Тылсым дүние

Түстің құпиясы қашан ашылады?

Түстің құпиясы қашан ашылады?

Қылышынан қан тамған кеңестік қызыл империя үлкен-кішіні құдай жоқ, дін – апиын деп адастырып, дәстүрдің озығы бар, тозығы бар деп түсіндірді.
Шетімізден зорлық-зомбылықпен атеист болдық, іш қыж-қыж қайнағанымен, қолдан келер шама жоқ. Жарлық қатты, жан тәтті. Десе де кейде өткен өмірге көз салып отырып, кейбір нәрселерге таңғаламын. «Түс – түлкінің боғы» дегенімізбен, оның өзі де тылсым сырға тұнып тұрғанына көзім жете түседі.
1964 жыл. Жазғы сессияның кезі. Түсімде екі қолымда екі шөлмек «Водка» арағы, университетке асығып келемін. Қаперіме алғам жоқ. Емтиханда дүниежүзі тарихынан құладым. Қазір Алла тағалам бір нәрсені алдын ала сездірген екен ғой деген ойға берілемін.
Бірде үйімізге бәкене бойлы, жұпыны киімді шопан келді. Шешем Күлсапа ақ дастарқанын жайып, жақсы қарсы алды. Аманжол бақсының ұрпағы екен. Құмалақшы. Ол бірден: – Көңілдеріңізге келмесін, құмалаққа не түседі, соны айтамын, – деді де, – үйлеріңде науқас бар, – деп сөзін доғарды. Үн-түнсіз отырып қалдық. Көп ұзамай сиырымыз ішін тартып, түн ортасында мөңірейтінді, ал итіміз ұлитынды шығарды. Мұндай сұмдыққа куә болған анам: «бұл жақсылық емес, өз бастарыңа көрінсін» деп реніш білдіретін.
1968 жылдың маусым айында туған анам маған сырқаттанып жүргенін айтты.
– Жасыңыз жетпістің жуан ортасында. Өмірдің ащысы мен тұщысын бір кісідей татқан жансыз. Кәріліктің ауылы жақындаған сайын, ұсақ-түйек ыңқыл-сыңқыл төңіректейді ғой, – деп анамның көңілін аулап, жұбатқан болдым.
– Түндегі көрген түсімнің түрі жаман. Осы түс түбіме жете ме деп қорқамын. Өзіміздің үйдегі мына пештің қасындағы ұзын орындықта үш кемпір отырмыз. Бір уақытта мен етпетінен құлап түстім. Қозғалуға шамам жоқ. Әлгі екеуі орындарынан жайлап тұрды да, өз жөндеріне кетті. Ешқандай көмек көрсетпеді. Егер кейуаналар көтеріп алса, су ішкілігім бар еді, – деді анам уайымдап.
Үмітсіз шайтан деген. Құдіреті күшті бір Аллаға сыйындым. Өкінішке қарай, анашымның жорыған түсі айдай анық келді. Ол көп ұзамай барса келмес сапарға аттанды.
Халқымыз жалпы түсті кез келген адамға жорттырмауды ескертеді. Жасы үлкен, жөн-жосықты білетін, көңілі пәк қарияларға айтқанды жөн санайды.
Бұл жерде өзімнің жеке басыма, өміріме тікелей әсер еткен жақсы түстер болды. Оның бәрін тізу шарт емес. Бірде:
– Апа, қолыма жарқыраған күміс сағат тағып жүрмін, – деп түсімді айттым. Ол «Оқуыңды жақсы бітіріп, көңілің ағарады. Менің жорығаным емес, пайғамбардың жорығаны, әумин» деп бетін сипады. Айтқаны келді. Диплом жұмысымды және мемлекеттік емтиханды беске тапсырып, университетті тәмамдадым. Жақсы сөз – жақсы лепес.
Тәуелсіздікке қол жетті. Ождан бостандығы бар. Ата-бабамыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ырымдарын жалғастыру өз қолымызда.
Түс құпиясы әлі жұмбақ. Ол шешілуімен қызық. Оның да күні туар. Жақсылықтың ерте-кеші жоқ.

Үмітхан Нұрғалиев
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button