Денсаулық сақтау

Травматология саласы қарқынды дамып келеді

Айна Ескенқызы

 Травматология қызметінің жұмысы әсіресе қыс мезгілінде қауырт. Қалың қар мен көктайғақ кезінде құлап, жарақат алатындар өте көп. Бұдан басқа, қыста жол-көлік оқиғасының саны да артады. Облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Ержан Мейірбаевтың айтуынша, жыл басынан бері 10 ай ішінде жедел жәрдем қызметкерлері тек жарақаттану бойынша 194 мыңнан астам шақыртуға шыққан.

Денсаулық сақтау саласы өкілдерінің ғана емес, полиция қызметкерлерінің, білім беру және еңбек инспекциясы қызметкерлерінің де қатысуымен өткен травматологиялық көмек жөніндегі үйлестіру кеңесінде осы қызметтің жұмысы жан-жақты талқыланды.

Бүгінде облыста халыққа травматологиялық көмек көрсету үшін төрт травматологиялық пункт, 10 кабинет жұмыс істейді. Бес медициналық ұйымда көпбейінді ауруханалардың травматологиялық бейіндегі бөлімшелері бар, екі медициналық ұйымның хирургиялық бөлімшелерінде травматологиялық төсектер қарастырылған. Облыста травматологиялық және ортопедиялық бейіндегі барлығы 290 төсек бар, оның 42-сі балаларға арналған және 88 орын оңалту мақсатында пайдаланылады.

Өңірдің жарақат пункттерінде барлығы 8164 адам емделді. Облыстың штаттан тыс бас травматологы Сергей Карасев атап өткендей, бүгінде Шығыста травматология саласы қарқынды дамып келе жатыр.

– Барлық инновациялық технологиялар өте маңызды, өйткені олар адамдардың өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартады. Біздің дәрігерлер озық, инновациялық технологияларды, соның ішінде эндопротездеуді және ірі буындардың емдік-диагностикалық артроскопиясын, аяқ-қолдардың сынуы кезіндегі жабық аз инвазивті остеосинтез технологияларын, омыртқаны хирургиялық түзету мен бекітудің заманауи жүйелерін, басқа да озық тәжірибелерді қолданады. Медициналық оңалтуды заманауи жабдықталған бөлімшелерде өтеді. Осының бәрі облыс тұрғындарына қолжетімді, – деді бас травматолог.

Баяндамашы облыс трассалары бойындағы құтқару пункттеріндегі дәрігерлердің жұмысына жеке тоқталды. Айтпақшы, медициналық-құтқару пункттері облыстық денсаулық сақтау басқармасының қарамағында қала береді.

– Трассадағы медициналық-құтқару пункті бригадасының қызметкерлері жол-көлік апаты кезінде зардап шеккендерге, сондай-ақ амбулаториялық науқастарға, өтіп бара жатқан жүргізушілер мен жолаушыларға көмек сұрап жүгінетіндерге шұғыл медициналық көмек көрсетеді. Мұндай медициналық құтқару пункттері Ұлан ауданында – «Өскемен – Семей» трассасы бойындағы Привольное ауылында,  Жарма ауданында – «Алматы – Өскемен» трассасында (Аршалы ауылының жанында), сондай-ақ Бесқарағай ауданының Семеновка маңында және «Омбы –Майқапшағай» трассасында Қарабас ауылының жанында жұмыс істейді, сондай-ақ Жарма ауданында «Семей» жолдағы медициналық құтқару пункті бар және тағы бір пункт «Омбы – Майқапшағай» тас жолындағы Суықбұлақ ауылының маңында орналасқан, қызмет көрсету радиусы – 50 км, – деп түсіндірді Сергей Карасев.

Трассалық медициналық-құтқару пункттері жанындағы шұғыл көмек көрсететін бригадалардың құрамына алты қызметкер: дәрігер, фельдшер, фельдшер-диспетчер, құтқарушы-санитар, құтқарушы-жүргізуші және травматолог кіреді.

Дәрігерлерде авариялық-құтқару жабдықтары, оның ішінде электрокардиограф жиынтығы бар арнайы медициналық техникамен жабдықталған реанимобиль бар. Сондай-ақ жол-көлік оқиғаларында зардап шеккендерге білікті медициналық көмек көрсетуге қажетті дәрі-дәрмектердің барлығы бар.

Полиция департаментінде жолдардағы жазатайым оқиғалардың Өскемен, Риддер, Шемонайха, Алтай қалаларында, сондай-ақ Ұлан ауданында ең көп тіркелгенін айтты. Алайда жедел медициналық көмек мамандарының дер кезінде келмеуі болмаған.

Үйлестіру кеңесінің отырысында дәрігерлер көлік тәртібі мен балалар жарақатының алдын алу қажеттілігін ерекше атап өтті.

Облыстық еңбек инспекциясының өкілі мемлекет үшін де, жұмыс беруші үшін де орасан зор экономикалық шығындардың себебі болып табылатын және әлі де орасан зор адами трагедияға әкеліп соғатын өндірістік жарақаттану туралы баяндады.

 

Осы айдарда

Back to top button