Мәдениет

«Туған жерге – тағзым» акциясы енді бірнеше қалада өтетін болады

Өскемендегі ұлттық баспасөз орталығында облыстық мәдениет басқармасының бастығы Жақсылық Омар БАҚ өкілдерімен кездесіп, өзі басшылық етіп отырған саланың атқарған істері мен алдағы уақытта атқаратын шаруалары туралы баяндап берді.

«Туған жерге – тағзым» акциясы енді бірнеше қалада өтетін боладыӨткеннің бәріне тоқталмасақ та, атқарылған бірер істерді айта кеткен жөн болар. Жақында ғана облыстық Жамбыл атындағы драма театрының қазақ труппасы Түркияның Конья қаласына түркі тілдес театрлардың «Тысяча вдохов и один голос» атты V халықаралық фестиваліне аттанған болатын. Ол өнер сайысында Абайдың «Атымды адам қойған соң…» қойылымын қойған біздің өнерпаздар «Ең үздік қойылым» аталымын қанжығаға байлап, Алтайдың абыройын асқақтатып оралды.

Жақсылық Мұқашұлының айтуына қарағанда, дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «Туған жерге – тағзым» акциясы биыл да өз жалғасын таппақ. Бірақ биылғы акцияның бір ерекшелігі: ол тек Өскеменде ғана емес, Аягөз, Курчатов, Зырян сияқты қалаларда да өтпек. Яғни, алдағы уақытта аталмыш қалалардың тұрғындары басқа аудан, қалалардың арзан өнімдері мен өнерпаздарының асқақ өнеріне куә болады деген сөз. Сондай-ақ, біздің тұрғындар алдағы уақытта Шығыс Қазақстанмен көршілес жатқан Қытай, Моңғолия, Ресей елдерінің шекаралас аумақтарын мекен еткен халықтың мәдениетіне де өз бағасын беретін болады. Тағы бір айта кетерлігі, өңіріміздің мәдениет саласы жас орындаушылардың XXI «Жас қанат» республикалық сайысына облыс атынан қатысқалы отырған Күлайым Қайырбаева мен «Кербез» вокалды дуэтінен де зор үміт күтіп отыр.

Ал жуықта өтетін шараларға келсек, наурыз айында жарияланған «Шығыс Қазақстанның жеті кереметі» атты облыстық байқаудың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталмақ. Сондай-ақ, 3-мамырда Өскеменде барлық облыстардың этномәдени бірлестіктерінің қатысуымен өтетін «Достықтың жол картасы» атты акция мерекелік концерттік бағдарламамен басталып, оның эстафетасы Павлодар облысына тапсырылатын көрінеді.

Бұл аталмыш саланың атқарғалы отырған шаруасының бір парасы ғана. Ал ұйымдастырылмақ шаралардың мән-мазмұнын уақыты жеткенде көрерміз.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button