Министрдің жұмыс сапарыТОП

ІШКІ НАРЫҚТЫ ӨЗ ӨНЕМДЕРІМІЗБЕН ТОЛТЫРАМЫЗ

Шығыс өңіріне жұмыс сапарымен Премьер-Министрдің орынбасары-Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин келді.

Ведомство басшысы облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге Өскемендегі Жібек жолы көшесінің бойында салынып жатқан «Алтай» көтерме-тарату орталығына барып, құрылыс барысымен танысты. Қазір құрылыс алаңында орталықтың негізгі ғимаратының, екі көкөніс қоймасы, қонақ үй, кросс-дог және әкімшілік ғимараттың негізі қаланып жатыр.

– Көкөніс қоймасының жалпы ауданы 10 мың шаршы метрге жуықтайды. Қыс мезгілінде 18 мың, жазда 7 мың тонна көкөніс сақталады. Жалпы бұл орталықта ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлық түрін сақтауға мүмкіндік бар, – деді «Алтай» көтерме-тарату орталығының директоры, жеке кәсіпкер Жанболат Казанов.

Министр нысанның логистикалық әлеуетін жоғары бағалады.

– Бұл кешен ішкі нарықты ауыл шаруашылығы өнімдерімен толық қамтуға тиіс. Жобаның негізгі мақсаты осы. Алайда экспортқа да есік ашық. Өнімнің кемінде 70 пайызы ішкі нарыққа жөнелтілсе болғаны. Жалпы елімізде азық-түлік тапшылығы жоқ. Тек көкөністерді ұзақ мерзімге сақтауға келгенде қиындық бар еді, енді бұл мәселе де шешімін тапқан сияқты. Тұрақтандыру қорына қашанғы тәуелді боламыз? Сондықтан Үкімет бұл жобаны қолдайды, – деді Серік Жұманғарин.

Сауда министрі осыдан кейін Шемонайха ауданына ат басын бұрып, «Рулиха» ЖШС-ның тауарлы-сүт фермасының жұмысымен танысты. Бұл фермаға 2020 жылдан бері голштейн-фриз тұқымы саналатын 600 ірі қара әкелінген. Қазір тәулігіне мұнда 12 тонна сүт өндіріледі. Мың басқа арналған сиыр сауу цехы тұтас заманауи құрылғымен жабдықталыпты.

– Израильдік «Afimilk» фирмасының жабыдықтары сүт өндірісінің көлемін арттырды. Бір сиыр күніне 30-50 литр сүт береді. Алайда бұл ірі қара тұқымы өрісте жайылмайды. Күтіміне біршама күш жұмсау қажет. Сондықтан Украинадан тәжірибелі екі маман алдырдық, – дейді «Рулиха» ЖШС директоры Серік Сағындықов.

Шетелдік мамандар келгелі өндіріс көлемі ұлғайған әрі олар өз білгенін жергілікті жұмысшыларға үйрететін көрінеді.

– Әріптестер арасында курс өткіземін. Фермада біртіндеп кәсіби ұжым қалыптасып келеді. Ең бастысы Шығыста сүтке сұраныс мол, кәсіпорындар арасында бәсекелестік те жоғары. Бұл баға мен сапаның тұрақты болуына ықпал еді, – дейді Василий Кузьмин есімді азамат.

Өндірісі өрге жүзген кәсіпорынға мемлекет тарапынан да мықты қолдау көрсетілгенін айта кетуіміз керек. Әуелде бұл іске 2,7 миллиард теңге жұмсалса, оның 410 миллион теңгесі – жеке кәсіпкердің қаражаты. Қалған соманы аграрлық несие корпорациясы жеңілдікті несие ретінде берген.

– Пайыздық мөлшерлемесі 16 пайыз десек, оның 10 пайызын мемлекет субсидиялайды, қалған алты пайызды өзіміз төлейміз, – дейді Серік Сағандықов.

«Рулиха» ЖШС-ның басшылығы өндіріс көлемі ұлғая берсе аста-төк өнім өңір жұртшылығының тұтыну мөлшерінен асып, игерілмей қала ма деген қауіп барын жасырмады. Алайда министр Үкіметтің ел аумағында интеграция саясатын жетілдіруге мүдделі екенін айтты.

– Ең алдымен отандық өніммен өз елімізді тұтас қамтуға тиіспіз. Кәсіпкерлге сол үшін де көп қолдау көрсетеміз. Министрліктің соңғы кездегі қабылдаған шаралары түгел ішкі нарықты нығайтуға бағытталған, – деді Серік Жұманғарин.

Сауда министрі Шемонайха қаласында жұртшылықпен және бизнес қауымдастығымен кездесу өткізді. Өзекті мәселе көтергендерді жеке қабылдап, бірқатар жұмысты жолға қойды.

Оразай Жеңісұлы

 

 

Осы айдарда

Back to top button