Абай - 175

Ұлылар мекенінде өзгеріс көп

Ұлылар мекені күн өткен сайын жаңа нысандармен толығып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалып келеді.

Алдымен аудан орталығы Қарауылда ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында күрделі жөндеуден өткен Мамай көшесінде орналасқан көппәтерлі тұрғын үйлер аудан орталығының шырайын кіргізді. Абай мерейтойы аясында бұл баспаналардың көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға берілуі аудан халқы үшін қуанышты жаңалық болды. Аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров жаңа қоныс иелерімен тілдесіп, су, жылу жүйесін қарап, дұрыс жұмыс істеп тұрғанын тексерді, тұрғын үйлердің қысқы маусымға әзірлігіне баса мән берілді.

DCIM100MEDIADJI_0069.JPG

Сондай-ақ аудан басшысы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкерлер есебінен Тоқтамыс көшесінде салынып жатқан екі пәтерлі 13 тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Қазіргі уақытта ауа райының қолайлы болуына байланысты құрылыс жұмыстары қызу қарқын алған. Тұрғын үйлердің сапалы тұрғызылуы басты назарда. Бұл тұрғын үйлерге инженерлік инфрақұрылым қоса тартылып жатыр. Ағымдағы жылдың соңына дейін 26 көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болса, жалпы, биыл 47 отбасы баспанаға қол жеткізеді деп күтілуде.

Аудан әкімі сонымен қатар Қарауыл ауылындағы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында жаңадан салынған Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектеп-лицейінде және аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде болып, мекеменің жай-күйімен, жұмыс барысымен танысты. Алдымен мектептің жылу қазандығын тексеріп, қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұрғанын көрді. Мектеп ауласына отырғызылған шырша ағаштарының жағдайын қарады. Мектеп ішіндегі барлық кабинеттерді, әсіресе мультимедиалық журналистика, виртуалды шындық, модификацияланған физика және химия, ІТ, роботты техника кабинеттерін көріп, мекеме директорына тиісті тапсырмалар жүктеді.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген спорт мектебінің ескі ғимараты бүгінде толығымен жөндеуден өткізілген. Заман талабына сай жаңартылған нысанда барлық жағдай қарастырылған. Мұнда бірнеше спорт түріне арналған жаттығу залдары бар. Жас спортшылармен қатар аудан тұрғындары да келіп, денсаулықтарын шынықтыра алады. Бұқаралық спортты дамытуға кең жол ашылып отыр. Мекеме ғимаратының ішінен тағы да қосымша спорттық үйірмелер ашу жөнінде тапсырма берілді.

 Нұрқыз Мырзаханова

Абай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button