Тұқымдық картопты тегін берді
Семейдегі белгілі кәсіпкер, «Приречное» агрофирмасының басшысы Мұхит Тұмабаев туған ауданына тағы бір жақсылығын жасап, жерлестерінің алғысына бөленді.
Ол биыл Үржар ауданының мектептеріне 100 тонна тұқымдық картоп тегін бөлгізді. Облыс әкімінің «Туған жерге – тағзым» акциясы шеңберінде жасалып отырған мұндай шараны ол бірінші рет жасап отырған жоқ.
– Үржар ауданы – «түгін тартсаң, майы шығатын» құнарлы аймақ. Мұндай асыл өлкені мекендеген жерлестерімнің еңбек етіп, өз ырыстарын жерден іздейтіні қуантады. Аудан әкімі Б.Жанақов осындағы көптеген мектептерге шағын трактор соқасымен, картоп қазғышымен, оны жинағышымен сатып алып берді. Үржардағы мектептерге тұқымдық картопты бөліп берудегі мақсат – еліміздегі азық-түлік мәселесін шешуге, оның бағасының тұрақтануына титтей де болса өз үлесімді қосу, – дейді кәсіпкер Мұхит Тұмабаев.