Министрдің жұмыс сапары

Көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайды

Нұржан Кенжеұлы

Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Глубокое ауданындағы Бобровка ауылына барып, жергілікті тұрғындармен жүздесіп қайтты. Сонымен қатар ведомство басшысы Өскемендегі «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында облыстағы бизнес қауымдастығының өкілдерімен кездесіп, салиқалы әңгіме құрды.

Алдымен Бобровка ауылына ат басын тіреген министр аталмыш елді мекендегі халықтың мұң-мұқтажын, өтініш-тілектерін тыңдады. Белгілі болғандай, бүгінде бобровкалықтарды әсіресе ауызсу мәселесі алаңдатады екен. Соңғы 12 жыл ішінде елді мекеннің сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту өткір мәселеге айналыпты.

Әлібек Қуантыров атап өткендей, бұл проблема «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында шешімін таппақ. Министрдің сөзінше, өңірлік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – инфрақұрылымды жаңғырту арқылы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту және оны Өңірлік стандарттар жүйесінің параметрлеріне жеткізу.

– Елімізде 2019 жылдан бастап ауылдардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырыла бастағанын білесіздер. Сондай-ақ өңірлерді еліміздің ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде де қолдайтын боламыз, – деді министр.

Глубокое ауданының әкімдігінен хабарлағандай, жаңа су құбыры желісінің жалпы ұзындығы 62 шақырымды құрамақ. Биыл бұл мақсатқа жұмсалатын 1,8 миллиард теңге көлеміндегі қаражат бекітіліп те қойыпты.

Сонымен бірге Бобровка тұрғындары Семиянов көшесінің бойындағы көпірдің апатты жағдайы, көшелерді жарықтандыру, жалпы ұзындығы 35,5 шақырымды құрайтын ауылішілік жолдарды жөндеу сияқты мәселелерге қатысты ұсыныстарын айтты.

Министр болса, өңірдегі өзекті проблемаларға ерекше назар аударылатынын атап өтті. Ол әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарын күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жалпы сипаттағы трансферт пен жергілікті бюджет шеңберінде жүзеге асырылатынын еске салды. Яғни, ағымдағы жылдан бастап жөндеуге қатысты шығындар облыс әкімдіктерінің есебінен өтелетін болады.

Жиында жолдарды орташа жөндеу және көшелерді жарықтандыру мәселелері «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында шешілетіні де белгілі болды.

Әлібек Қуантыров облысымызға жұмыс сапары барысында жергілікті кәсіпкерлермен де кездесті. Өскеменде өткен іс-шараға қатысушылар салықтық әкімшілендіру, қосылған құн салығы, бизнесті несиелендіру, виртуалды қойманың жұмыс механизмі, сондай-ақ контрагенттермен жұмыс істеу секілді мәселелерді талқылады.

Ұлттық экономика министрі салық саясатын жетілдіру, сондай-ақ шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Ол жиналғандарды барлық ұсыныс Қаржы министрлігімен бірлесіп мұқият зерделенетініне сендірді. Бұған қоса, ведомство басшысы кәсіпкерлерді жаңа Салық кодексін талқылауға белсенді қатысуға шақырды.

– Бұл бағыттағы барлық жұмыс жұртшылықпен, сарапшылармен және бизнес-қауымдастық өкілдерімен бірлесіп жүргізіліп жатыр, – деп толықтырды Ә.Қуантыров.

Кездесуге қатысқан кәсіпкерлер экологиялық төлемдер, мемлекеттік сатып алу және жеңіл өнеркәсіпті дамыту мәселелерін шешуге жәрдемдесуді сұрады. Ә.Қуантыров Ұлттық экономика министрлігіне қатысы жоқ мәселелер тиісті мемлекеттік органдарға жолданатынын жеткізді.

Сондай-ақ ведомство басшысы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаментінде және «Даму» қорының Шығыс Қазақстандағы филиалында болып, атқарылған жұмыстар туралы есептерін тыңдап, ағымдағы жылға нақты міндеттер жүктеді.

Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, былтыр Шығыс Қазақстанда 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 47,6 миллиард теңгенің 1 131 жобасы субсидияланыпты. Кепілдік сомасы 11,5 миллиард теңгеге 1 045 жобаға кепілдік берілген екен. Осы ретте, ағымдағы жылы «Даму» қоры жобалар санын көбейтуді жоспарлап отырғанын айта кеткен жөн.

Back to top button