Денсаулық сақтау

Тың тәсілмен ота жасады

Тың тәсілмен ота жасады


Семейдегі өңірлік онкологиялық диспансерінде өңештің қатерлі ісігіне тың тәсілмен ота жасалды. Күрделі операцияны медицина ғылымдарының докторы, профессор Тасболат Адылханов пен 1-ші дәрежелі хирург Елдос Смаилов жүргізді.

Отаның ерекшелігі сол, хирургтер қатерлі ісікті эндоскопиялық қондырғының көмегімен алып тастаған. Бұл ашық операцияға қарағанда әлдеқайда тиімді. Атап айтқанда, жарақат алу қаупі төмендеп, емделушінің тез айығуына мүмкіндік мол. Бұған семейлік дәрігерлер кәсіби біліктіліктен бөлек, заманауи құрал-жабдықтардың да септігі тигенін айтты. Әйтсе де дәрігерлерге ойлаған жоспарларын іске асыру оңайға соқпаған. Мәселен, техникалық тұрғыдан бұл ота күрделі болып, ол 8 сағатқа жалғасыпты.

– Әдетте мұндай операцияларда науқастың кеудесін кесіп, оң жақ өкпесінің тынысын тоқтатуға тура келетін. Алайда осы жолы олай етуге мүмкіндік болмады. Өйткені емделушінің қос өкпесінде өзгерістер бар екені анықталды. Сондықтан кеуде тұсындағы барлық амалдар эндоскопиялық аппараттың көмегімен жүргізілді. Сол сияқты мойын тұсынан ойық жасалып, ісік алынып тасталды. Асқазан мен өңеш жаңадан біріктіріліп қосылды, – деп атап өтті Семей қаласындағы өңірлік онкологиялық диспансердің хирургі Елдос Смаилов.

Осы ретте жоғары технологиялық операция Аягөз ауданының 57 жастағы тұрғынына жасалғанын атап өткен орынды. Қазір науқастың жағдайы жақсарып, үйіне жіберілгенін нақтылады дәрігерлер. Бұл орайда онколог мамандар тұрғындарға ас мәзіріне ерекше көңіл бөлгенін артық етпейтінін жеткізді. Әсіресе ыстық тағамдарды пайдаланғанда, сақ болған жөн. Сонымен қатар скринингтік тексерулерден өтіп тұруға кеңес берді. Тағы бір айта кетерлігі, барлық жоғары медициналық қызмет түрлері аймақ халқына тегін көрсетіледі.

Жақсылық Мұратқали
Семей.

Осы айдарда

Back to top button