«Дидардың» қонағы

Тұрдықұл Шаңбай, алаштанушы: – Әлихан Бөкейхан – тұтас адамзатқа еңбек сіңірген тұлға

Тұрдықұл Шаңбай, алаштанушы: - Әлихан Бөкейхан - тұтас адамзатқа еңбек сіңірген тұлға


Белгілі ғалым Тұрдықұл Шаңбай ұзақ жылдардан бері Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің құрылымдық бөлімшесі болып табылатын «Алаштану» ғылыми-зерттеу институтын басқарып келеді. Әдебиет теоретигі, мәдениеттанушы-философ, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, алаштанушымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Алаш-Семей – қазақтың ұлттық тәуелсіздікке ұмтылған идеясының ордасы

Тұрдықұл Қасенұлы, өзіңізді және оқырмандарымызды Әлихан Бөкейханның ЮНЕСКО көлемінде аталып отырған 150 жылдық мерейтойымен редакциямыздың атынан құттықтаймыз. Әлихан Бөкейханның саяси-қайраткерлік еңбегіне қандай баға бересіз, оны дара тұлға ретінде қалай бағалар едіңіз?

-Кезінде Сұлтанмахмұт Торайғыров «Алаштың Әлиханы» не болмаса, «Әлиханның Семейге келуі» деген үлкен еңбектер жазған. Алаш қайраткері мерейтойының ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілуі тегін емес. Әлихан Бөкейхан шындығында тұтас адамзатқа еңбек сіңірген тұлға. Мерейтой туралы әртүрлі көзқарас бар. «Дұрыс атап өтілмей жатыр, бұл неліктен?» – деген сауалдар қойылады. Әрине, ойлап қарасаңыз, бізге біреу Әлиханды зерттеуге тыйым салды ма, алаштың тарихын таразылама деді ме? Жоқ, әрине. Міне, мен «Алаштану» ғылыми-зерттеу институтын ашып, зерттеу үстіндемін, оған он жылдан асты, маған зерттеме, қой деген ешкім жоқ. Сондықтан да бәрі өзімізге байланысты. Яғни, бұл тұрғыдан алғанда данышпан Шәкерімнің айтатын сөзі бар ғой: «еріншектен салақтық, салақтықтан надандық, жоғалар сөйтіп адамдық» деп. Біз ұлы тұлғаларымызды өзіміз таныта алмасақ, бір-бірімізбен айтысқа түсіп, керегі жоқ дүние үшін қызылкеңірдек болып жатсақ, даналарымызды жұртқа қалай танытамыз? Әлихан зерттелу керек. Халық Семейдегі Алаштану институтына риза. Біз де жауапкершілікті сезінеміз. «Тас – түскен жеріне ауыр» деген. Семей – алаштың рухани астанасы. Мен өзім Алаш-Семей деп жинақтап айтқанды ұнатамын. Алаш-Семей қазақтың ұлттық тәуелсіздікке ұмтылған идеясының ордасы. Семей – қазақ халқының, тұтас түркі елінің мәдениетінің қайнар көзі. Алаш арыстарын ерекше құрметтеуіміз керек. Әлихан алаштың саяси-тарихи тұрғыдан көсемі болса, Ахмет Байтұрсынов – құрметті Ахаң тұтас қазақ халқының рухани көсемі, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Айматуытов басқа да алаш алыптары жүздеген адамдар, қазақтың мәйекті ұлы тұлғалары. Олардың барлығы хакім Абайға бас иді. Ең алғаш Ресейдегі үлкен императорлық жинаққа Әлихан Абайдың өмірбаянын жазып берген. Абай туралы теңдесі жоқ, ең үлкен зерттеу жасаған – Ахмет Байтұрсынов. Оның «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласы методологиялық тұрғыдан – теңдессіз зерттеу. Орыс әдебиетінде «Гогольдің шинелінен шыққан» деген сөз бар ғой, мен бүкіл алаштың алыптары «Абайдың шапанынан шықты» деп айта аламын. Бұл рухани жағы болса, ал қазақ жолымен келсек, Әлиханның Абаймен туыстығы да бар. Анасы -Абай елінің қызы. Ал өзі атақты Шыңғыстың ұрпағы, арғы атасы -Бөкей хан. Әлиханның «мен өмір бойы қазаққа еңбек етемін, қазақтың алдында хан ұрпақтарының қарызы көп» деп айтқаны бар. Қарқаралы ауданы қазір Қарағанды облысында, ол кезде Семейге қарап тұрды. Әлиханның мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатуы біз үшін мақтаныш. Әйткенмен біз бір нәрсені түсінуміз керек. Той тойлау міндетті түрде, ат шаптырып, шапан жабумен аяқталмауы керек. Жүйелі түрде жұмыс атқарған жөн. Ғылыми түрде дәлелдеу керек. Тәуелсіз қазақ елі болғандықтан Әлиханның даңқын қазақ ішінде ғана емес, елден тыс жерлерге де тарату міндет. Әлихан әлемге ХХ-ғасырдың басында-ақ танымал болған. Еуропада, Америкада ол туралы жазылған, айтылған. Ресейдің ақсүйектерімен, дворяндарымен Әлихан тең дәрежеде араласқан. Осының өзі оның қазақтың маңдайына біткен ерекше тұлға, феномен екенін көрсетеді. Ол ешқашан өз көзқарасынан танған емес. Астанадағы Сұлтанхан Аққұлұлы басқарып отырған «Алаш» институты, немесе Батыс Қазақстандағы «Алаш» орталығы, не болмаса Алматыдағы Мәмбет Қойгелді аға басқарып отырған орталық алашқа байланысты әңгіме қозғалғанда Әлиханұлын ХХ ғасырдың басындағы аса ірі тұлға ретінде қарастырады.

– Өзіңіз басқарып отырған «Алаштану» ғылыми-зерттеу институты жаңа ғана өзіңіз тілге тиек еткен Астана, Алматы, Батыс Қазақстандағы алаштанушылардың негізгі орталығы екендігін халық жақсы біледі. Сіз елімізде тұңғыш рет «Шәкерімтану мәселелері» ғылымын бір жүйеге келтірдіңіз. Шәкерім, Әлихан сияқты тұлғалардың өлшеусіз еңбегін зерделеу жолына қалай келдіңіз?

-2000 жылы тұңғыш рет ЮНЕСКО көлемінде Түркістан қаласының мерейтойы тойланып жатты. Сол кезде «Түркі әлемі» жобасы бойынша «Түркістан» халықаралық энциклопедиясын шығаруға арнайы құрылған редакцияны басқардым. Энциклопедияның тұсаукесері Алматыда өтті. Сол кезеңде Семейдегі Шәкәрім атындағы университеттің ректоры, бүгінде елімізге танымал қоғам қайраткері, Астанадағы Лев Гумилев атындағы ЕҰУ-нің ректоры Ерлан Сыдықов тұсаукесерді теледидардан көрген екен. Мені «Шәкерімтану» ғылыми-зерттеу орталығын басқаруға Семейге шақырды. Бірден келісім бердім. Оның нәтижесін халық та, ғылыми орта да біледі. Кейіннен Елбасының шешімімен Ерағаң Астанаға ауысқанда мені сонда жұмысқа шақырды. Мен рақметімді айтып, бас тарттым. Ол Алаш-Семейімді армандап келгенімді түсінді. Қазір «Тұрдықұл Шаңбай бар» деп айтып отырады. Ерағаңа рақмет.

«Лев Гумилев» энциклопедиясы Мәскеуде үздік деп танылды

— Сіз Лев Гумилев энциклопедиясының авторысыз. Кітаптың бас редакторы – Ерлан Сыдықов. Лев Гумилевті тұлға ретінде зерттеуді қашан, қалай қолға алдыңыз?

-1990-шы жылдардың соңында Лев Гумилевті білу Ұлттық Ғылым Академиясындағы жас ғалымдарға, аспиранттарға үлкен білімдарлықтық белгісі сияқты көрінетін. Сол кезден бастап мен бұл кісі туралы зерттей бастадым. Мұны Ерлан Бәтташұлы білетін. Ғалымның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында «Лев Гумилев» тұлғалық энциклопедиясы дайын болды. Кейіннен, Мәскеудегі атақты «Художественная литература» баспасынан жарық көрді. Семей қаласының Құрметті азаматы, жазушы Медеу Сәрсеке қаламызда өткен мәдени шарада энциклопедияның тұсауын салтанатты түрде кесті. Мәскеуде, Санкт-Петербургте, Астанада энциклопедияға арналған мәдени шаралар өтті. Биыл Мәскеуде өткен көрмеде, осы энциклопедия үздік деп танылды. Автор ретінде мен дипломмен марапатталдым.

– «Алаштану» ғылыми-зерттеу институтының құрылғанына он жылдың жүзі болыпты. Осыған орай қандай шаруалар атқардыңыз?

– Алаштану ғылыми-зерттеу орталығы осыдан он жыл бұрын Семейде тікелей Ерлан Сыдықовтың басшылығымен ашылған болатын. Орталықты басқаруды маған тапсырды. Орталықтың құрылуына Семейдің сол жағалауы XX ғасыр басында Алаш қаласы атанып, Алашорда тарихында ерекше орын алуы негіз болды. Орталықтың қазіргі заманғы білімге негізделген бағдарламасы жүйелі-кешенді түрде нақтылы ғылыми бағыттармен айқындалған. Орталықтың басым бағыты -алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығын зерттеу. Орталықтың концептуальды бағыты – «Алаш-Семей» энциклопедиясын дайындау. Орталықтың іргелі ғылыми-зерттеу бағыты – алаштану мәселелері сериялық ғылыми жинағын қалыптастыру. Алғашқы томдары жарық көрді. Сондай-ақ, жылда дәстүрлі Алаш оқулары, ғылыми-теориялық конференциясы өтеді. Бүгінде орталық жеке дара дами келе институтқа айналды. Тәуелсіздік алған жиырма бес жылда қазақ елі адамзатқа бейбітшілік, даму тілейтін, әрі сол жолдағы жарысқа адалдықпен түсе алатын мемлекет екенін әлемдік қауымдастыққа дәлелдей алды. Қазақ елінің осындай қуатқа ие болуы кездейсоқтық емес еді, жас мемлекетке күш беретін қуат көздері көп болатын. Сол қуат көздерінің ішіндегі бірегейі – алаш қозғалысы. Осы тақырыпты біздің институт құрылғаннан бері зерттеп келеді.

– Алаш алыптарының барлығы биік мәдениет, терең білім иелері болатын. Бүгінгі алаштану ғылымына талаптың күшті болатыны сондықтан шығар?

– Алаш ұғымы – қазақ үшін қасиетті метаұғым. Кезінде ғалым Кеңес Нұрпейіс оған мынадай анықтама берген: «Алаш немесе Алашорда қозғалысы – бірнеше құрамдас бөлімдерден тұратын күрделі ұғым. Олардың негізгілері: біріншіден, саяси партия ретіндегі Алаш, екіншіден, мемлекеттік құрылым түріндегі Алаш автономиясы, үшіншіден, осы автономияны (алаш атты қазақтың мемлекеттігін) басқаруға тиісті оның ордасы немесе Алашорда үкіметі. Басқа сөзбен айтқанда, осы нақты үш мәселенің жиынтығы Алаш немесе Алашорда қозғалысы деген ұғымды бейнелейді». Құрылғаннан бері қарай біз Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алаш автономиясы және алаш алыптарының өмірі мен қызметі туралы, алаш танымының қазақ этносының, қазақ елінің бүгіні мен болашағына ықпалы туралы іргелі ғылыми зерттеулер жүргізіп келеміз. Орталықтың басым бағыты – алаш алыптарының өмірі мен шығармашылығын зерттеу.
Алаш ұғымының ежелгі Ер Түріктен бері бауырластар, қандастар, туыстар деген мағынаны білдіретінін әр қазақ біледі. Алаштың идеясы да сол — бауыр болайық, туыс болайық, адамзат баласы тең деген терең танымға өріс ашқан болатын. Қазақтың тура мағынасындағы, әділетті мағынасындағы ұлтшылдығы, нағыз демократия салтанат құрсын деген идеясы империялық санаға ұнамады.

Осыдан-ақ байқаңыз, сол кездің өзінде алаш ұғымының мәніне қаншалықты назар аударылғанын. Алаштану ғылыми-зерттеу Орталығы «Күншығыс Алашорда» және «Алаш қаласы» деген құжаттар жинағын шығарды. Онда Алашордаға қатысы бар құнды материалдар жинақталған. Мысалды сол еңбектерден келтіріп отырмыз.

Алаш қозғалысының болмысына талдау жасауда отандық тарих ғылымы мен филология саласы қайраткерлік көрсетіп отыр.
Алаш қозғалысы – этносаяси феномен ғана емес, мәдени-философиялық құбылыс. Оны сол кездегі орталық бірден түсінді, халық санасынан тұтас алып тастауға, теріс түсіндіруге ұмтылыстың күшті болуы да сондықтан. Қазақтың барлық болмысы және оның болашағының алдындағы жауапкершілік деген концептуальды мәселе алаш идеясында көрініс тапты.
-Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button