Брифинг

Цифрландыру саласында көш бастап келеміз

Шығыс Қазақстан «Smart City» цифрлық бастамаларын енгізу бойынша елімізде алдыңғы қатарда келеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңындағы брифингте облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Рүстем Досқожа мәлімдеді.

Мәселен, денсаулық сақтау саласын цифрландыру бағытында облыстағы 20 медициналық мекемеге жасанды интеллект – PACS жүйесін енгізу жобасы іске асуда. Бұл онкологиялық ауруларды, туберкулезді, пневмонияны ерте анықтауға мүмкіндік береді. Былтыр 308 мыңнан астам зерттеу жүргізілді.

DamuMed платформасына қашықтан медициналық тексеру хаттамалары мен зерттеулерді көруге болатын қызметтер қосылған.

Сондай-ақ қоғамдық көлікте электронды билеттеу сәтті жүзеге асуда. Облыс орталығында жолаушылар «Oskemencard» картасы арқылы жол ақысын төлей алады.

Рүстем Досқожа «Ақылды қала» жүйесін іске асырудың өзегі – ШҚО ведомствоаралық бірыңғай ситуациялық орталықтың жұмысына кеңірек тоқталды.

– Құрамына «Сергек» жүйесі, «109» және «112» қызметтері, «Облыс әкімінің ситуациялық орталығының» ақпараттық жүйесі енеді. Облыс әкімінің ситуациялық орталығы 11 сала бойынша ақпараттар ағымын бір платформаға біріктірді. Орталық базасында жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін пысықтау сапасын бақылауды арттыру мақсатында облыс әкімінің қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істейді. Өткен жылы 38 685 өтініш тіркелді, – деді басқарма басшысы.

Облыс орталығында «Сергек» арқылы қауіпсіздікті бақылау жүзеге асуда. Жолдар мен аулаларға 4 мыңға жуық бейнекамера орнатылған.

Сондай-ақ «Диспетчерлік қызметтерді жедел басқару» кешенінің құрамына бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызмет – 112, ақпараттық-анықтамалық қызмет – 109 енді. Былтыр 219 725 қоңырау түсті, оның ішінде «112» арнасына – 189 163, «109» арнасына – 30 562.

Қаланың интерактивті ақпаратын нақты уақыт режимінде алу үшін «Digital East» жұмыс істейді, ол облыс орталығы тұрғындарын маңызды оқиғалар туралы хабардар етуге, өзекті ақпарат ұсынуға мүмкіндік береді.

Осы жылы «Digital East» мобильді қосымшасының функциялары «Ата-ана бақылауы» және «Белсенді азамат» бастамалары есебінен кеңеймек.

Сондай-ақ туристерді ақпаратпен қамту, қаланың туристік әлеуетін арттыру мақсатында интерактивті онлайн гид – Visiteast мобильді қосымшасы іске қосылды. Өскемен бойынша гид жүйесіне 139 мекеме қосылған.

Ал Өскемендегі 55 білім ордасында баланың мектепке келген-кеткен уақыты туралы ата-ананы автоматты түрде хабардар ету үшін әзірленген қосымша бойынша «Ата-ана бақылауы» бастамасы кезең-кезеңімен жүзеге асады.

Биыл террористік тұрғыдан осал объектілерге өрт қауіпсіздігі бойынша пилоттық жоба енгізілмек. 10 білім және денсаулық сақтау нысанында ситуациялық орталықтың басқару пультіне сигнал беру арқылы өртті уақтылы және автоматты түрде анықтау мүмкін болмақ.

Қала халқына ұсынылатын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және телекоммуникация саласындағы сұранысқа ие қызметтер талдағаннан кейін «I-Qala» жобасын енгізу қаралуда.

– Аталған бастамалар қалалықтардың тұрмысын жақсартуға, қала қызметінің тиімділігін арттыруға, жайлы ортаны нығайтуға мүмкіндік береді, – деді Рүстем Досқожа.

 Қуаныш Рахметоллаұлы

 

Осы айдарда

Back to top button