Ауыл шаруашылығы

Тұрсынбек төрт түліктің бәрін өсіреді

Тұрсынбек Тәуірбеков басынан қуанышты жайттарды көп өткізеді. Тортөбеліне мініп, қойын алдына салып, жайып шыққанда Түкеңнің көңіл құсы шартарапты шарлайды.

Тұрсынбек төрт түліктің бәрін өсіреді…Ес білгелі өзіне етене мамандық – шопандықты таңдап алыпты. Атқа мінуге жараған алты-жеті жасынан бас-тап ауылдың көп малының бір жағына шығысып, мал бағудың қыры мен сырын біле түсті. Содан бері міне, талай заман өтті. Әке-шешесінің жағдайына қарап, оқу іздеп алысқа да кеткен жоқ. Жоғары білім алмадым деген жоқ, маңдайына жазған кәсіпті өмір бойы серік етіп келеді.

Киелі мекен Мақаншының «Арқар-лы» кеңшарында таяғы құтты шопан болды. Әр жүз саулықтан 135–140-қа дейін төл алып, алдыңғы қатардан көрінді. Талай-талай жақсы адамдармен, жүрегіне даланың шежіресін жазып алған қарттармен дәмдес болды. Күнделікті бірге жүрген соң күйбең тірлік жақындастырып, үлкен-кішілікті байқатпай, әзіл-қалжыңы жарасып жүре берді.

– Тұрсынбек қарапайым, ақкөңіл, әңгімешіл адам. Адам көңілі қалмасын деп елпілдеп тұрады. Ісіне тиянақты, тындырымды, нағыз еңбек адамы, – дейді ол туралы ауылдастары.

Кеңес өкіметі кезінде еңбек адамына деген көзқарас ерекше болды. Еңбектен-ген адам марапаттан кенде болған жоқ. Мал баға жүріп, оның игілігін де көрді. Жаз Тарбағатай тауының жайлауына шығып мал семіртіп, бағылан жеп жүрді. Бие байлап, қымыз ашытатын. Осының бәрі еңбектің арқасы еді. Нарық келген тұста көп жұрттың абдырап қалғаны рас. Ал Тұрсынбек болса, әупірімдеп жүріп Құнанжалдың бойындағы қой қорасын жекешелендіріп алып, қолындағы азын-аулақ малын шашау шығармай өзі бақты. Қысқа шөп дайындады. Әрине, жалғыз емес. Үйде тамағын дайындап, ақсақалының жағдайын жасап отыратын бәйбішесі Күлпәш болса, жанында жас кезінен еңбекке баулып өсірген Қазыбек, Рысбек, Тынысбек, Болатбек, Ернар сияқты ұлдары бір жағына шығып, қолғабыс етті, қолын ұзартты. Жағдайын жақсарту үшін ауыл тұрғындарының ірі қарасын, қой-ешкісін қосып бағып, табыс тапты. Елбасының көреген, сарабдал саясатының арқасында ел еңсесі көтеріліп, жағдай айтарлықтай жақсарды. Тұрсынбек ақсақалдың қорасы малға толды. Төрт түліктің бәрі бар. Еңбек етемін, жағдайымды жақсартамын деген адамға мүмкіндіктің бәрі бар. Адам баласының бар жақсылыққа қолын жеткізетін ұлы қасиет – еңбек екеніне Тұрсынбектің көзі осылай жетті.

Осындай ойға Тұрсынбек бүгін ғана берілген емес. Өмір бойы осы бір қағидатты жүрегіне мықтап жазып, оны іске асырып келеді. Ұрпағына да айтары осы.

… Құнанжалдың көк аспанын жарып таң білінді. Ерте тұрған Тұрсынбек күн көтеріліп, ыстық түспей тұрып малын тойғызып алу үшін қойларын алдына салып, өріске беттеді. Өзі ат үстінде қойын қаптата жайған күйі айналасына қуана қарап келеді. Өйткені, ерте тұрып, күн шапағын қарсы алған адамның ырыздығы мол, табысы көл-көсір болатынын ол өмір тәжірибесінен жақсы біледі.

Мұратқазы Саябаев
Үржар ауданы

Осы айдарда

Back to top button