Тарих

ҚҰТТЫБАЙ БИ ҚЫТАЙҒА ҚАЗАҚ ЕЛШІЛІГІН БАСҚАРЫП БАРҒАН

ҚҰТТЫБАЙ БИ ҚЫТАЙҒА ҚАЗАҚ ЕЛШІЛІГІН БАСҚАРЫП БАРҒАН

Тәуке хан (1680-1718 жж.) тұсында қазақ хандығы саяси, экономикалық, әскери тұрғыдан күшейе түсті. Ол ішкі феодалдық енжарлықты жою үшін беделді билерге арқа сүйеп, феодал ақсүйектер мен сұлтандардың салмағын әлсіретуге күш салды. Ұлыстар арасындағы дау-шарлар беделі күшті Төле, Әйтеке, Қазыбек, Нар дауысты Нарынбай би және басқа да билердің алдында шешімін тауып жатты. Нарынбай бабамыз Әз Тәуке хан тұсында 30 жылдай, 200 жылдай қазақ қандығының орталығы болған Ташкент қаласында 10 жылдай бек болған.
Бұл туралы шөбересі Сабырбай:
Арғы атам Нарынбайдан бері қарай,
Көрнекті күндей айқын алтын арай.
Бек болып дала түгіл Ташкенге де
Салдырған алтын есік сырлы сарай,-деп жырлаған.
Салдырған «алтын есігі», қақпасы екі ғасыр 1886 жылға дейін сақталған деседі. Орта Азиядағы сол кездегі ғылым мен білімнің, өнер мен өркениеттің орталығы болған қалада баласы Құттыбайға жан-жақты білім мен тәрбие берген. Әз Тәуке жүргізген мәдени, саяси реформалар: қазақтың әдет-ғұрып зандарын, билер үкімі тәжірибелерін, түйінді биліктерін жинақтап, «Жеті жарғыны», «Тәуке хан заңдарын» аса көрнекті билердің қатысуымен жасаған (1682 ж.); қазақтың жыраулары мен шешендерінің, шежірешілерінің басын қосып, қазақтың мақал-мәтел, шежіре, аңыз-жырларын жинақтатқан; өзінен бұрын ыдырай бастаған үш жүздің басын қосып, жеке ұлыстарды билеген сұлтандардың даралануына жол бермей, хандықтың ішкі бірлігін күшейткен; жақын көршілермен тату байланыс, экономикалық сауда-саттық, қарым-қатынас орнатты. Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынаста болды.
Нарынбай бабамыз Әз Тәуке жүргізген қазақы салт-санадағы, ел басқару ісіндегі, сыртқы саясаттағы реформаторлық ой-түйіндерін баласы Құттыбай санасына сіңіріп, зор өмірлік тәжірибеден өткізген. Осы жайлар бабамызды қазақ хандығы тарихындағы аса беделді билердің бірі, қу дауысты Құттыбай дәрежесіне жеткізен.
Архивтік құжатта 1718 жылы қаңтар айында Орта жүздің ханы Қайып пен Құттыбай мырза Сібір губернаторы жіберген (посланникам) шабармандары М.Гагарин мен Б.Бренсевке 1717 жылы жоңғар мен қазақты бөліп тұрған Аягөз өзені бойында болған ірі шайқас туралы толымды мәлімет берген. Сол кезде Құттыбай би 20-30 жас мөлшерінде Орта жүз ханы Қайыптың оң қолы, кеңесшісі болған көрінеді (Ресейдің сыртқы саясаты архиві жоңғар фондысы істерінде жазылған 13\\1 1731 іс 2 бет 41.).
Қазақ-жоңғар соғыстарындағы батыр жырау Үмбетей (1668-1775) Бөгенбай өлімін Абылай ханға естіртуінде:
Аруағыңа болысқан, Қанжығалы Бөгенбай,
Әділ билік қылысқан, Абылай сенің тұсыңда,
Қашпаған қандай ұрыстан, Сол бесеуі болыпты-ай,
Керейде батыр Жәнібек, Кейі батыр, кейі би,
Қаз дауысты Қазыбек, Тәңірім берген сондай сый,
Қу дауысты Құттыбай, Ұмыттың ба, Абылай? – деп
Қаракерей Қабанбай,
қанды жорықтардағы тұрғылас түлғалардың есімдерін атап ұрпақ жадында қалдырған. Қу дауысты Құттыбай би – халқымыз тарихындағы қаз дауысты Қазыбек би, Керей Жәнібек, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай батырлармен қатарлас тарихи ірі тұлға.
«Құттыбай, қу дауысты Құттыбай (шамамен 1700-1770 ж.) би. Найман тайпасының Қаракерей руынан шыққан. Арғы аталары Жанкөбек, Нарынбайлар өз заманыңда әйгілі билер болған. Құттыбай би 1760 ж. Абылай және Әбілмәмбет хандардың тапсырмасымен Пекинге Цинь императоры Цянь Лунге қазақ елшілігін басқарып барады. Елшіліктің сапары нәтижелі болып, Қытаймен шекарадағы аймақтарға қазақтардың қоныстануына жол ашылады. Қазақ саудагерлерінің Үрімжі, Құлжа, Шәуешек қалаларына келіп сауда жасауына рұқсат етіледі. Құттыбай бидің баласы Байғара, немересі Ақтайлақ билер де әйгілі адамдар болды. Ақтайлақ би 1773 жылы Әбілпейіз ханмен Болат сұлтанның атынан Ежен ханға елші болып барған. Әйгілі Ақтамберді жырау мен Дулат Бабатайұлы – Құттыбай бидің немере ағайындары» (Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы 6 том, 151 бет.).
«Аягөз» энциклопедиясынан:
«Нарынбай өз заманында елге қамқор, жетім-жесірге пана аса қайырымды жан болған. Елінен адасқан бөгде жұртты қанатының астына алып, ағайын-туыс еткен. Жалғыз жарым жетімдерді бала етіп өсіріп, басына үй тігіп, алдына мал салып, ел қатарына қосқан. Атаның шапағатымен Байғара бабамыз әкесі Құттыбай, атасы Нарынбай, бабасы Жанкөбектен асып, бүкіл бескөбек сыбанға ұран болған. Найманның ұраны – Қаптағай, Сыбанның ұраны – Байғара. Құттыбай бабамыз бүкіл Сыбанға ұран болған.
1754 жылы Абылай ханның баласы бастаған жасақ Қоңыршәулі ұрысында қалмақ ханы Қандыжапты өлтіріп, ханшасы мен мүлкін бөліске салған. Мамырсу немесе Қандыжап келісімі барысында жоңғар-қытай жағы Қандыжап ханға аса ауыр құн төлеуді талап еткен. Құттыбай бастаған арқалы билер бұл талаптың орынсыздығын дәлелдеп, құн төленбейтін болады.
Әз Тәуке, хан Абылайдың қазақ хандығының қуатын арттырып, ішкі-сыртқы саясатта зор жетістіктерге жеткізген, заманында қазақ топырағында өңген нар дауысты Нарынбай, Ақтамберді жырау, қу дауысты Құттыбай, Сыбанға ұран болған Байғара би бастаған алыптар.

Жанкөбек Садырбек

Мамырсу ауылы,
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button