Ауыл шаруашылығы

Туризмнің туын тіктеген

 Катонқарағай ауданының аумағында «Жасыл денсаулық алаңы» жобасы іске асырылады.  Бұл туралы Халықаралық туризм күніне орай саланың үздіктерін марапаттауға арналған салтанатты іс-шара барысында айтылды.

Халықаралық туризм күні қарсаңында еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің шешіміне сәйкес, аталмыш салаға елеулі еңбек сіңіріп жүрген екі жерлесіміз жоғары марапаттарға ие болды. Атап айтсақ, «Марал шаруашылығы» республикалық палатасының төрағасы Нұрлан Тоқтаров «Туризм саласына сіңірген еңбегі» төсбелгісімен марапатталса, Алакөл аумағының дамуына атсалысып жүрген «Інжу» және «Arasan Alakol» қонақ үйлерінің директоры Елена Асылбекова «Туризм саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды.

– Әлемнің бірнеше елінде ғана ұйымдастырылған марал шаруашылығын дамыту – біздің міндетіміз. Осы себепті Шығыстағы марал шаруашылығының отаны саналатын Катонқарағай ауданының туристік әлеуетін көтеру өте маңызды. Ішкі туризмдегі әлеуетіміз жоғары. Катонқарағай ауданын «Жасыл денсаулық алаңына» айналдыру қажет, – дейді Нұрлан Тоқтаров.

Палата төрағасының айтуынша, аудандағы марал шаруашылықтары мен пантымен емдеу орталықтарының қызметін маусымдық қана емес, жыл он екі ай көрсетілетін етіп жасау керек. Ол үшін, бірінші кезекте, ауданның инфрақұрылымын дамыту, базалар санын арттыру қажет. Сондай-ақ бүгінде марал шаруашылығына бір ғана критерий бойынша берілетін мемлекеттік субсидиялау санын бірнешеуге жеткізу керектігін де алға тартты.

– Шығыс Қазақстан туризмнің әралуандығымен мақтана алады. Олардың бірі – Шығыстың інжу-маржаны саналатын Катонқарағай ауданы. Аталмыш ауданның туризм саласына беретін басты өнімі – марал мүйізінен дайындалатын пантысы. Осы салаға елеулі еңбек сіңіріп жүрген кәсіби мамандардың бірі – бүгінгі үлкен марапатқа ие болып жатқан Нұрлан Зейнелұлы. Жалпы, облысымыздан бұл кісіден бөлек он адам ұсынылған болатын. Солардың қатарында «Туризм саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған «Інжу» және «Arasan Alakol» қонақ үйлерінің директоры Елена Асылбекова бар, – деді облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Марат Қабақов.

Еліміз бойынша барлығы 13 маман марапатталса, оның екеуі – шығысқазақстандық азаматтар. Сонымен қатар осы күні облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов туризм саласына елеулі үлес қосып жүрген адамдарға Алғыс хаттар табыстады. Олардың арасында облыстың ірі туроператорлары мен Семей, Риддер, Үржар, Катонқарағай, Ұлан, Зайсан аудандарындағы демалыс базаларының иелері, салалық бөлімдердің мамандары бар.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button