Экология

Тұзды су ішіп, таңдайлары кеуіп отыр

Жолымыз түсіп, Шалабай ауылына келдік. Кезінде асыл тұқымды қызыл қасқа сиырларымен даңқы шыққан елді мекеннің тұрғындары ауылдағы ауызсу мәселесін айтып шағымданды. Айтса айтқандай, шалабайлықтар талай жылдан бері тұзды су ішуге мәжбүр болып жүр екен. Соның салдарынан түрлі ауруларға ұшырағандар да аз емес көрінеді.

Тұзды су ішіп, таңдайлары кеуіп отыр– Кезінде ауылға тартылған су құбыры болған. Әрбір елу метр сайын бір құдық болушы еді. 1994 жылы кеңшар тараған соң әлгіден түк қалмай құрып кетті. Темірлері саудаға түсіп кетсе, жер астындағы құбырлары шіріп бітті. Содан бері бір шелек таза суға зәру болып қалатын кезіміз көп. Шамасы жеткендер, көлігі барлар осыдан бес шақырым жердегі бастаудан тасып әкеледі. Ал оған мүмкіндігі жоқтар еріксіз тұзды суды қанағат тұтып жүр, – дейді ауылдағы ақсақалдар алқасының төрағасы Әнесхан Ерғазинов.

Шалабайлықтар «Таза су» бағдарламасы қабылданғанда енді мәселе шешілетін болар деп әжептәуір үміттенгендіктерін айтады. Алайда оған ілікпей қалған соң, енді оның жалғасы – «Ақбұлақ» бағдарламасынан үміт күтіп отыр екен. Әйтсе де жыл сайын «алдағы жылы құбыр тартылатын болды» деген ауыл басшылығының құрғақ уәдесіне сенумен жүр екен.

– 2006 жылдан бері құбыр тартамыз дегенмен, жыл сайын неге екені белгісіз кейінге шегеріліп келеді. Алдыңғы жылы биыл деп еді, енді 2013 жылы тартылады деп отыр. Бірақ оған да сеніміміз аз, – дейді тағы да Әнесхан ақсақал.

Талай жылдан бері тұзды суды пайдаланып келген ауылдықтар биыл тіпті, оның өзіне де зар болып қалыпты. Себебі, қар жұқа, жаңбыр жоқ, ылғал аз болғандықтан, құдықтағы сулар төменге түсіп кетіп, кейбіреулері мүлде құрғап кеткен.

– Ауылдың өр жағындағы үйлердегі құдықтардан кейде бірер шелек лас су шыққанымен, төменгі бөлігі мүлде құрғап қалды. Іші қаңси бастаған құр құдыққа телміріп жүрміз. Соның салдарынан бау-бақшамыз қурап жатыр. Тіпті, шаруашылық қажеттілікке де суды қайдан аларымызды білмейміз, – дейді ауылдың тағы бір тұрғыны Марат Мұхамадиев. – Ал қыста ауыл сыртындағы өзеннен су тасуға мәжбүрміз. Әсіресе, боранды күндері өте қиын.

Тұзды су ішіп, таңдайлары кеуіп жүрген шалабайлықтар арасында соңғы жылдарда түрлі ауруларға шалдыққандар да аз емес екен. Мәселен, 2010 жылы қатерлі ісік ауруына шалдыққан адамдар жоқ болса, 2011 жылы алты адам қатерлі дертке шалдыққаны анықталған. Ауылдағы өлім көрсеткіші де 2010 жылы 7,3 пайыз болса, 2011 жылы ол 13-ке жеткен. Әрине, оның барлығы сапасыз ауызсуға байланысты емес болар, дегенмен «ауру – астан» деп халық бекер айтпаған болар.

Ауылдастарының ауызсуға зәру болып отырған жайына округ әкімі Жанар Есембаева:

– Бұл мәселе шешімін табады. Алдағы жылы ауылға су құбырын тарту үшін қажетті жұмыстар жүріп жатыр. Ол үшін төрт миллион теңге қаржы бөлініп, су қоры анықталып, сараптамадан өтіп, енді құбыр тарту үшін қаржы бөлуге тиісті құжаттар республикаға жолданды. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша ауданымызда биыл Бірлік ауылында, келесі жылы біздің ауылға құбыр тартылады, – деп түсінік берді.

Шалабайдың тірек ауыл болуына байланысты жоспарға өзгеріс енгізіліп, құрылыстың биыл басталуы да мүмкін.

Еркінбек Асқарұлы

Жарма ауданы.

Осы айдарда

Back to top button