Түтікшемен жасалатын ота
Шығысқазақстандық онколог-хирургтер урология саласындағы оталарды жасауда бір жылдан бері инновациялық лапароскопиялық әдісті қолданып келеді. Аз инвазивті, жоғары технологиялы простатэктомия операциясын елімізде тек екі жерде – Астанадағы Ұлттық хирургия орталығы мен біздің облыстық онкологиялық диспансерде жасайды. Ал пациенттерінің легі жағынан бізге келушілердің қарасы басым. Жыл басынан бері біздің онколог-хирургтер инновациялық осы тәсілмен алпыстан астам ота жасаса, екі науқас басқа аймақтардан келіпті.
Лапароскопиялық әдістің басты артықшылығы – дәлдігінде
…Бүгін операция үстеліне тағы бір науқас жатты. Фототілші Ғылымбек Сәбитов екеуімізге ешкімге кедергі келтірмей, сырттай бақылап тұруға рұқсат етілді. Операция блогының аға медбикесі Ляззат Окиншинова бізге әдеттегідей стерильді бетперде, бас киім мен халатын, бахилын кигізіп, операция бөлмесіне бастап барды.
-Пациентке осыдан екі ай бұрын №1 қалалық ауруханада аденомаға (қатерсіз ісік) операция жасалыпты. Алайда ота барысында ісіктің қатерлі екені анықталған. Содан кейін пациент бізге келді. Біз алдымен алғашқы отадан кейінгі қабынуды емдеп, жаңа операцияға дайындадық, – деген болатын Хусан Умурзаков ота басталмас бұрын.
Операция бөлмесі соңғы үлгідегі 3Д эндовидеостойка құралымен жабдықталған. Лапароскопиялық әдістің басты артықшылығы – дәлдігінде. Ота кезінде барлық хирургиялық іс-қимылдар денеге кішкене ғана тесіктен енгізілген құралдардың көмегімен жүзеге асады. Ал болып жатқан нәрселерді бейнекамерамен жабдықталған лапароскоптың көмегімен монитордан бақылауға болады. Алдымен хирург троакардың (денені тесетін әрі лапароскопты ішке енгізетін құрал) көмегімен науқастың денесін екі-үш жерден теседі. Жасалатын тесіктің саны отаның күрделігіне байланысты екен.
Біз кірген сәтте уролог-онкохирург Хусан Умурзаков қасындағы көмекшілері, жас хирургтермен операцияны бастап кетіпті. Барлық іс-қимылдарын қолдарындағы «түтікшелердің» көмегімен мониторға қарап жасап тұр. Мен де мониторға қарап қоямын. Бұлыңғыр. Жөнді ештеңе көрінбейді. Менің қимылымды байқап қалған Ляззат «3Д көзілдірігін киесіз бе?» деп сыбырлады. Мен басымды изегенше, алып келіп, көзілдірігімнің үстіне қондырды. Сол-ақ екен, көзім шайдай ашылғаны. Заманауи құралдардың көріністі бірнеше есе ұлғайтып көрсететін мүмкіндігі бар екен. Монитордан адамның ішкі құрылысы, дәрігерлердің іс-әрекеті енді ап-анық көрініп тұр. Түтікшенің ұшындағы қысқаштардың көмегімен бірдеңені тіліп, жол ашып жатқан сияқты. Бір қызығы, ешқандай қан көрінбейді.
Ота бір сағат он бес минутқа созылды. Облыстық онкологиялық диспансердің білікті мамандары өскемендік 67 жастағы ер адамға куық асты безіне простатэктомия отасын жасады. Яғни, қатерлі ісігі бар қуық асты безін алып тастады. Хирург операцияның сәтті өткенін, науқасты түстен кейін палатаға ауыстыруға болатынын жеткізді.
Әдетте мұндай операциялар бір сағаттан бес сағатқа дейін созылады. Бүгін тез аяқтаулары – отаның осындай түрінің жиі кездесуінен, мамандар әбден жаттығып, шеберліктерін ұштағанынан ғана деп сеніммен айтуға болады.
2012 жылы облыста қуық асты безінің қатерлі ісігіне скринингтік тексерулердің қанатқақты жобасы енгізілген болатын. Осы іс-шараның нәтижесінде елуден асқан ер адамдар жаппай тексеріліп, мамандарға жаман дертті алғашқы стадиясында анықтауға мүмкіндік туды. 2018 жылдан скринингтік тексерудің бұл түрі тоқтатылғанымен, урологтардың қабылдауына келетіндердің қарасы әлі де азаймаған.
-Біз бес жылдың ішінде шығысқазақстандық ер-азаматтарды өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауға үйреткен сияқтымыз. Олардың онкомаркерлердің көмегімен тексерілуді әдетке айналдырғандары қуантады. Келген пациенттерден биопсия да аламыз. Дертті неғұрлым ертерек анықтаса, одан жазылудың мүмкіндігі көп, – дейді Хусан Талипбаевич.
Бүгінгі таңда уролог-онкологтар қуықтың, қуық асты безінің, бүйректің қатерлі ісіктеріне цистэктомия, простатэктомия, нефрэктомия сияқты аса күрделі ота түрлерінің кез-келгенін жасай береді. Облыста урология саласында лапароскопиялық ота жасайтын бірден-бір маман – осы Хусан Умурзаков. Хусан Талипбаевич Семей мемлекеттік медициналық академиясының 2008 жылғы түлегі, 2017-2018 жылы өзі бітірген жоғары оқу орнының «Салалық медицина» магистратурасын тәмамдаған магистр. Облыстық онкологиялық диспансерде тоғыз жылдан бері еңбектеніп келеді. 2013 жылы қазан айында Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында, сол жылы қараша айында Париждің «Густава Руси» госпиталінде қатерлі ісіктерді анықтау және емдеу бойынша мамандандырудан өткен. Эндовидеохирургиялық әдісті жете меңгерген жоғары санатты онколог-хирург.
Онкологиялық науқастарға 2012 жылы алғашқылардың бірі болып, ашық ота жасай бастаған да шығысқазақстандық онкоурологтар екенін айта кеткен жөн. Ал соңғы кездері эндоскопиялық тәсілмен ота жасау қолға алынған. Қуық рагының алғашқы сатыларында оны әртүрлі жолдармен емдеуге болса, асқынған түрінің жалғыз емі- радикалды операция ғана жасалады.
-Мұндай операцияларды тек науқастың келісімімен жасаймыз. Өйткені, қуықпен қоса ер адамдарда қуық асты безін, лимфа бездерін, маңындағы басқа да тіндерді, әйелдерде жатыр мен қосындыларын түптамырымен алып тастуымыз керек. Қатерлі ісігі бар органды алып қана тастамай, бір мезетте науқастарға оның қызметін атқаратын балама жолын жасап беруіміз керек. Мысалы, қуықты алып тастаған соң, ағзаның зәр шығару қызметін қалай қалпына келтіреміз? Ол үшін несеп жолдары пациенттің ішегінен жасалады да, ол келіп несеп жинағышпен жалғанады, – деп түсіндірді онкохирург. Әрине, мұндай оталар 6-7 сағатқа дейін созылады. Өйткені, ота бір мезгілде екі жүйеге: асқазан-ішек жолдарына да, зәр шығару жүйесін де жасалады. Білікті дәрігер өз тәжірибесінде сегіз сағатқа дейін аяғынан тік тұрып, ота жасағанын есіне алды.
-Ота күрделі болғанымен, пациент үшін тиімді жол осы. Алайда науқасқа айтарлықтай қолайсыздық тудырмайды десе де болады. Зәр несеп жинағышқа жиналады, маңайы да құп-құрғақ. Оның өмір сүру сапасы да көп өзгере қоймайды. Менің бір пациентім 2012 жылы жасатқан осындай отаны, бөтелкемен жүреді. Бірақ сырт көзге байқалмайды, – дейді Хусан Умурзаков.
Лапароскопиялық оталар – медицинаның соңғы жетістігі, бүкіл әлемнің озық клиникалары осы тәсілді қолданады. Мамандардың сөзіне қарағанда, науқастар отадан кейін тез сауығып кетеді. Асқынулар да болмайды. Бүгін онкохирурке көмекші болған Саян Сағидуллин мен Қуат Сұлтанғазин де осы әдістің қыр-сырын меңгеріп жүрген жас хирургтер. Хусан Умурзаков онкология саласының ардагері, онкохирург Ербол Құсайыновты өзінің ұстазы деп санаса, енді соңынан ерген жас әріптестері бұған қарап, еліктейді.
Төрт операция блогы бар
Ота жасайтын бөлмелердің санитарлық тазалығына операция блогының аға медбикесі Ляззат Окиншинованың қарамағындағы бес медбике жауап береді. Күнделікті жуып-шаю, кварцпен залалсыздандыру осы қыздардың мойнына жүктелген. Аптасына бір рет, дүйсенбіде жан-жақты тазалық жұмыстары жүргізіледі. Құрал-жабдықтар өте қымбат, оларды тазалап, күтуде үлкен сақтық, ептілік қажет. Бөлмелердің барлығында желдеткіштер орнатылған. Блоктағы ауа температурасы +25 градустан аспайды. Содан болар, ескі кинолардан көргеніміздей, хирургтің маңдайынан тамшылаған терді сүртіп тұрған операциялық медбикені көзіміз шалмағаны. Сондай-ақ медбикелердің міндетіне науқастарды операцияға әкелу де кіреді.
Аға медбикенің айтуынша, облыстық онкологиялық диспансерде барлығы төрт операция блогы бар. Урологиялық оталар блогы 3Д эндовидеостойка құралымен, қалған бөлмелер 2Д Karl Storz аппаратымен жабдықталыпты. Соңғы аппараттардың да мүмкіндіктері жоғары.
Ляззат Қабдолдақызы Өскемен медициналық училищесін бітіргеннен бері 31 жыл мамандығы бойынша қызмет етіп келеді. Оның 21 жылын онкология саласына арнаған маман жоғары санатты медбике. Операцияға қажетті материалдардың өзінде он күндік, ал дәріханада бір айлық қоры болуын қатаң қадағалайды.
Айна Ескенқызы