Травматология мен ортопедияның болашағы
Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ
Тізе буынының алдыңғы крест тәрізді сіңір байламына артрокопиялық пластика қою – ортопедиядағы ең тиімді әдіс. Бұл жоғары технологиялы операция біздің өңірде әзірге сирек жасалады. Алайда жергілікті хирургтер мен травматологтар тізе буынына артроскопиялық пластика қоюды жетік меңгеріп, жарақат алған адамдардың қалыпты өмірге оралуына септігін тигізіп жүр.
Өткен жылдың соңында облыстық аурухананың хирургтеріне тізе буынына шағымданған екі жігіт пен бір қыз бірінен соң бірі келген. Жігіттер футбол ойнаған кезде жарақаттанса, қыз аяғын қайырып алған. МРТ жасағаннан кейін үшеуінде де тізе буынындағы сіңірлердің байламы үзілгені анықталды. Осылайша, зақымдалған сіңір байламдары ешқашан өздігінен қайта бітіп кетпейді. Хирургтер егер операция уақытында жасалмаса гонартроз болуы мүмкін, яғни буын мен буынның айналасындағы тіндердің бұзылуы ықтимал екенін айтады.
Қабыну ошағы жойылып, ісігі басылғаннан кейін пациенттерге аз инвазивті артроскопия әдісімен алдыңғы крест тәрізді сіңір байламының пластикасы жасалды. Диаметрі 0,5 см болатын бірнеше тілік арқылы буынға микрохирургиялық құралдар мен артроскоп-камерасы бар жұқа түтік түріндегі құрал енгізіледі. Осы құралдардың көмегімен басқа тілік жасамай-ақ зақымдалған сіңір байламы алынып, оның орнына жаңа байлам – сол адамның басқа сіңірлерінен жасалған фрагмент бекітіледі.
Бұл – өте күрделі ота және хирургтің арнайы білімі мен дағдысын, жабдықтар мен құралдардың болуын талап етеді.
Операциядан кейін бір ай бойы жігіттер ортопедиялық режимді қатаң сақтады – аяққа салмақ түсірмеді, содан кейін оңалту орталығында оңалтудан өтті. Жігіттерді қараған маман олардың жағдайы жақсы екенін, аяқтары ақсамайтынын және ауырмайтынын, біртіндеп қалыпты өмірге оралып келе жатқанын айтты. Ал қыз әлі де оңалтудан өтіп жүр.
Құны шамамен 800 мың теңге болатын жоғары технологиялы ота емделушілерге МӘМС есебінен тегін жасалғанын айта кеткен жөн.
Облыстық ауруханада бұл операциялар 2015 жылдан бері жүзеге асырылып келеді, жыл сайын 30 науқасқа дейін ота жасалады. Жарақаттанушылар негізінен белсенді жастағы жастар, көбінесе спортшылар. Қазіргі уақытта оларға әдеттегі өмірге, спортқа толықтай оралуға тек осы операция көмектеседі.
– Көршілес аймақтарда мұндай оталар көбінесе шеберлік сабақтары аясында жасалып жүр. Ал бізде айтарлықтай тәжірибе жинақталды және біз осымен тоқтамаймыз. Өйткені бұл – өте тиімді әдіс. Травматология мен ортопедияның болашағы – осындай әдісте. Біз жыл сайын тағылымдамаларға, шеберлік сабақтарына, түрлі оқытуларға барып, біліктілігімізді үнемі ұштап келеміз, – деді облыстық аурухананың травматолог дәрігері Айдос Құнияров.