«Дидардың» қонағы

Төреғали Төреәлі: – Басқа ақындар маған сөз жазып берсе, Шойбековпен айтысып нем бар?

Төреғали Төреәлі: -	Басқа ақындар маған сөз жазып берсе, Шойбековпен айтысып нем бар?

Жуырда Өскеменге «Аялы алақан» атты қайырымдылық концертімен «МұзАрт» ансамблімен қатар жас әнші Төреғали Төрәлі келген болатын. Сол кезде айтыскер ақын әрі әнші Төреғали Төрәлімен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Әкем Талғат Мұсабаевқа ғарышқа ұшар алдында арнау айтыпты

– Әңгімені өзіңізден бастасақ. Қай өңірдің тумасысыз?
– 1992 жылы 14 қазанда Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласы, Қармақшы ауданы, Төретам ауылында дүниеге келдім. Кейін әлемнің 309-ыншы ғарышкері Талғат Мұсабаев ғарышқа алғаш рет аттанар сәтінде әкем Төреәлі ол кісіге арнау айтып, сол кезде бізге Байқоңырдан екі бөлмелі пәтер берді, сонда қоныс аудардық. Қазір Алматыда тұрамыз.
– Балалық шағыңыз қалай өтті? Сіз қандай бала болдыңыз?
– Апамның тәрбиесінде өстім. Ол кісі ерекше еркелететін еді. Өздеріңіз білетіндей, ата-анасы мен апасының қолында өскен баланың тәрбиесі екі түрлі болады ғой (күліп). Бала күнімде домбырада ойнай алмасам да, үйренуге талпынып жүретінмін.
– Отбасыңыз өнерге жақын адамдар ма? Естуімізше, өзіңіз жуықта шаңырақ көтеріпсіз.
– Әкем де, анам да өнерге жақын адамдар. Анам орыс тілі пәнінің мұғалімі. Кезінде екеуі де қос дауыста домбырада ән шырқаған екен. Кейін анам бала тәрбиесіне көңіл бөліп, отбасы – ошақ қасында отыруына тура келді. Соңымнан еріп келе жатқан Фариза және Дина есімді екі қарындасым бар. Үлкені Фариза скрипкада ойнаса, кенже қарындасым Дина бимен шұғылданады. Ал шаңырақ құрғаным рас. Жарымның есімі – Толқын.
– Демек, екі қарындасыңыз да өнер жолына барамын десе, қарсы болмайсыз ғой. Солай ма?
– Негізі, өнер жолына түспесе екен деп тілеймін. Өйткені, бұл – өте ауыр жол. Сондықтан да аға ретінде олардың мойнына қандай да бір қиыншылық түскенін қаламаймын.
– Өнер жолына қалай келдіңіз? Негізгі мамандығыңыз актер екен. Неліктен әншілік жолын таңдадыңыз?
– Актерлікті оқып жүргенде айтысқа көп шығатынмын. Ол кезде киноға түсуге шақырту көп түсетін еді. Бірақ бұл жолға түскеніме еш өкінбеймін. Өйткені, әншілік өнердің айтыста тигізген пайдасы көп. Мәселен, бір мақаммен айтысу халықты жалықтырып жібереді. Тіпті, мектепті бітіргенде әкем мені теміржолшы боласың деп Ақтөбеге апарған болатын. Кейін талантымды көріп, өнерге бет бұруыма рұқсатын берді.
– Қазір киноға шақырту қаншалықты түседі? Егер жақсы гонорар ұсынып, сахнадан біржолата кетіңіз деп талап қойса, қайтер едіңіз?
– Өнер ақшаға сатылмайды. Болашақта жолым түссе, көгілдір экраннан көрінетін шығармын. Бірақ әзірге телесериалға түсу жоспарымда жоқ.

Айтысқа дайындықсыз келген күндерім де болған

– Бүгін кімсіз? Ақынсыз ба, жоқ әлде, әншісіз бе?
– Әншілігім де, ақындығым да өнер дейтін бір арнаға келіп тоғысты. Өнер дейтін халыққа тәрбие беретін құрал болғандықтан, екеуін бөліп қарамаймын.
– Әнді орындау мәнері мен оның мәтініне қаншалықты мән бересіз? Мысалға, ел арасында сізді тыңдарман қауымға танытқан «Бол жанымда» атты әніңіздің мәтініндегі «Басыма сәл бақ қонғанда» деген сөзіне сын айтушылар көбейді. Ақынсыз ғой «сәл бақ» деген сөз бола ма?
– Кез келген әнді орындамас бұрын, сөзіне алдымен мән беремін. Меніңше, «Басыма кеп бақ қонғанда» деп те айтуға болады. Алайда «Дәу бақ қонса да, бол жанымда» мәтінін ашып тұратын сияқты. Жалпы, әннің мына жерін жарты дауыспен алу керек деген сияқты сынды қабылдаймын. Ал ән сөзінің мәтініне келсек, бұған тек ақындар ғана сын айтса екен.
– Ақындардың арасында беделіңіз қандай? 2014 жылы Алматыда үш бидің атына арналған айтыста Сырым Әуезханмен айтысқан едіңіз. Сол кезде қарсыласыңыз сізге Айнұр Тұрсынбаева, Жандарбек Бұлғақов сынды ақындар сөз жазып береді дегенді айтып қалды. Сол қаншалықты рас?
– Бауырыма ешқандай өкпем жоқ. Ол жылдары «Іздеме» деген әнім жарық көріп, тойларға шығып ән айтып, айтысқа дайындықсыз келген күндерім болған. Сол себептен де айтысқа дайындықсыз келу – бұл теңізге қайықсыз түсумен бірдей. Шыны керек, Айнұр да, Жандарбек те осы күнге дейін бірде бір әніме сөз жазып берген емес. Ең алдымен үлкен сахнаға шығып, қара сөзден жыр шашу үшін рух керек. Өйткені, бұл – цирктің сахнасы емес. Кейде ертең айтыс болады деген түндері көз іле алмай, уайымдайсыз. Жүрегіңіз толқиды. «Егер қарсыласыма былай айтсам, ол маған бүйтіп жауап қайтарса қайтемін?» деген сұрақтар ұйықтатпайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Дінмұхаммед Қонаевтың 100 жылдығына арналған айтыс өтті. Сонда Жүрсін ағам «ел арасында ақындар өзара келісіп айтысады екен деген әңгіме шығып жатыр. Сондықтан осыдан бастап кімнің кіммен айтысатынын жеребе арқылы шешетін боламыз» деді. Әлі күнге дейін есімде үшінші жұп болып Бекарыс Шойбековпен айтыстым. Расымен де, маған басқа ақындар сөз жазып беріп жүрсе, азулы ақын Шойбековпен айтысып нем бар менің (күліп).
– Айтыстан кетіп, ұттыңыз ба, жоқ әлде, ұтылдыңыз ба?
– Әр ақынның шарықтайтын және тоқырайтын кезеңі болады. Менде қазір шығармашылық тоқырау десем бе екен… Аламанда өнер көрсету үшін ой жинақтау керек. Көрерменді жалықтырып алмас үшін жаңа мақаммен шығу қажет. Болашақта көрерміз. Қазір айтыстың сахнасында жүрмесем де, шын жанашырымын.

– Айтыс сахнасында жүрген кезіңізде ақындармен бірге Меккеге барып келіпсіз. Ол жақтан қандай әсермен оралдыңыз?
– Қайрат Сатыбалды ағамызмен бірге Меккеге барудың сәті түсті. Ол жақта қағбаны айналып, дұға жасағанда Құдайдың соны іштей қабыл ететінін сезгендей болдым. Сондықтан болар, Меккеде өзімді жайлы сезіндім.

Бақтияр Артаев «мМрседес» сыйға тартты

– Осы уақытқа дейін үш ән жинағыңыз жарыққа шығып үлгерді. Тыңдармандарыңыз «Байқоңыр» мен «Бол жанымда» атты екі ән жинағыңызда 17 әннен бар екендігін айтады. Шамалы уақытта осындай халыққа өтімді мұншама әнді қалай жинап үлгердіңіз? Бұл кімнің еңбегі?
– 90 пайыз әкемнің еңбегі. Әкем болмаса, қазіргідей деңгейге көтерілмес едім. Ол кішкентайымнан жанына ертіп жүріп, өмір мен өнердің қыр-сырына баулыды.

– Әннің саны көп болғаны жақсы ма, әлде, сапасы жақсы болғаны дұрыс па?
– Репертуарыңдағы әндердің саны да көп, сапасы дұрыс болғаны жақсы гой. Келешекте сапасы сын көтеретін шығармашылық туындыларымды кітап қылып шығарсам ба деген ойым бар.

– Продюсеріңіз кім?
– Әкем. Өзі ақын әрі сазгер. Төрт жасымнан бастап жанына ертіп жүріп, өнерге баулыды. Кішкентай күнімнен бастап әлі күнге дейін өмірім іс сапарлармен өтіп келеді (күліп).

– Өзге елдің әншілерімен дуэт айту жоспарыңызда бар ма?
– Жоқ. Құдай сақтасын. Мыңымыз жүріп, неге қазақтың баласына шетелдің әншісін тыңдатуымыз керек. Жасөспірімдер шетелдің әншілерін көбірек тыңдап жүрсе, демек бұл – біздің кінәміз.

– Қазіргі күні эстрадада жүрген қыздардан құралған топтар көп. Осындай бүгін бар, ертең жоқ болып кететін нәзік жандылардан құралған топтарға ер-азаматтардың көңілі толмай жатады. Бұған сіз не дейсіз?
– Қыз баланың міндеті – ана атанып, бала тәрбиесімен айналысу деп білемін. Ал егер отбасы мен өнерін қатар алып жүре алатын болса, сахнаға неге шықпасқа?! Қарақат Әбілдина мен Тамара Асардың ізін жалғайтын қарындастарым шығып жатса, қуанамын.

– Қай өңірге тойға шақыру көбірек түседі?
– Шымкент пен Ақтөбеге жиі барып тұрамыз. Бұдан бөлек Қызылордаға да жолымыз түсіп тұрады. Өйткені, ол жақта әкемнің достары көп, сол кісілерге «сыйлық» боп барып тұрамыз (күліп).

– Тойға қаншаға шығасыз?
– Қатып қалған баға жоқ. Әр кезде әр қалай. Кейбір той иелері барып қайтатын ұшақтың ақшасын, барлығын өзіміз көтереміз деп тұрса, неге тегін бармасқа? Егер сол күні бос болсам, міндетті түрде барамын. Қазақта «шақырған жерден қалма» деген сөз бар емес пе?!

– Сахнаға шыққаныңыз кеше ғана болса да, бірнеше бейнебаян түсіріп үлгердіңіз. Өнеріңізге жұмсаған қаражатыңыз өзін-өзі ақтады ма?

– Өнерден түскен табыс тек қана өнерге ғана жұмсалады. Ән жаздырып, бейнебаян түсіруге қажетті қаражатты табу мәселесі әкемнің мойнында. Өйткені, әкемнен басқа демеушім жоқ.
– «Қазір әкемнің достарына сыйлық болып барып жүрмін» депсіз бір сұхбатыңызда. Қомақты сыйлықтарды жиі алып тұрасыз ба?
– Айтыста жүргенде «Тойота 25» деген машина жеңіп алғанмын. Күні кешеге дейін сонымен жүрдім. Кейде таксимен, кейде жаяу да жүре береміз. Жуырда боксшы Бақтияр Артаев ағамыз «Мерседес 221» маркалы машина тарту етті. Әзірге ең жақсы сый осы болып тұр.
– Адамның қандай қасиетін жоғары бағалайсыз?
– Сыйластық.
– Хоббиіңіз қандай?
– Домбыра жинағанды ұнатамын. Қолым бос кезде арнайы шеберлерге тапсырыс беріп жасатуға тырысамын. Бұрын Алматыда студент кезімде пәтер жалдап тұрғанда қонаққа келген достарым: «Сенде домбыра жоқ па?» деген кезде біртүрлі болып қалатынмын. Себебі, нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра емес пе?!
– Осындай қайырымдылық концерттеріне қаншалықты жиі қатысып тұрасыз?

– «Жақсылық жаса да, суға таста, халық көрмесе, балық көреді» деген мақал бар. Әрине, қолдан келгенше көмектескім келіп тұрады. Елімізда қарттар мен жетімдер үйі болмаса екен деп тілеймін. Бос болсам мұндай кештерге қатысамын.

– Әдемі әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button