Тарих

ТУ АСТЫНДА ТУЛАП ӨЛГЕН ҚАЗЫМБЕТ

ТУ АСТЫНДА ТУЛАП ӨЛГЕН ҚАЗЫМБЕТ

Қазақ тарихында «Ту астында тулап өлген Қазымбет» деген атпен аңызға айналған, өшпес ерлігімен аты қалған қазақ халқының аса ірі батырларының бірі – Қазымбет Құттымбетұлы. Өмір сүру кезеңі бала шағынан бастап жоңғар-қазақ арасындағы ондаған жылдарға дөп келген. Оның туған жылы нақты белгісіз болса да, шамамен 1685-1690-шы жылдары дүниеге келген деп топшылауға болады. Өйткені, оның жоңғар-қазақтың, қырғыз-қазақ пен қытай-қазақ арасындағы ұрыстарға қатысқан кезінде 67-69 жаста болған деген деректер бар. Ол осы жасында да қазақ әскерінің ту ұстаушысы болған. Ал туды ұстау кез келген батырға сеніп тапсырылмаған. Аягөз – Ақшәулі бойындағы жоңғарларды ығыстырып, артынша қытай империясы жоңғар қонтайшысы сұранысын сылтаулатып жоңғар елін қырғынға ұшыратқан кездері «Әмірсананы Абылай хан паналатты» деген желеумен қансыраған қазақты жауламақ болып, тұмсықтары тасқа тиіп келісімге келген кезі де Қазымбет батырдың соңғы ерлігіне дәл келеді. Демек, Қазымбет батыр 1756-1757-ші жылдары Ақшәулі – Аягөз ұрысында туды жықпай қаза болған. Тарихтағы теңдесі жоқ ерлік үлгісін көрсеткен батырды өз заманының батырларының батыры деп бағалауға әбден лайық. Қазымбет батырдың ерлігі ғана емес, ақылдылығы, мәрттігі, тіпті жауына деген адалдығы да ғасырлар бойы халыққа үлгі өнеге болып ауыздан-ауызға айтылып келеді. Батырдың өмір жолы мен ерлік істері бұрынғы кездерден гөрі бүгінгі тәуелсіз елдің жастарына рух беріп, патриоттық тәрбиені сіңдіру үшін де аса қажет.
Батырдың ұрпақтары мен тарихшылар, әдебиетшілер Қазымбет батыр туралы деректерді жинақтап, арнайы журнал, шағын тиражды кітап шығаруды қолға алды. Ас беріп, Аягөздегі әскери гарнизон алдына ескерткішін орнатпақ. Бұл – өте қуанарлық бастама. Кеңес заманында ұлттық рухымызды өшірмек болған отаршылдар өздерінің Александр Невский, Димитрий Донский, Суворов, Кутузов, Нахимов секілді қолбасшылары мен батырларын біздің ұлт батыры ретінде дәріптеп, санамызға сіңдірмек болды. Көбіне ол саясат жүзеге асты да. Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін ұлт тарихы қайта жаңғыра бастады. Мынау алып даланы етігімен қан кешіп, найзаның ұшы, білектің күшімен мұра етіп қалдырған бабалар ерлігіне көз сала бастадық. Ақтайлақтай дана биді – «Дала Прометейіне» теңедік (Қ. Жұмаділов, «Прометей алауы») ал поляк жазушысы А. Янушкеевич Барақ сұлтан мен Құнанбайдың күш-қуатын көріп таңданып, \”Дала Гераклдері» деп бағалаған. Ал оның алдындағы ғасырдағы аталарымыз ше? Қазақтың біртуар ақыны Қадыр Мырза Әлі:
Бір тепкенде тегістеп шоқалақты,
Нар кескенмен батырлар сақал апты.
Ең алдымен ерлікті жырлап ақын,
Содан кейін жырлапты махаббатты – деп дөп айтқан. Ендеше, бүгінгі бейбіт күн, бақытты өміріміз үшін Қазымбеттей аталарға қарыздармыз.

17 жасында жауға шапқан

Батыр бабамыздың тек ту астында тулап өлген соңғы ерлігі ғана үлгі емес, оның бала кезінен жасаған батырлықтары да өнеге. Сол бір «ақ табан шұбырынды, алқа көл сұлама» атанған зарлы замандарда үнемі жау шабуылына ұшырап, қырғын тауып, қан жұтқан шақтарда аталарымыз бесіктен белі шықпай жатып ат құлағында ойнап, бес жасында жай тартып үйренген. Ыстық-суыққа бірдей төзетін төзімді, баршылық пен жоқшылыққа мойымайтын қайратты болып өскен. Нағыз дала бөрілері сияқты еді. Туған жерден қуылып, қарындастан айырылып, тоз-тозы шықса да, көсемдері мен батырлары елге қорған болып қана қоймай, даланың ерлікке толы заңына үйреткен ұрпағын. Амалдап ұрпағын сақтап қалып отырған. Хандар мен билеушілердің бақталас, бәсекелерінен тек қара халық зардап шеккен. Ондаған мың жас бала опат болып, ондаған мың ару жар құшағынан айырылған қасіретті кезеңді көз алдыңа елестетудің өзі қиын.
Қазақтың қай батыры болса да бала кезін ерлік жасау мен бастаған. Аман қалғандары аңызға айналған. Жас кезінде жауды бөгеп, қыршынынан қиылған боздақтарды соңғы бір жорықта Қабанбай, Боранбай батырлар еске, алып ағыл-тегіл жылаған деген сөз бар.
Талай боздақ елі үшін мерт болды. Ол кезде қысылтаяңда жас та болса жауға шабуға рұқсат сұрау ата салты болған. Атақты Әбілмансұр-Абылай да он бес жасында жауға шауыпты.
Қазымбет атамыздың ауыздан-ауызға жеткен алғашқы ірі жеңісі туралы аңызды айта кетейін.
Жоңғарлардың оңтүстіктен селдей тасып, қазақ жеріне анталап енген кезі болуы керек. Орта жүзге дарынсыз хандардың бірі Сәмеке иелік етіпті.
Тәуке ханнан соң Болат хан дарынсыз болып, төбе хан билігінен айырылғаны, оның орнына өзге хандардың таласып, қазақты бөлшектегені, ақыры жоңғар шапқыншылығына ұшырағаны, тек жоңғар емес, өзгелер де қазақ даласын талауға кіріскені тарихтан белгілі. Сол кездерде орта жүзге қарасты ең іргелі ел найман да, көршілес керей де ата жұрттарынан шегініп, Арқаға, Сырдың бойына ауған кезі екен. Жетісудың шұрайлы жерінің көбін, Алтай-Тарбағатайды жоңғарлар басып алыпты. Кейінгі итшығыс ұрыстарда найман тайпасы бас болып, талай-талай ұрыс салыпты. Жоңғар қолын әлсіретіп, бірде жеңіп, бірде жеңіліп, ес жинай бастаған екен. Осындай бір ұрыста Қазымбеттің әкесі Құттымбет батыр жараланып, қол бастауға жарамай қалады. Дәл сол кезде наймандарға жоңғарлар (көбіне қалмақтар делінеді) тұтқиылдан шабуыл жасайды. Сәмеке хан шабарман, хабаршыларын жіберіп қарсы әскер жинайды. Сол кезде бұрын қанша соғысқа қатысқанын кім білсін, 17 жасар Қазымбет ту ұстап, өз аталастарын әкесі Құттымбеттің орнына жауға қарсы соғысқа әзірлеген екен. Алғашында Құттымбет батыр Қазымбетті баласынып рұқсат бермейді. Сонда Қазымбет: «Әке, ел шетіне жау келсе, жаспын деп жата көрме, не күшім көп баспын деп аса көрме, шайқас, жеңемін деп алыс, батыл бол, жеті атаң жеңіліп көрмеген жаудан, бәрі де өз ажалынан өлген. Қорыққанды оқтың өзі іздеп табады» деп айтатын ақылыңыз қайда? Мен бала емеспін. Батаңызды беріңіз тездетіп, Сәмеке ханның қолына уақыт оздырмай қосылуымыз керек, – деген екен. Сонда қарт батыр орнынан тұрып:
Тапсырдым бір өзіңді хақ тағалла,
Аттанды қан майданға бір жас бала.
Сол балама оң сапар берсін Алла,
Қолдасын аруағы ата-баба.

Ел қорғау ұрпағыма болған мұра,
Аталар көп айқасқан жаумен дара.
Солардың жолын берсін хақ
тағала,
Қорғаса ата аруағы жау ала ма.

Иә, Алла, балама абырой мен қайрат
бер,
Жеңімпаз атандыр да айбат бер.
Рұқсат, ақ батамды бердім, балам,
Дұшпанды малша қуып, айдап кел, – деген екен.
Бес мыңдай қолға қарсы екі мыңдай жауынгер дайындап үлгерген Сәмеке ханға жас Қазымбет келіп қосылады. Ертеңінде жау жағы жекпе-жек сұрайды.
Сонда 17 жасар Қазымбет хан алдына барып, жекеге шығу үшін бата сұраған екен.
Хан:
– Әй, балам, сен тым жас екенсің. Анау қалмақтың бас батыры Жолан талайды көрген жырынды, алапат күш иесі. Жасы да анағұрлым үлкен. Өзіңе-өзің сенбесең, шықпай-ақ қой. Жеңіліп, опат боларсың, – депті.
– Жоқ, хан ием! Мен өзіме-өзім сенемін. Жіберіңіз, бата беріңіз, – депті жұлқынып.
– Тұла бойың тұнған күш, жүректі жассың мәрт мінез. Жеңіп жауыңның басын қырық. Опасыз дұшпан табаныңда болсын, бар, балам, – депті Сәмеке хан.
Жекеге шыққан қалмақтың бас батыры Жолан жас арыстандай күжірейген жалынды жас батыр Қазымбеттің көзіне көзі түсіп, ажалы келгенін сезгендей бірінші болып, кезек сұрайды. Қарсыласының мысы басып, құты қашып жоңғар жебесі адасып далаға кеткен екен.

52 жыл бойы ат үстінен түспепті

Кезегін алған Қазымбет батыр қозы жауырын жебесін шірей тартқанда, оқ қақ жүректің тұсынан өтіп, Жолан жерге өкіріп құлайды. Жас батыр қолма-қол қалмақ батырына жетіп барып, басын кесіп алыпты. Мұны көріп тұрған қалмақ ханы Зерен Қазымбетті қоршап, қолға түсіруге бұйырыпты. Арыстанша алысқан жас батырды өзгелер келіп құтқарған екен. Жоланның басын Сәмеке хан алдына тастаған батырға барлық сардарлар мен сарбаздар риза болыпты. Саны аз болса да, жас батыр ерлігі мен жігерленген қазақ қолы жоңғарларды жеңген екен. Осы жеңістен кейін 17 жасар Қазымбет Сәмеке ханның жасағына бас қолбасшы болады (Шежіреші қария Дүйсен Нүрпейісовтің қол жазбасындағы деректер бойынша). Осыдан кейінде жоңғар-қазақ арасындағы қантөгіс ондаған жылдарға созылды. Ірілі-ұсақ сансыз ұрыстар болды.
Соның көбі тарихшылардың айтуына қарағанда Аягөз-Алакөл маңында болған. 1723-1727 жылдардағы ірі соғыс Аягөз өзенінен он шақырым Қарауыл маңында өткен. Онда қазақ хандарының алауыздығынан қазақ әскері жеңіліс табады. Оның алдында Балқаш пен Алакөл аралығында Аягөз өзенінің Балқашқа құяр сағасында қанды қырғын болған. Алакөлден Солтүстікке қарай Қарақол тұсында, одан кейін үш Ақшәулі төңірегінде (Тарбағатай тауының етегі), Еңірекейде, Ащысуда, Тарбағатайдың Өкпетісінде, Қабанбай асуында болған жерді қайта азат ету жолындағы ондаған жылдарға созылған ұрыстарға қолбасы, он мың басы ту ұстаушы болып қатысқан Қазымбет батыр 52 жыл бойы ат үстінде жүріп, ел қорғапты. Қазақ жерін жаудан азат ету жолында соңғы ұрыста 69 жасында Қазақ жасағының туын жықпай, ту түбінде мерт болған. Қазымбет пен аты аңызға айналған Аягөз өңірінен шыққан батырлар ерлігін толық зерттеген ешкім жоқ. Дегенмен, Қабанбайдан бастап, Ақтамберді, Ер Еспембет (Жеке батыр), Орыс батыр, Шыңқожа, Шанышқылы Бердіқожа, Қасабай, Бөдес, Барақ, Кедей батырлар мен сонау Нарынбай, Құттыбай, Ақтайлақ, Аққожа, Төбет сияқты батыр-билерді тізбелей берсек том-том кітап болар еді.

Қазымбет батырдың қалмақ сұлуы

Таңшебермен некелесуі және оны баласы Қабектің іздеп келуі.
Мұның өзі ұзақ сонар дастанға бергісіз аңыз әңгіме. Шежіреші қариялар ғасырлар бойы ауыздан-ауызға айтып, сан құбылтып жіберген тұстары да көп. Солардың ішіндегі ең дұрысы, шындыққа жуық келетіні С.Өзбековтің «Мұра» кітабындағы нұсқасы болғандықтан, сол нұсқадан үзінді келтіруді жөн көрдім.
….Қазақ қолы бел алып, Қазымбеттің әйгілі батырлар қатарына қосылған кезі. Бір шайқаста жүз қаралы қалмақ сарбаздарын Қазымбет жігіттері қолға түсіреді. Қолға түскен жаудың билігі сарбаздардың қолында емес пе? Ат-әбзелі, қару-жарақ, сауыт-саймандары алынады. Сол тоналғандардың ішінде сауыт-сайманы шешілгеннен кейін, жалғыз бұрым болып өрілген шашы тірсегіне түскен, аса келбетті сұлу әйелдің ерлер қатарында шауып жүргені әшкере болады.
Мұндай ерлік қай кезде де, қандай ұлттың болмасын әйелдерінен кезігіп тұрған ғой.
Қазымбет бабамыз әйелдің жайын сұрастырып білген. Сөйтсе, шайқастың алғашқы кезеңдерінде қалың қол алдында Қаранай деген қалмақ батыры әйгілі қанжығалы Бөгенбаймен жекпе-жекке шығып, сол сайыста Қаранай батыр Бөгенбай қолынан қаза табады. Қаранайдың кегі үшін ерлер қатарында жауға шауып жүрген әйелі Таңшебер екен. Ер қадірін асқақ тұтқан әрі әйелдің жүрек жұттысы болған соң да «Бұдан туған ұрпағым кем, қор болмас» деген оймен бабамыз Таңшебермен неке қидырады.
Сонымен Таңшебер анамыз қырықтан асқан жасынан кейін Келдібек, Жаулыбай, Майлыбай атты үш ұл туады.
Ол кезде он үште садақ тартуға жараған ұл жорық атын баптай бастайтын болған.
Келдібектің он алты жасқа толған кезінде қалмақтың мыңнан астам қолы бір тыныстап жатқан кезді пайдаланып, Қазымбет ауылын қоршайды. Бүкіл қазақ ауылынан Қазымбет ауылын таңдап алуының айрықша себебі болған.

Бақытөмір Шалғынбай,
журналист-жазушы

Жалғасы бар

Осы айдарда

Back to top button