Ауыл шаруашылығы

Түпкі өнім шығаруға түбегейлі бет бұрды

Азамат Темірбеков

Өңірімізде соңғы жылдары ауыл туризмін дамытуға көп көңіл бөліне бастағаны белгілі. Қарт Алтайдың әсем табиғатын тамашалап, таза өнімдерінен дәм татуды аңсаған туристер қарасы жыл санап ұлғайып келе жатқаны да рас. Бұл істе әсіресе Шығыстың суы да, нуы да мол Катонқарағай, Күршім, Алтай және Риддер сынды аудан, қалалары ұтып тұр.

Еліміздің түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шетелдерден тартылатын туристердің тілін тауып, қалауын таба білген жергілікті халық соңғы уақытта ауылдық жерлердегі туризмнің жақсы табыс әкелетініне көз жеткізе бастады. Шығысқа тән брендтерімізді шартарапқа танымал етудің тағы бір жолы осы екенін көрген жергілікті жұртшылық бал мен панты өнімдерін, Алтайдың емдік шөптерін кәдеге жаратып, түрлі өнімдерді өндіруді бастап кетті.

Табиғи өнім өндіреді

Бүгінде арамызда осы бағыттың дамуына атсалысып жүрген азаматтарымыз да аз емес. Осындай жанның бірі – Өскеменнің іргесінде ара балынан табиғи өнімдер өндіріп отырған Алмас Сетербаев. Ол балдан алкогольсіз балшарап өнімдерін шығарумен айналысатын «Global Invest International» компаниясы директорының орынбасары қызметінде. Өнімдерді химиялық қоспасыз өндірудің қыр-сырын меңгерген кәсіпкер өз тауарларының Шығысқа ғана тән бірегей брендтерден әзірленетінін айтады.

– Біз өзіміздің цехта өндірілетін өнімдерімізді арнайы зертханалық талдауға жіберіп, олардың генетикалық түрлендірілген ағзалардан ада екенін дәлелдеген қазақстандық компанияның біріміз, – дейді Алмас Сетербаев. – Тамара Викторовна есімді бас технологымыз – осы салада қырық жылдық тәжірибесі бар маман. Сонау сексенінші жылдары «Пепси кола» компаниясында тәжірибеден өткен адам. Бұл маманымыздың зейнетке кетуіне бір жарым жыл ғана уақыт қалды. Енді осы мерзім ішінде тәжірибесі жоқ, бірақ осы бағытта оқу-тоқуы бар жас маманды жұмысқа аламыз ба деп отырмыз.

Тәжірибесі мол жұмысшылардың арқасында осындай жетістікке жетіп отырғанын алға тартқан кәсіпкер бастапқыда өз тауарларын бал сапасына қарай зертханалық талдауларда теріс нәтиже шығарып қалуы мүмкін бе деген күдіктің болғанын жасырмады. Дей тұрғанмен Алтайдың табиғи өнімдерінен дайындалған өнім өзінің таза әрі тұтынуға қауіпсіз екенін дәлелдеді.

Түпкі өнім жасауды таңдады

Кәсіпкердің айтуынша, қазір көптеген өндірушілер тауарды шикізат күйінде сатып жіберуді жөн көреді екен.

– Алма бағында өсірген алманы алма күйінде, омартада шайқаған балды бал күйінде сатып жіберуді жеңіл көрушілер көп, – дейді ол.

Кәсіпке деген осындай көзқарастан түпкі өнім жасау мүмкіндігі болмай жатқанын тілге тиек еткен кәсіпкер омарташының баласы болғандықтан өзіне жақын істің тасын өрге дөңгелетуді ұйғарған.

– Пайданың көзі негізі түпкі өнім өндіруде ғой. Сонау Грузияға барсаңыз, олар келген туристерге шараптарын, алма мен жүзімінен жасалған кептірілген жемістерін сатады. Бізде ондай өнімдеріміз жоқ. Осыдан ойлана келе балдан жасалатын өнімдерді өндіруді жөн көрдік. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде алғашқылардың бірі болып балшараптың стандарттарын әзірлеп, заңгерлер арқылы бекіттірдік. Қазіргі уақытта біздің өнімдердің құрамындағы барлық қоспалар тек осы жергілікті жердікі. Тек ашытатын бактерияларды Италиядан, ал қабықты тығындарды Португалиядан алдырамыз, – дейді Алмас Сетербаев.

Балдан бөлек, алтын тамыр, жебіршөп сынды емдік қасиеттері жоғары шөптерден дайындалған өнімді қазіргі уақытта нарыққа шығарудың өзіндік қиындықтары бар. Дегенмен, кәсіпті одан ары дөңгелету үшін оны жан-жақты етіп, клиенттің қызығушылығын ояту қажет. Осы ретте өндірілген тауардың сапасымен қатар оның қаптамасын дайындау үлгісін де ерекше ету қажет. Қазіргі уақытта бұл іске Жапонияда тәжірибеден өтіп жатқан ұлты қазақ дизайнер маман тартылған. Атап айтсақ, ол өнімнің сыртына жапсырылатын этикеткасын әзірлеуде.

Жаңа өніммен нарықты жауламақ

Әзірге балшараптың төрт түрін өндіріп отырған компания кәсіпті ары қарай басқа да түрлі өнімдермен ұлғайтуды ойластыруда. Осы бағытта жұмыс істеп жатқан кәсіпорын мамандары қазіргі уақытта емдік қасиеті бар әрі соңғы жылдары көпшілік жиі тұтынып жүрген энергетик сусындарды алмастыратын табиғи сусынды сынаққа қойған екен.

– Ауыл туризмінің дамуына ерекше мән беріп отырмын. Өзім еліміздегі Агротуризм қауымдастығы төрағасының орынбасарымын. Ауыл-аймақтарды аралағанда көп адамдардың өздері өндірген өнімді сата алмай отырғанын көреміз. Мысалы, ешкінің сүтін сататындар бар. Ал шетелде жаңағы ешкінің сүтінен косметиканың неше түрін дайындайды. Міне, осындай түпкі өнімді бізде неге жасамасқа? Бал да осындай қасиетті өнімге жатады, – дейді Алмас Сетербаев.

Келер жылдары балдан кәмпит, лимонад пен квас жасауды да ойластырып отырғанын атап өткен ол қазіргі уақытта осы бағытта жұмыс істейтін мамандармен серіктестік орнатып жатқанын жасырмады.

– Бүгінгі күні жаңа бір өнім өндіргің келсе, сол бағытта жұмыс істейтін технолог мамандарды табу өте қиын, – деп сөзін жалғады Алмас Сетербаев. – Дегенмен кейбір жаңа өнімдерді өзіміздің цехтағы мамандармен-ақ әзірлеп, сынаққа қоя беруге әлеуетіміз де, тәжірибеміз де жетерлік. Сондай өнімнің бірі өзіміздің энергетик сусынымыз болмақ. Қазіргі уақытта тұрғындардың көбі газдалған энергетик сусындарды ішеді. Біздің осындай сусынымыз бал, алтын тамыр және шие сияқты үш табиғи өнімнен дайындалады. Шығыста шие өте көп. Алтын тамыр да бізде өседі. Балымыз да баршылық.

Қазіргі уақытта сынақтан өткізіліп жатқан энергетик сусынның бұл түрі адамның иммундық жүйесіне оң әсер етіп, оның ағзасындағы шаршау сезімін жоғалтатын көрінеді. Сонымен қатар аталған сусын еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қолдана беруге болатын қауіпсіз өнім болмақ. Осылайша табиғи қоспалардан сусын дайындауды қолға алған кәсіпкер алдағы уақытта отандық брендтің жаңа түрлерімен нарықты жауламақ ниетте.

Тұрақты табыс көзін қамтамасыз етті

Бүгінде омарта шаруашылықтарымен өнімдерін сатып алу жөнінде келісімшартқа отырған кәсіпкер жергілікті омарташыларды тұрақты табыс көзімен қамтамасыз еткен.

– Біз жергілікті жердегі 12 омарта шаруашылығымен бал сатып алу жөнінде келісімге отырдық, – дейді Алмас Сетербаев. – Сонымен қатар үш отбасымен шөп жинауға келісім жасастық. Олардың біреуі Риддерде, екіншісі Алтай ауданында, ал үшіншісі Катонқарағай ауданында. Олардың жинаған шөптерінен шай жасамақ ниеттеміз. Осылайша шөп шайлардың Алтай тауларының Шығыс Қазақстандағы бөлігінен жиналған түрлерін өндіруді жоспарлап отырмыз.

Сондай-ақ кәсіпкер келер жылы жаңағы он екі омарташыға тағы да сегіз омарташыны қосып, бал сатып алу көздерін жиырмаға жеткізуді көздеп отыр. Бұл өз кезегінде компанияны шикізаттың тұрақты көзімен қамтамасыз етсе, екінші жағынан, омарташылар жыл соңында шайқаған балын қайда сатамыз деп бас қатырмайтын болады. Яғни, осындай келісім екі жаққа да тұрақтылықты қамтамасыз етіп, істің ілгерілеуіне септігін тигізбек.

Ауыл-аймақтың жағдайын жақсартады

Бұдан бөлек, Алмас Сетербаев осы бағытта өзі жүріп өткен жолын өзгелерге де үйретсем бе деген ойы барын жасырмады. Ол үшін қазіргі уақытта Глубокое ауданының Ушанов ауылында орналасқан компанияның бас кеңсесінің бір бөлігін жөндеп жатқан кәсіпкер бұл жерде оқу залын ұйымдастырмақ.

– Бұл залда оқу кабинетін ұйымдастырып, жергілікті жердегі омарташыларды өз өнімдерінен түпкі өнім жасауға үйретуді ойластырып отырмыз. Біз жүріп өткен жолдарды оларға үйретуді, шикізаттан түпкі өнім жасап, тауарды сертификаттау жолдарын, осы істі қалай жүргізу керектігін үйретеміз. Өстіп, Шығыс Қазақстан аумағында балдан түрлі сусындар әзірлейтін өндірушілер санын кем дегенде онға жеткізуді ойластырып отырмыз, – деді Алмас Сетербаев.

Шығыс Қазақстан еліміздегі омарташылардың отаны екені белгілі. Осы ретте, Алмас Сетербаев облыс орталығының іргесінде омарташылықтың өңіріміздегі даму тарихын кезең-кезеңімен баяндайтын музей ашуды да ойластырып жүр. Ол үшін қажетті жәдігерлерді жинау және музей орналасатын үй-жайды дайындауды қолға алған.

Төрт жыл көлемінде ауыл туризмін дамыту бағытында республикалық қауымдастық тарапынан түрлі шаралардың ұйымдастырылатынын алға тартқан ол ауыл туризмі арқылы ауыл-аймақтардағы халықтың жағдайын көтеруге болатынын айтады. Бұған дейін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында да ауылдық жерлерді дамытуға басымдық беру, ауыл халқының жағдайын кәсіпкерлік, туризм сияқты салаларды дамыту арқылы тұрақтандыру жайын айтқан болатын. Оның үстіне, ауыл туризмін алға бастыру қажеттігін коронавирус пандемиясы анық көрсетті. Осыған дейін шетелді аңсайтын қазақ соңғы жылдары ел ішіндегі көрікті жерлерді көруге асығатын болды. Осыны түсінген ауыл жұртшылығы да өздерінің күнделікті кәсіптерін осы бағытқа негіздей бастады. Бұдан ауыл туризмінің болашағы зор екенін түсінуге болады.

 

Осы айдарда

Back to top button