтіп жатыр.

– Конкурстың өзі маусымда онлайн режимде өткізілген. Сол кезде жеңімпаздар да анықталған. Қазір шектеу шаралары ішінара жеңілдетілген соң көрме ұйымдастырып, марапаттау рәсімін өткізіп отырмыз, – деді мұражай мамандары.

Балалар жарысына 73 жұмыс келіп түскен. Қазылар алқасы соның ішінен 20 үздік еңбекті іріктеп алды. Байқау жеңімпаздарына дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Ынталандыру ретінде әлемнің үздік суретшілері мен музейлері туралы түрлі кітаптар мен топтамалар берілді. Марапаттау рәсімін музей қызметкерлері барлық санитарлық нормалар мен сақтық шараларын сақтай отырып өткізді.

 

– Өз жұмыстарында жас таланттар конкурс ережелерінде белгіленген түрлі тақырыпты аша білді. Көпшілігі қолына кітап ұстаған, ойға батқан, табиғатқа тамсанып тұрған немесе өлең жазып отырған дана Абай бейнесін суреттеген. Олардың ішінде ерекшелері де болды. Мәселен, Алсу Әміренова сүйікті әжесі Зереге өзінің өлеңдерін оқыған бала Абайды бейнелейді. «Абай жерінде» тақырыбына да біршама оқушы жұмысын арнаған екен. Олар шексіз дала кеңістігі, тау, өзен, мамыражай ауыл бейнесін тамашалауға жетелейді. Бұл пейзаждардың ішінде ұтымды шыққандары баршылық. Құралай Нұрдан, Айлана Мұхамедова, Әмина Төлеубек, Балжан Бектұрова, Елизавета Лаврова, Алуа Қайратқызы сынды талапты балаларды атап өтуіміз керек, – дейді мамандар.

Абайдың шығармаларына арналған иллюстрациялар «Даналық беттерінде» тақырыбында көрінді. Конкурсқа қатысушылар ақынның «Қара сөздері» мен оның көптеген поэтикалық шығармаларын суреттеді.

– Конкурсқа қатысушылар сурет өнерінің түрлі техникасын меңгергенін байқадық. Көркемсурет пен графикадан бөлек сәндік-қолданбалы өнер түрлерінен де жұмыстар келіп түсті. Динара Ташкееваның макарондар мен жармалардан жасаған коллажы және Любовь Кузнецованың үйеңкі тұқымынан құрастырған портреті ерекше көзге ілінді. Ғазиза Танабек гобеленнің күрделі және ауыр техникасында өз шеберлігін көрсетті. Сондай-ақ Абай үйінің макетін жасаған Дайана Кантаеваның еңбегі де ерекше бағаланды, – дейді мұражай қызметкерлері.

Жасын Қалибек

Осы айдарда

Back to top button