Тұрғындардың өтініші ескерусіз қалмайды
Нұржан Кенжеұлы
Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген еліміздің Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова Риддер қаласына барып, бірқатар іс-шараға қатысты. Атап айтсақ, кеншілер шаһарына сапары аясында ведомство басшысы қала жұртшылығымен кездесіп, артынша тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Риддердегі «Казцинк» компаниясының әкімшілік ғимаратында өткен алқалы жиынға жергілікті тұрғындармен қатар, облысымыздың өзге аудан-қалаларынан келген жерлестеріміз де қатысты. Бас-аяғы үш сағатқа созылған кездесу барысында министрге жиналған қауым тарапынан көптеген сауал жолданды. Олардың дені өңіріміздегі экологиялық ахуалға қатысты болды.
Мәселен, басқосуда Зүлфия Сүлейменоваға Риддер қаласының дендросаябағына қатысты сұрақ қойылды. Еске салайық, алдағы уақытта аталмыш дедропарк аумағында мектеп салу жоспарланып отыр. Паркте жүргізілетін құрылыс жұмыстары мұндағы сирек кездесетін ағаш тұқымдарына айтарлықай зиян келтіруі мүмкін екенін алға тартқан тұрғындар осыған байланысты министрден көмек сұрап, білім ордасын басқа жерден салуды сұрады.
– Менің ойымша, бұл саябақты қалай болғанда да сақтап қалуымыз керек. Егер ол жерде мектеп салынатын болса, бірсыпыра ағаштың шабылатыны анық. Ал олардың орнына отырғызылатын жас ағаштардың өсіп-өнуіне жылдар қажет болады. Осыған байланысты, мен жергілікті әкімдіктен және облыс басшылығынан Риддер қаласының бас жоспарын қайта қарауды және жұртшылықтың пікірін ескеріп, барлық тарапқа тиімді шешім қабылдауды сұрар едім, – деді З.Сүлейменова.
Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев аталған мәселе міндетті түрде назарға алынатынын айтып, жұртшылықтың пікірі ескерілетіні жеткізді.
Осы ретте дендробақта мектеп салып, аумақты абаттандыру жөніндегі ұсынысты қолдағандар да табылғанын айту керек. Олардың айтуынша, мұндай жоба қаланың инфрақұрылымын жақсартуға да септігін тигізетіні анық. Ал Риддер қаласы әкімінің міндетін атқарушы Дархан Қосантаев болашақ құрылыс алаңының аумағында өсіп тұрған ағаштардың жойылмайтынын, тек жақын маңға көшіріліп отырғызылатынын мәлім етті.
Сондай-ақ жиын барысында тұрғындар тарапынан заңнамалық тұрғыда окситехнология негізінде жасалған пакеттерді өндіруге және сатуға тыйым салу қажет деген ұсыныстар айтылды. Министрлік басшысы бұл ұсыныс өте орынды екенін айтып, қазір бұл бағытта қажетті жұмыстар жүргізіліп жатқанын да жеткізді.
Әлбетте, кездесу барысында Астанадан келген мәртебелі мейманға соңғы уақытта өзектілігін жоғалтпай тұрған мәселе – Күршім ауданындағы алтын өндіру фабрикасына қатысты сауалдар да қойылды. Министрмен кездесіп, көкейіндегі сан сұраққа жауап алу мақсатында шалғайдағы Маралды ауылынан арнайы ат арытып келген бір топ азамат елді мекендерінің іргесінде алтын өндіретін зауыт салуға қарсы екенін айтып, ведомство басшысынан көмек сұрады.
– Білуімше, фабрика құрылысын жүргізіп жатқан компания тәжірибелік өндіріске ғана рұқсат алған. Ал толыққанды өндіріске Экология министрлігі рұқсатын берген жоқ. Жалпы, жобаны алғаш көріп, танысқан кезде біздің көкейімізде де маңайдағы өзенге белгілі бір химиялық заттардың түсу мүмкіндігі туралы сұрақтар туындағаны рас. Осыған байланысты жобаны бүге-шігесіне дейін зерттеп, бірқатар ескерту жасаған болатынбыз. Тағы да қайталап айтайын, біздің министрлік Күршім ауданында алтын өндіруге ешқандай рұқсат берген емес. Сондықтан тұрғындардың жанайқайы жерде қалмайды, – деп түсіндірді еліміздің Экология және табиғи ресурстар министрі.
Жиын барысында З.Сүлейменова еліміздегі экологиялық ахуалды оңалту және табиғи ресуртарды пайдалануды реттеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде де ақпарат берді. Оның айтуынша, соңғы бес жылда республика аумағында апатты деп танылған 16 су қоймасы жөнделген-ді. Ал Шығыс Қазақстанда 2023 жылдың соңына дейін екі апатты су қоймасын қалпына келтіру жоспарлануда. Дәлірек айтсақ, олардың бірі – Зайсан ауданындағы Үйдене су қоймасы болса, екіншісі Тарбағатайдың Қарғыба өзеніндегі бөгет екен.
Орман шаруашылығы саласында да ауқымды шаруа тындырылған. Белгілі болғандай, Мемлекет басшысының екі миллиард түп ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасына орай, елімізде екі жылда жалпы ауданы 1 300 гектарды құрайтын аумаққа 6,1 миллион көшет егіліпті.
– Биыл Шығыс Қазақстанда 1,5 мың гектар аумаққа сегіз миллион түп ағаш отырғызу жоспарлануда. Осы орайда биылғы көктемгі орман шаруашылығы жұмыстары басталғалы бері өңірде 40 гектар аумаққа 196 мың көшет отырғызылғанын айтқым келеді, – деді министр.
Ол, сондай-ақ министрліктің елімізде балық шаруашылығын дамыту бағытында да біршама жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады. З.Сүлейменованың сөзіне сенсек, 2030 жылға дейін Шығыс Қазақстандағы балық өсіру көлемін арттырып, 9,7 мың тоннаға жеткізу көзделуде.
– Бағдарламаға сәйкес, 2023 жылы 2 846 тонна балық өсіру жоспарлануда. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 769 тонна тауарлық балық өсірілді. Ал жыл соңына дейін Өскемен және Бұқтырма су қоймаларында бағалы балық тұқымдарын өсіру мақсатында арнайы шаруашылық құрылмақ, – деп түйіндеді өз сөзін Зүлфия Сүлейменова.
Бұл күні Риддерге арнайы ат басын тірген министр қала және облыс тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, көкейін мазалаған сұрақтарға тұшымды жауап қайырды. Сондай-ақ ведомство басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифингке қатысып, журналистермен салада атқарылып жатқан жұмыстар жайында тың ақпараттармен бөлісті.