Денсаулық сақтау

Түрік дәрігерлері шеберлік сыныбын өткізді – ШҚО

Шетелдік мамандар гипофиз аденомасын бір де бір тіліксіз, трансназальды әдіспен “төрт қолмен” алып тастады.

ШҚО-ның мамандандырылған медициналық орталығында түрік дәрігерлері қазақстандық әріптестеріне шеберлік сыныбын көрсетіп, облыстың үш тұрғынына күрделі ота жасады, деп хабарлайды Didar ақпарат.  

Анкара қаласындағы Гази университетінің қызметкерлері, медицина ғылымдарының докторлары Шахин Муаммер Мелих пен Эмрах Челтикчи –  бас сүйегінің нейроонкологиясы мен хирургиясы бойынша маманданған дәрігерлер. Олар университет базасында жылына  шамамен 1300 осындай операция жасайды екен. Отандық нейрохирургтар түрік әріптестерінің шеберлігіне таң қалғандарын жасырмайды.

– Бірегей отаның бұл түрі 20-25 минутқа созылды. Дәрігерлер «төрт қолмен» жұмыс істеді. Бұған дейін біз астаналық әріптестеріміздің қатысуымен осындай оталар жасадық, операция уақыты шамамен екі сағатқа созылған-ды. Біз әріптестерімізге өте ризамыз, қазір науқастар өздерін жақсы сезінеді, әзірге стационарда,- деді орталықтың инновациялық медицина бөлімінің меңгерушісі Жандос Уап.

Айта кетсек, Жандос Уап шетелдік докторларды шеберлік сыныбын өткізу үшін арнайы шақырған болатын.

Меңгерушінің айтуынша, гипофиз ісігін аз инвазивті әдіспен алып тастау отасын біздің шығысқазақстандық нейрохирургтер бұрыннан жасайды. Алайда олар қатерлі ісікті  ешқандай тіліксіз, мұрынның бір тесігі арқылы ғана алатын.

– Түркиялық дәрігерлердің тәжірибесі отаны “төрт қолмен” жасауға мүмкіндік берді. Нейрохирург пен ассистент ісікті бір мезетте мұрынның екі тесігі арқылы алуға қол жеткізді. Соның нәтижесінде ота жасау уақыты екі сағаттан 20-25 минутқа дейін азайды, ісіктің үлкен көлемін жою мүмкіндігі артты,  кеңейткіштерді қолданбай-ақ жасалған манипуляциялар   операция кезіндегі жарақаттануды азайтады, – деп толықтырды Жандос Уап.

 

Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button