Ауыл шаруашылығы

Тұқымды тоғыз түрлі сараптамадан өткізеді

Шығыс өңірінде диқандар көктемгі егіс науқанын бастап кетті. Қазіргі уақытта облыста ылғал сақтау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Келесі кезекте ауа райының температуралық режимі жайлы болса, тұқым себу жұмыстарына кіріседі. Ендігі мәселе себілетін тұқымның сапасын анықтау. Өйткені егіннің бітік шығып, ертеңгі күні жақсы сұранысқа ие болуы тұқымның сапасына байланысты екені бесенеден белгілі.

Өсімдік шаруашылығымен айналысатын кез келген шаруа бұл істі міндетті түрде жүзеге асыруы қажет. Қазіргі уақытта мұндай жұмыспен айналысатын «Қазақстандық аграрлық сараптама» акционерлік қоғамының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы дәнді дақыл тұқымын тоғыз түрлі сараптамадан өткізеді. Бүгінде республиканың 11 аймағында тұқым сараптау бағытында шаруаларға қызмет көрсетіп отырған аталмыш ұйым бұдан бөлек, сатылатын астықтың сапасын анықтау және топырақ құрамын зерделеу сияқты жұмыстарды да қатар атқарады. Шаруаны тұқым тексеруде алысқа сабылтпаудың қамын жасаған бұл ұйым Шемонайха, Бородулиха, Жарма, Үржар, Зайсан, Көкпекті, Катонқарағай, Алтай аудандары мен Өскемен қаласында тоғыз зертхана ашып, ел игілігі үшін қызмет етуде.

– Аталмыш зертханалар бір ауданның шаруаларына ғана емес, сонымен қатар көршілес аудандардың да диқандарына қызмет көрсетеді. Мысалы, тарбағатайлық шаруалар себетін және сататын тұқымдарына сапалық тексеруді Зайсан ауданындағы зертханада жасата алса, Бесқарағай мен Семейдің шаруалары Бородулихадағы, аягөздік шаруалар Жармадағы, Глубокое, Риддер мен Ұланның шаруалары Өскемендегі зертханаларға жүгіне алады, – дейді «Қазақстандық аграрлық сараптама» акционерлік қоғамының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Бердібек Слямов.

Жалпы, сапалы астық өсіру үшін оның өнімділігі, тазалығы, пісу мерзімі маңызды рөл атқаратыны белгілі. Мысалы, себілетін тұқымның бір ғана тазалығын алып қарайық. Басқа дақылдармен, я болмаса сабан араласып кеткен бидай ертеңгі күні тұқым сепкіштің елегінен өтпей, егіс алқабына толық себілмей қалуы мүмкін. Яғни тұқымның бір алаңға аз, келесіге шамадан тыс көп себіліп кету ықтималдығы артады. Оның үстіне, арамшөптерден тазартылмаған астықтың қамбада жатып күйіп кету мүмкіндігі де жоғары. Осылайша, шаруаның бұл іске деген немқұрайлығы ертеңгі күні бас қатырар проблемаға әкеп соғуы мүмкін.

Бес түрлі жағдайға тексереді

Мекемеде тұқым сараптамасы бойынша бас маман болып қызмет атқаратын Ольга Третьякова әр дақылдан алынатын сынама мөлшері мен әдісінің әртүрлі екенін айтады. Мысалы, қамбада үйілген астықтың зерттеу нәтижелері шынайы болуы үшін сынама оның бетінен астына дейінгі бес бөлігінен алынады.

– Осы бес түрлі бөліктен алынған дақылдар бір ыдысқа біріктіріледі. Жалпы, біз дәнді дақылдардың әр алпыс тоннасынан бір келі сынама аламыз. Бұл өз кезегінде шаруаның себетін тұқымының сапасына алаңдамауына кепілдік береді, – дейді маман.

Бүгінде бес бірдей өңірдің шаруашылықтарына қызмет көрсететін Өскемен қалалық зертханасының меңгерушісі Шамшия Құрманғалиева арнайы термоөсіргіштерде дақылдың өнімділігі тексеріліп, мың дәннің орташа салмағы өлшенетінін айтады. Ылғалдылығы мен тазалығы анықталады. Бір сөзбен айтқанда, зертхана мамандарына жұмыс жетерлік. Зерттеу нәтижелерінің тұқым себу кезінде ерекше рөл атқаратынын алға тартқан ол дақылдың өнімділігі, салмағы себу нормаларын дұрыс таңдауға мүмкіндік беретінін айтады.

– Бізде негізінен дақылдың басқа арамшөптерден тазалығы, ылғалдылығы, дәннің салмағы, өнімділігі және зиянкестерге қарсы тұруы сияқты бес түрлі тексеру болады. Зерттеу қорытындысы бойынша берілген құжатты төрт айдан соң шаруа қайтадан бізге келіп нақтылатуы қажет. Өйткені қыс бойы қамбада жатқан астық көктемге қарай өнімділігін жоғалтуы ықтимал. Мұның барлығы бюджеттік бағдарлама аясында қарастырылған шаралар, – дейді Шамшия Құрманғалиева.

Сапасы жоғары дақылдар егіледі

Былтыр өңірдегі диқандардың 120 мың тонна дәнді, дәнді-бұршақты, майлы, мал азықтық дақылдарын және картопты  сапалық тексеруден өткізген зертханалар биылғы егістікке қатысты 85 мың тоннадан астам дақылды тексеріп үлгерген екен. Бұл – биыл егілуі жоспарланған дақылдардың 97,4 пайызы. Филиал директорының хабарлауынша, себілетін тұқымның сапалық құрамын тексертуде бірқатар ауданның шаруалары белсенділік танытқанымен, Аягөз, Бесқарағай, Көкпекті, Күршім аудандары мен Риддер, Семей қалаларының диқандары себуге сақтаған тұқымның әзірге 45-50 пайызын ғана зертханаға жеткізген.

– Біздегі ауыл шаруашылығы дақылдарының басым бөлігі, яғни 63 пайызға жуығы бірінші сыныпты тұқымдар. Екінші класты –  30,5,  үшінші класқа жататын тұқым жеті пайызды құрайды. Бұл өңір шаруаларының биылғы егіске сапасы жоғары дақылдарды молынан  егетінін көрсетеді. Тұқым сапасының жоғары болуы негізінен элиталы тұқым өсірумен айналысатын шаруашылықтар жұмысының жемісі, – дейді Ольга Третьякова.

Бар-жоғы 13 адам ғана жұмыс істейтін зертханалардағы жұмыс көп еңбекті талап етеді. Зерттеуге әкелінген материалды өлшеп, тіркеудің өзіне бір сағатқа жуық уақыт кетсе, дақылдың өнімділігін термоаппараттарда тексеру бір аптаға созылады. Жалпы, барлық жұмыс тек бекітілген мемлекеттік стандарттар аясында ғана жүргізілетін зертханаларда негізінен бір маманнан ғана жұмыс істейді. Ал егілетін егіні мен шаруа қожалықтары көп өңірлерге қызмет көрсететін Өскеменде және Үржар,  Бородулиха аудандарында екі маманнан қызмет етеді.

Ұнның сұрпын да анықтайды

Облыс аумағында өсіріліп өзге өңірлерге экспортталатын дәнді дақыл сапасын тексеру бүгінде азық-түлік қауіпсіздігінің басты кепілі екені рас. Осы тұрғыда да жұмыс атқарып жатқан «Қазақстандық аграрлық сараптама» акционерлік қоғамының облыстық бөлімшесінің тағы бір бағыты – экспортталатын дақыл өнімдерін сараптамадан өткізіп, сәйкестік сертификатын беру.  Бүгінде аталмыш бағытта жұмыс істеп отырған астық бойынша сарапшы мамандар Дарья Плотникова мен Галина Митникова өз жұмыстарының жыл он екі ай экспорттаушылар мен импорттаушылардың белсенділігіне тәуелді екенін айтады.

– Тапсырыс болса, демалыссыз жұмыс істей береміз. Біз негізінен сатылатын дақылдың көлемін, ылғалдылығын, тазалығын және зақымдалуын анықтаймыз. Бұдан бөлек ұнның қай сұрыпты екенін де анықтау зертхана жұмысының бір бөлігі, – дейді Дарья Плотникова.

Агрохимиялық талдау жүргізеді

Қазіргі уақытта шаруаның жағдайын көтеруде мемлекет тарапынан жасалатын қомақты қолдаулардың бірі – тыңайтқыштар мен минералдарды субсидиялау. Дейтұрғанмен, тыңайтқыштарға субсидия алу оңай шаруа емес. Неге дейсіз бе? Өйткені кез келген диқан алдымен өзіне тиесілі жерге қанша көлемде, қандай түрлі тыңайтқыштың қажет екенін анықтап алған соң ғана субсидияға тапсырыс бере алады. Ол үшін егіс алқабының топырақ құрамы агрохимиялық талдаудан өткізілуі керек. Соңғы жылдары осы бағытты қолға алып, топырақ құрамына химиялық талдау жасау жұмыстарын жүргізе бастаған «Қазақстандық аграрлық сараптама» ұйымы шаруаның субсидия алуына бар жағдайды туғызып отыр. Атап айтсақ, аталмыш мекеме топырақ құрамына агрохимиялық талдау жасаудан бастап, зерттеу нәтижелерін «Qoldau» порталына тіркегенге дейінгі жұмыстарды жүргізеді.

– Барлық жұмыс  автоматтандырылған түрде іске асырылады. Өсімдік шаруашылығымен айналысатын шаруаның жері «Qoldau» порталында тіркелген. Аталмыш платформа субсидия алуға өтініш берген диқанның жер телімінің қай жерінен топырақ сынамасын алуға дейін көрсетіп тұрады. Біздің агрохимик мамандар электронды картада көрсетілген жерлерден барып топырақ сынамаларын алған соң азот, фосфор, калийға зерттеп, топырақтың құнарлығын, қышқылдығын, ылғалдылығын тексеріп береміз, – дейді облыс орталығындағы зертхананың химик маманы Гүлнұр Амангелдина.

Топырақтан алынған сынама жіті зерттеуден өткізіліп, алты көрсеткіш бойынша тексерілген соң барлық нәтижелері «Qoldau» порталына енгізіледі.

Шаруа үшін міндетті шара

Тұқымды сеппес бұрын оның сапалық құрамын тексеру – әр шаруа үшін міндетті шара. Бұл еліміздің «Тұқым шаруашылығы туралы» Заңымен бекітілген.

– Қызметіміз қай кезде болмасын нақты деректерге сүйене отырып әрі мемлекетіміздің бекіткен стандарттарына сай жүргізіледі. Мамандарымыздың жұмысында мін жоқ. Кез келген зерттеу шаруа жұмысының кедергісіз жүруіне бағытталған. Жалпы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында өңірдің осы ісін үнемі бақылауда ұстап отыратын бас мемлекеттік астық инспекторы бар. Бұдан бөлек, аудан, қала әкімдерінің ауыл шаруашылығы саласына жауапты орынбасарлары дақыл көктеген уақытта оны комиссиялық тұрғыда қабылдап алады. Міне, біздің тарапымыздан кеткен қателік болса, сол кезде олар біздің мекеменің зерттеулеріне наразылық білдіре алады. Әзірге мұндай наразылық біздің зертханаларға болған жоқ, – дейді Бердібек Слямов.

Филиалдың осы жұмысын бағалаған «Қазақстандық аграрлық сараптама» акционерлік қоғамының басшылығы ұжымды үздік деп танып «Renault Duster» қызметтік автокөлігін табыстаған. Сонымен қатар Шығыстағы бөлімшенің жұмысын дұрыс үйлестіре білген кәсіби басшы, ауыл шаруашылығы саласының үздігі Бердібек Слямовтың еңбегі де аталып, «Үздік басшы» грамотасымен марапатталған.

– Ел дамуының ірі драйверлерінің бірі саналатын ауыл шаруашылығы кешенін, оның ішінде агрономия саласын дұрыс бағытта дамыта білу азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, мемлекетіміздің экспорттық әлеуетін де еселеп арттыратыны белгілі. Сол себепті осы саланың білікті мамандарын даярлау, оларға деген құрметті арттыру – біздің басты міндетіміз, – деп сөзін түйіндеді Бердібек Слямов.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button