Тұмауға қарсы екпе салу басталады
Айна Ескенқызы
Облыста тұмауға және ЖРВИ-ге қарсы вакцинация 3 қазанда басталды. Бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Сәуле Слямгазина денсаулық сақтау басқармасының жұмыс кеңесі барысында айтты.
– Біздің облыс тәуекел тобындағы халықты иммундау үшін тұмауға қарсы вакцинаның 75 000 дозасын сатып алды. Бұл науқан 3 қазаннан басталады. Барлығы 74 784 адам иммундауға жатады. Осыған байланысты, эпидемиологиялық маусымда ЖРВИ және тұмаумен ауыратын науқастарды қабылдауға медициналық ұйымдарды дайындау, кіреберісте «фильтр» ұйымдастыру және жабдықтау, ол туралы аула мен ғимаратта тиісті көрсеткіштерді орналастыру, мобильді бригадаларға үйге шақыртуларға қызмет көрсетуі үшін жағдайлар жасау және тағы басқа да мәселелер бойынша бірлескен дайындық жұмыстары жүргізілді. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының бас дәрігерлерінен күзет орталықтарының жұмысын күшейтуді сұраймыз, – деп атап өтті облыстың бас санитарлық дәрігері.
Облыстың штаттан тыс иммунолог-дәрігері Иван Мещеряковтың айтуынша, ДДҰ мәліметтері бойынша, алдағы эпидемиялық маусымда 2022/2023 эпидемиялық маусымға арналған вакцинаның құрамына кіретін вирустың үш штамы – A (H1N1), A (H3N2) және B өзекті болады.
– Белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Тұмау мен ЖРВИ-дің ең жоғары деңгейі қарашадан сәуірдің ортасына дейін сақталады. Осыған байланысты алдын алу жұмыстары ерте бастан жүргізілуде. Көптеген адамдар тұмауды ауыр ауру ретінде қабылдамайды. Сондықтан тұмауға қарсы вакцинация өте маңызды, әсіресе жас балаларды, қарттарды, жүкті әйелдерді және диспансерлік есепте тұрған иммунитеті төмен адамдарды қорғау үшін, – деп түйіндеді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Гүлмира Сағидуллина.