Денсаулық сақтау

Тұрғындарды онкологтар тегін қабылдады

Айна Ескенқызы

Облыста бір күнде қатерлі ісікке үш, ісік алды ісіктерге 25, онкологиямен байланысты емес басқа да ауруларға 83 күдік анықталды. Бұл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында өткен ашық есік күні мүмкін болды. Осы күні орталықтың онкологтары барлығы 250-ден астам адам қабылдады.

Мамандардың айтуынша, көрсетілімдер бойынша 84-тен астам диагностикалық зерттеулер жүргізілген. Іс-шараға келушілер емхана дәрігерлерінің жолдамасынсыз-ақ әртүрлі бейіндегі онкологтардан тегін кеңес алғанын айта кеткен жөн.

Диагностикадан өтуге және кеңес алуға ниет білдіргендердің арасында тек Өскемен қаласының тұрғындары ғана емес, сонымен қатар өңіріміздің әр аудандары мен қалаларынан келгендер де болды.

Мысалы, 74 жастағы Тагир Шамсудтинов Семей қаласынан келіпті. Әкесімен бірге жүрген ұлы хабарландыруды көргеннен кейін, осы мүмкіндікті пайдалану керек деп шешкендерін айтады.

– Менің әкем  жас емес. Жақында ол жүрегіне операция жасатты. Біз оның денсаулығына қамқорлық жасауға тырысамыз. Бүгін осы орталықтың онколог-дәрігері Әділбек Баймұсановтың қабылдауына  келдік. Ол кісі туралы білікті дәрігер деп естігенбіз. Оның үстіне бүгін ешқандай жолдамасыз қаралуға болды,  бұл да өте ыңғайлы, – дейді ұлы.

Шемонайха қаласының тұрғыны Ирина Бочкова да онкологтарға тексерілу үшін арнайы келіпті.

– Мен дәрігерлердің кеңесін алуға, түрлі диагностикадан тегін өтуге болатын шараның өтіп жатқанына өте қуаныштымын. Осы орталықтың ұжымына өз ризашылығымды білдіргім келеді. Барлығы да сыпайы, мейірімді, жанашыр жандар. Олар демалыс күні болғанына қарамастан жұмысқа шығып, келушілерге қызмет көрсетіп жүр. Барлық дәрігерлерге, медбикелерге рахмет! – деп бөлісті Ирина Бочкова.

Акция барысында эпидемияға қарсы барлық қажетті шаралар – әлеуметтік қашықтық, қолдарды залалсыздандыру, термометрия, барлық жерлерді дезинфекциялау қатаң сақталды, кіреберісте маскалар таратылды.

– Бұл акция Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күнінің аясында ұйымдастырылды. Негізгі мақсаты – халықтың қатерлі ісік туралы, оның алдын алу, дертті ерте анықтау және уақтылы емдеу туралы ақпараттануын арттыру болатын. Тұрғындардың сауаттылығы онкологиялық аурулар мен одан болатын өлім-жітімді азайтуға мүмкіндік берері сөзсіз, – деді орталықта.

 

Осы айдарда

Back to top button